Сәрсенбі, 28 Тамыз 2019 18:37

Түркістан облысы: Отырарлық шаруалар тұзданған топырақтан мол өнім алып отыр

Тұзданған топырақтан да мол өнім алуға болады. Ол үшін агротехникалық талаптарды сақтап, диқаншылықты ғылыммен байланыстыру керек. Бүгінде осы талапты Отырар аудандағы 10-нан астам шаруа қожалығы сақтап отыр. Нәтижесі жаман емес. Енді сол тәжірибені аудан аумағында толық қолдану үшін аймақта шаруалардың дала семинары ұйымдастырылды. Оған жер емген жандар мен Алматыдағы топырақ институтының мамандары қатысты. 

Кезекті семинарда соры бетіне шығып, өнім аз беретін жерлерден қалай мол өнім алуға болатыны түсіндірілді. Ол үшін ғалымдар арнайы жүргізілген тәжірибе қорытындыларын көрсетті. Айтып өтейік, топырақ институтының мамандары 2013 жылдан бері Отырар ауданында жұмыс істеп келеді. Міне, сол уақыттан бері көптеген шаруалармен бірлесіп, жұмыс істеді. Нәтижесінде тұзданған жерді қалпына келтіре отырып мол өнім алуға болатынан көз жетті.

«Биыл Алматыдағы Оспанов атындағы топырақтану институтымен бірлесіп, ғылымға негіздей отырып жұмыс істедік. Бұл институтпен біз 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Басты мақсат – шаруаларға үйрету, кеңес беру, тұзданған топырақтан мол өнім алуға болатынын көрсету» дейді Отырар аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Сыздық Батырбек.

Соңғы уақытта Отырарда ғылыми әдісті қолдана отырып жүгері егетіндердің қатары көбейіпті. Мәселен биыл аймақтағы 33 мың гектар жерге соқа тисе, соның соның 33 пайызына жүгері дәні себілген. Сонымен қатар жүгері егілген алқаптың басым бөлігіне топырақтың тұздануын төмендететін тәсілдер қолданылған. Енді алдағы уақытта осы әдісті аудан аумағындағы барлық соры шыққан жерлерге ендіру ісі қолға алынбақшы. Ол үшін Отырардан топырақ институтының арнайы зертханасын ашу жоспарланып отыр.  

Бұл туралы Отырар ауданының  әкімі Әбдіғали Жүнісов былай дейді: «Алдағы уақытта ауданның суармалы жерлерінен тұзданған немесе шөлейтті жерлерді тәжірибеге беріп, сол жерлерді әр ерекшеліктеріне байланысты, топырақтың құнарлылығына байланысты жасалатын тиімді агротехникалық жолдарды шаруаларға үйрету ісін қолға аламыз».

Атап өтерлігі, кезінде жүгері өнімін өндіруде еліміз бойынша көш бастаған Отырар ауданында соңғы жылдары жердің тұздануына байланысты өнім көрсеткіші төмендеді.Егістік көлемі де азайып кеткен. Енді, міне, ғылыми тәсілдерді ендірудің арқасында жүгері алқабы қайта ұлғайып келеді.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1236 рет