Салтанатты шарада аудан әкімі М.Отаршиев: «Бүгінгі таңда аудан экономикасының негізгі тірегі ауыл шаруашылығы саласы болып отыр. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жылдан-жылға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жоғары нәтижелерге қол жеткізудеміз. Осы жеңістердің барлығы диқаншылар – Сіздердің ала жаздай еткен еңбектеріңіздің нәтижесі» - деп, жоғары көрсеткiшке қол жеткiзген шаруаларды арнайы алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ салтанатты шараға аудандық мәслихаттың хатшысы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысып, барша ауыл шаруашылығы саласының мамандарын мерекемен құттықтап, ауданның ауыл шаруашылығы саласында сіңірген еңбектері мен жоғарғы деңгейдегі атқарылған жұмыстары үшін диқандарды және осы салада қызмет атқарып жүрген мамандарды арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Салтанатты іс-шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының ән-шашуымен жалғасын тапты.
Биыл аудан диқандарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде ауданда ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 66 млрд. 695 млн. теңге болып, былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 105,9 пайызды құрап отыр. 2019 жылы аудан бойынша 65594 гектар жерге егіс егіліп, бүгінгі таңға осы егіс алқаптарында өндірілген өнім толық жинап алынды. Сонымен қатар биыл аудан егін және мал шаруашылығы саласында облыс көлемінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.