Жұма, 13 Наурыз 2020 20:05

Түркістандағы құрылыс қарқыны Еуроодаққа мүше мемлекеттердің елшілерін тамсандырды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен арнайы келген Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер Елшілерімен кездесті. Түркістан облысының таңғажайып табиғаты мен терең тарихына қаныққан қонақтар облыстың экономикалық және туристік әлеуетімен таныс болғанын атап өтті.

«Қысқа уақытта орын алған ауқымды өзгерістерді көріп, қатты тамсандық, таңырқадық. Мұндайғы құрылыс қарқынынан үлкен әсер алдық. Расында, атқарылған жұмыс нәтижесі таң қаларлықтай. Бұл үлкен керемет жетістік. Қырауар тірліктің жүріп жатқанына куә болдық. Әуежай құрылысы мен әлеуметтік-мәдени нысандардың бой көтеріп жатқанын тамашаладық. Біз сіздермен тығыз байланыста жұмыс жасауға қызғушылылық білдіреміз»,-деді Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Свен-Олов Карлссон. 

Басқосуда ынтымақтастық бағыттары талқыланып, қарым-қатынасты нығайту жайлы ұсыныстар ортаға салынды. Өнеркәсіп, энергетика, инвестиция, туризм, экология мен су шаруашылығы салалары бойынша мәселелер талқыланды.

«Түркістан облысында Еуродақ елдерінен Eni, Urbasolar секілді белді компаниялардың қатысуымен 8 жоба жүзеге асуда. Олар - Отырар ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асқан күн электр стансаларының құрылысы. Біз барлық бағыттар бойынша ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайынбыз. Аймақтың әлеуетін, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақтың тығыз қарым-қатынасын ескере отырып, біз инвестициялық жобаларды қолға алуға шақырамыз. Менің атымнан сіздерге жан-жақты қолдау көрсететінімізге сендіргім келеді»,-деді облыс әкімі кездесу барысында.

Германия, Хорватия, Словакия, Чехия, Австрия, Румыния, Финляндия елдерінің Қазақстандағы Елшілері сапар барысында еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы Түркістан қаласын, XV ғасырда Қ.А.Ясауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап, ғажайып «Тайқазан» мен ел тарихымен танысып, ерекше әсер алғандарын айтты. Өмірзақ Естайұлы күллі түркі халықтарына ортақ, «Екінші Мекке» атанған қасиетті өңірдің тарихы туралы, әйгілі Әл-Фараби ғұламаның рухани еңбектері мен Ислам дінін таратушы философ Қожа Ахмет Ясауи жайлы, Әмір Темірдің пәрменімен салынған Арыстан бап, Ясауи кесенесі жайлы жан-жақты тоқталды. Кездесу соңында екі жақ сыйлық алмасты.

Айта кетейік, 1 наурыздан бастап  Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. Ал, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде бірінші болып осыдан бес жыл бұрын Еуропалық Одақпен келісімге қол қойған болатын. Келісім 29 саладағы ықпалдастық аясын кеңейтіп, ЕО мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі, жұмыспен қамту, еңбек қатынастары, мәдениет, білім және ғылыми зерттеу салаларындағы ықпалдастыққа жол ашты.

 

Оқылды 530 рет