Жұма, 20 Наурыз 2020 13:01

Түркістандағы түйе сүтін өңдеуші зауыт 13 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады

   

Түркістан облысында түйе шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артуда.Өткен жылы Түркістан қаласында іске қосылған «Golden Camel» зауыты алғашқы өнім жинағын Қытай еліне экспортқа жөнелтті.

 2018 жылы Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының ынтымақтастық меморандум шеңберінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 6,9 млрд.теңгені құрайтын «GOLDEN CAMEL GROUP LTD» ЖШС-нің «Түйе сүтін қайта өңдеу зауыты» инвестициялық жобасы жүзеге асырылған болатын.  

  Қазіргі таңда кәсіпорын 5 сүт қабылдау бекеттері (Созақ Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласы) арқылы 20 шаруа қожалықтарымен келісім шартқа отырып, тәулігіне  5 тонна түйе сүті қабылдауда. Түйе сүтін қабылдау бағасы 1000 теңгені құрайды.

    Сондай-ақ, кәсіпорын «1000 басқа арналған сауынды түйе кешенін салу» жобасын іске асыруды қолға алды. Жобаны іске асыруға Кентау қаласы және Бәйдібек, Созақ, Отырар аудандарынан жер телімдері қарастырылуда.

     Жуырда ғана «GOLDEN CAMEL GROUP LTD» ЖШС-нің Қытай Халық Республикасына алғашқы түйе сүтінен дайындалған 13 тонна дайын ұнтақ өнімін экспортқа шығару іс-шарасы өтті.

     Жалпы өңірде түйе шаруашылығын дамыту бойынша іс-шаралар жоспары нәтижелі жүзеге асырылуда.Осы мақсатта, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тікелей бастамасымен «Түркістан облысында түйе шаруашылығын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары» қабылданды. Нәтижесінде биылғы жылдың өзінде  Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында қосымша  3 962 аналық бас түйе сатып алынып, сүттің көлемі 14 250  тоннаға,  яғни кәсіпорынның қуаттылығын 15 %-ға ұлғайтуға қол жеткізіледі.

     «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында түйе шаруашылығын кеңейту жобасында жылдық 6%-бен несиелендіру жолдары қарастырылған. Жобаның өзін-өзі ақтау уақыты 8-9 ай көлемді құрайды.

    

Оқылды 655 рет