Қазір өңірде көктемгі дала жұмстары қыза түскен. Жер айдау жұмыстары толық аяқталып, тұқым себу науқаны жалғасып жатыр.
Диқандар дала төсінде тынымсыз еңбек етіп, көктемнің әр күнін тиімді пайдалану үшін барлық мүмкіндікті жасауда. Бұрын бұл жерлердің барлығы каналмен суғарылатын. Жаз айларында тіршілік нәрі жетпей, шаруалар судан таршылық көретін. Қазір диқандар мұндағы мың гектар жер алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясын пайдаланып жатыр. «Бұл біріншіден, суды үнемдесе, екіншіден, дақылдар суды қанып ішеді. Ысырапқа жол берілмейді. Өнім де бітік шығады», - дейді мамандар. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын 825 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Оның 503 мың гектарына жаздық дақылдар егіледі. Бүгінге дейін шаруалар соның 160 мың гектарын егіп үлгерген. Егістікті әртараптандыру мақсатында биыл мақта дақылы 12 мың гектарға қысқартылып отыр. Есесіне жылына 2-3 өнім алу жобасы жанданып келеді.
«Бүгінгі күні облыста өндірілген 67 тонна қырыққабат, 444 тонна қызанақ және 453 тонна қияр Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Қарағанды қалаларына жөнелтілді. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына 37 мың тонна жанармай бөлінді. Одан басқа шаруаларға 93 мың тонна минералды тыңайтқыш таратылып берілді»,-дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.