Сенбі, 10 Наурыз 2018 15:06

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін басқаруға кім лайықты?

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Жұмахан Мырхалықов былтыр сәуір айында пайғамбар жасқа толған-тын. Алайда Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Жұмекеңнің еңбегін бағалап, ғалымдығына құрметпен қарады ма, зейнетке шыққан бетте-ақ иығына шапан жауып, арқасынан қағып шығарып салуды кейінге қалдырды. Соңыра «Келісімшартты бір жылға созыпты» деп естідік. 

Әйткенмен, қаншалықты рас-өтірігін білмедік, соңғы күндері «Келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты Жұмахан Үшкемпірұлы қызметінен босапты. Енді оның орнына конкурс басталыпты-мыс» деген әңгімелер желдей есіп тұр. Тіпті ректорлыққа үміткерлердің қатарында Оңтүстікке танымал біраз азаматтардың есімдері атала бастады.

Мәселен, бірқатар жұртшылық тарихы терең, іргелі оқу орнының басшысы ретінде Қайрат Балабиевті лайық көреді екен. «Халық айтса, қалып айтпайды», оның үстіне ол кісінің өмірбаяны да ректорлыққа сұранып-ақ тұр. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен заңгерлік мамандықты игеріп шыққан Қайрекең еңбек жолын прокуратура саласынан бастаған. Заңның орындалуын қадағалаушы органда тер төккен жиырма жылға жуық уақытта Қайрат Рахымұлы Мақтаарал ауданының, Шымкент қаласының прокуроры, ОҚО мен Жамбыл облысы прокурорының орынбасары сынды жауапты лауазымдарды атқарды. Қазақ мемлекеттік заң академиясына қарасты түрлі құрылымдарда басшылық жасаған жылдар да – өз алдына бір төбе. Ғылыми атақ-дәрежелерден де кенде емес: заң ғылымдарының докторы, профессор. Оңтүстікқазақстандықтар бұдан бөлек Қ.Балабиевті өте табысты кәсіпкер ретінде де таниды. Ал осыдан екі жыл бұрынғы саяси додада Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. 2016 жылдың қарашасынан күні бүгінге дейін – облыстық мәслихаттың хатшысы.

Жас мөлшері тұрғысынан үңілсеңіз де, Қайрекең тұғырынан тайып тұрған жоқ. Бүгінде 53-ке қадам басып, ел ағасына айналған шағы.

Айтпақшы, таяуда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясын белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжановтың сатып алғанын ескерсек, алда-жалда ОҚМУ да саудаға шығарылса, Қ.Балабиевтің де бұл білім ордасын жекешелендіріп алуға қауқары жетуі ықтимал екенін жоққа шығаруға болмас.   

Сонымен қатар кейбір сәуегейлер «М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Оқу және оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Қанат Байболовтың да ректор болуға мүмкіндігі бар» деседі. 1966 жылдың 6 тамызында Бәйдібек ауданының Бәйдібек ауылында кіндік қаны тамған ол – Қазақ химия-технология институтының (аталмыш университеттің бұрынғы атауы) 1990 жылғы түлегі. Инженер-құрылысшы. Ал 2006 жылы Алматы экономикалық университетін тәмамдаған. Яғни екінші мамандығы – экономист. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент. Еңбек жолын осы оқу орнында «Үй мен ғимараттар архитектурасы» кафедрасында инженер болып бастаған Қанат Сейітжанұлы осында аспирант атанды, оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан секілді қызметтік сатылардан өткен. 2010 жылдан бері қарай проректорлық лауазым бұйырыпты.

Бір қызығы, жорамалшылардың арасында Ж.Мырхалықовқа қимастықпен қарайтындар да табылады. «Конкурсқа түсіп, қайта оралады екен» дейді ол тарап.

Ал Сіз қалай ойлайсыз? Ректорлыққа кімді лайық көресіз?

Сөз орайы келгенде айта өтейік, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-не іргелес жатқан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін Оңалбай Аяшев басқарады. Биыл 68 жасқа толатын азаматтың аталмыш  оқу орнының тізгінін ұстағалы да 7 жылға жуықтап қалыпты.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.  

Оқылды 5864 рет