Дүйсенбі, 22 Қазан 2018 21:02

Ж.Түймебаев: «Облыста күрделі жөндеуге байланысты жұмыс 100 пайызға атқарылды»

Қазанның 9-ында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде білім берудің өзекті мәселелері қаралды. 

Жиында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев күн тәртібіндегі мәселе мен Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында мектепте, мектепке дейінгі және жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру туралы берген тапсырмалары туралы баяндады. Нақтырақ айтқанда, еліміздің бас ұстазы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында 3-6 жас аралығындағы балалар 93 пайызға қамтылғанын айтып, балабақшаларға жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі 69,5 пайызға орындалғанын жеткізді. Ал орта білім беру жайы бойынша апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелерін шешу мақсатында бүгінде республика бойынша 60 мектеп салынып жатыр. Осы сынды саладағы бірқатар өзекті жайттар бойынша атқарылған жұмыстар мен ұсыныстарын ортаға салған Е.Сағадиев отырыс барысында қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары туралы баяндады. 

Мәселені қарау барысында өңірлерде білім беру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, үш ауысымда оқытуды азайту және жаңа мектептер салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та баяндама жасады. 

"Облыста күрделі жөндеуге байланысты 100 пайыз жұмыс атқарылды. Ол жағынан кемшілік жоқ. Алайда, қамтамасыз ету мәселесінде өзекті мәселелер жетерлік. Өйткені, жалпы биылдың өзінде 1-сыныпқа 37 мың бала барып отыр. Былтырғыға қарағанда 8 мың балаға көбейді. Ал 10-сыныпта балалардың саны былтырғыға қарағанда 12 мыңға көп. Яғни, бұл біздегі демографиялық жағынан өсім жағдайын ескере отырып, бізде әрқашан, жыл сайын осындай қиыншылықтар туып тұрады. Әрине, бұл мәселелерді біз өз тарапымыздан шешуге тырысып жатырмыз. Үкімет тарапынан беріліп жатқан қаржылардың есебінен де көптеген мәселелер шешіліп жатыр", - деді Ж.Түймебаев.

Селекторлық отырыста сонымен бірге аймақ басшысы біздегі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтамасыз ету 89,4 пайызға орындалғанын жеткізіп, межеленген жоспарға жыл соңына дейін қол жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Бүгінгі таңда өңірімізде 1368 балалар бақшасы болса, оның 564-і мемлекеттік, 804-і жеке меншік. "Балапан" бағдарламасы бойынша қолға алынған шаруаға жергілікті іскер азаматтар белсенді қатысып жатқанын мәлімдеген өңір басшысы жыл соңына дейін 32 жеке балабақшаның пайдалануға берілетінін жеткізді. Ал апатты және үш ауысымды жағдайдағы білім ошақтарының жағдайы аясында жаңа жылға дейін 3 апатты мектеп пен 3 ауысымды мектептің мәселесі шешіліп, халық игілігіне берілмек. 

Мұнан бөлек, отырыста, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері де өңірлердегі салалық жағдайды баяндады. 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 902 рет