Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – асық ату. Ұлттық ойындарымыздың бірі болған асық ату биыл бірінші рет Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қатарына енді. Бүгін де асық жиған бала қатары азайса да, ұлттық ойынның мәртебесі түскен жоқ. БұғанАстанада өткен 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында бұл спорт түрінен додаға түскен құраманың жеңіс тұғырынан көрінгені дәлел. Ұлттық ойынды дәріптеп жүрген шымкенттік Нұрқисса Молжігітовтың бұл бағыттағы жеткен жетістігі аз емес. 1983 жылы туылған спортшы Асық атудан ҚР спорт шебері, Асық атудан ҚР Чемпионы, Халық ойындарының жеңімпазы.
Сөзінше, ауыл баласының ермегі асық болған соң, бұл ойынды ойнап өсіпті. Бірақ, қызығушылығы болмаған. Сондықтан болса керек, күреспен айналысыпты. Дегенмен, інісі Нұрқанат Молжігітовтың үгіттеуімен спорттың осы түрімен айналысуға бел буады. Және осы жолды таңдағанына өкінбейді. Себебі, осы бағытта жеткен жетістіктері аз емес.
Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының спортшысы Нұрқисса бүгінде ұлттық спортты, соның ішінде асық ату ойынын насихаттаудан жалықпайтынын айтады. Және өскелең жас ұрпақтың телефон ойнағаннан асық ойнағаны мың есе жақсы дейді.
Клубының оқу ісі жөніндегі орынбасары Талапбек Қыпшақбаев асық ату спорты соңғы жылдары өте қатты қарқынмен дамып жатқанын айтады. Оған дәлел еліміздің 19 республикалық маңызы бар қалалары мен облыстарында (ШҚО-дан басқа) федерация жұмыс жасауы және командалар жасақталуын ерекше атап өтуге болады.
«Жыл сайын 6 жас ерекшелігі бойынша (балалар, кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер) асық атудан Қазақстан Республикасы чемпионаты өтіп тұрады. Аталған чемпионаттар қорытындысы бойынша 1,2-орын алған спортшылар ұлттық құрама тізіміне енеді. Сондықтан құрамаға кіруге мүмкіндіктер бар»,-деді ол.
Спорт бөлімінің жаттығу залы қаладағы нөмірі 72, 68 және 90 мектептерде орналасқан. Клубта 100 спортшы мен 3 жаттқтырушы бар.
Нұрқиссаның інісі Нұрқанат Молжігітов сол жаттықтырушылардың бірі. Асық атудан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Асық атудан Әлем кубогінің жеңімпазы, ҚР Чемпионы Нұрқанат Молжігітов та V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты. Ол асық атудың ОРДО түрінен командалық ойында 2-орынды (күміс) иеленді.
Оның айтуынша,Асық ату, бес асық және ордо бойынша ұлттық құрама жасақталды. Ақпан айынан бастап көшпенділер ойындарына дайындық жүргізілді. Ұлттық құрама Щучинск қаласында орналасқан Қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығында жыл басынан бері 4 рет оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Одан бөлек Алматы қаласында, Түркістан облысында және Қырғызстанда оқу-жаттығу жиындары өткен. Қорытынды жиын көшпенділер ойындарының алдында Астана қаласында жалғасқан. А
«Aq-qara.kz» анықтамалығы:
Қазақ халқының ұлттық ойыны — асық ату дәлдікке, ептілікке, ұстамдылыққа баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық — алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны немесе ірісі — сақа, жақсылары оңқы аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар,тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б. Мысалы, құмар ойынға 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша, ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат — көп асық ұтып алу. Ойыншылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған басқа да түрлері бар.
Ертеде бай-бағландардың балалары арқардың асығын ұстаған. Ол тиісінше салмақты, ірі, көрнекті болған. Сол уақытта қарапайым ұл-қыздар әлгілерге қаратып: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса — сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса — аға тұт» деген мақалды шығарған деседі…
Айта кетейік, асық — төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан, бір пішіндес келеді. Ал жылқы асығы басқаша болады.