Сейсенбі, 10 Қыркүйек 2024 18:22

Түркістанда 9-10 сынып оқушылары арасында қалалық пікірсайыс турнирі өтті

Түркістан қаласының білім бөлімі мен облыстық білім беруді дамыту орталығының жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының қолдауымен 9-10 сынып оқушылары арасында бөлімге қарасты Қ.Сәтпаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектебінің базасында қалалық пікірсайыс турнирі өтті.

Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заман талабына сай бейімдеуді мақсат еткен турнирге бөлімге қарасты 34 мектептен 22 фракция қатысып, ой ұшқырлықтарын көрсетті. Нәтижесінде «Қазақ лигасынан» Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің «Ел ертеңі» фракциясы І орынға ие болса, «Орыс лигасынан» Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының «Жарқын болашақ» фракциясы жеңіске жетті.

Ал, «Ағылшын лигасында» М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының «Rise» фракциясы жеңімпаз атанып, облыстық турнирге жолдама алды. Барлық жеңімпаздар бөлімнің марапатына ие болды. Пікірсайыс соңында Түркістан қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Искакова қорытынды сөз алып, қатысқан командаларға алғысын жеткізді.

Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жас буын екені айтпаса да белгілі. Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман екенін көпшілік сезіне бастады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде Қазақстан сияқты жас мемлекеттің ары қарай дамуы үшін өз болмыс-бітімін, ана тілін, ұлттық рухын сақтай отыра қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге шақыру аса маңызды.

Пікірсайыс (дебат) – бұл негізгі ережелері бойынша жүргізілетін дисскусияның негізгі формасын ұсынатын интеллектуалды, ұтымды ой, үздік образ, шешендік сөздер тудыратын, ораторлық қабілет пен ойлау жүйесін дамытатын дарындылар ойыны, тұжырымды ой түйісетін, салиқалы пікір айтылатын жиын. Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін өзіндік көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды болып табылады.

Қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, топпен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы. Ойынға қатысушылар үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады.

Пікірсайыс – жетістікке жетудің бірден бір құралы. Ойды жүйелеп, өткір сөйлеп қана қоймай, тыңдап, талдап, эмоцияны ақылға билету, мәселенің мәнін ашып, әр тарапты түсіну мүмкіндігін де береді. Сонымен қатар ол – тәртіп пен тәрбие. Бұл ойында пікір таластыра, сөз жарыстыра отырып, тәртіп сақтауды үйренесіз. Дебатқа қадам басқан күннен бастап сөйлеу әдебіңіз сыпайылық түріндегі «Сіз» сөзіне ауысып, айналаңыздағы адамдарға «ханым, мырза» –деп құрмет көрсетуге дағдыланасыз. Ойында қарсылас болсаңыз, өмірде дос болуға ұмтылдыратын тәрбиелілік пен ізгіліктің бастауына ұмтылдырады. Ойын барысында ойыңызды тура жеткізуге, нақтылыққа, жүйелілікке, айтылған қарсы пікірге қарамастан өз ойыңыздың дұрыстығын дәлелдеуге үйренесіз. Бойыңызда білімділік, батылдылық секілді қасиеттер мен көпшілік алдында әдепті сөйлеу дағдысы қалыптасады.

Пікірсайыс — мақсатты, ретке келтірілген көзқарас, пікір мен идея алмасу. Әлемдік тәжірибеде жастардың дебат қозғалысы ерекше әлеуметтік құбылыс саналады. Халықаралық мектеп лигасы дебат қауымдастығына 50 ел кіреді. Дебат саясат, бизнес, әлеуметтік қызмет, білім беру, психология және тағы басқа салаларда қолданылады.

Жоғарғы сыныптың оқушылары арасында пікірсайыс өткізудің ең көп таралған форматтарының бірі — 1993 жылы «Ашық қоғам» институты құрған Карл Поппер атындағы дебат. Тұлғаны жан-жақты дамыту мен ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында Францияда және басқа еуропалық елдерде балалар мен жастар арасындағы дебат кеңінен қолданылады. Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия және тағы басқа елдердің оқу орындарында ашық қоғамда белсенді азамат қалыптастыру мақсатында «Дебат» бағдарламалары құрылған. Пікірсайыс Қазақстанда гуманитарлық білімді жаңарту мен өзгерту мақсатында 1996 жылғы сәуірде «Сорос-Қазақстан» қорымен басталды.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қазақстандық педагогтар арасында жүргізген сауалнамасының нәтижесінде оқушылардың адамдармен қарым-қатынас жасауында, байланыс орнатуында кінәрат бары анықталды. Пікірсайысқа қатысушылардың 69%-ының коммуникатив құзыреттілік деңгейі, атап айтқанда, танымдық және мотивациялық компоненттері жеткіліксіз деңгейде болса, 29%-ында орташа және тек 2%-ында ғана жоғары екені байқалған. Жоғарғы сынып оқушыларының 19%-ында ғана адамдармен тез қарым-қатынас орнату қабілеті болған.Қазіргі уақытта мектепішілік пікірсайыс қозғалысын дамыту — өзекті мәселе. Себебі оқушылардың бойында саяси мәдениетті, өз әрекеті үшін өзі және қоғам алдында жауапкершілікті, шығармашыл және сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет.

Ежелден ата-бабаларымыз сөз өнерін бәрінен биік қойған. Шешендік өнерді аса қатты бағалаған. Сол дәуірдегі атақты шешендердің, билердің айтқан өткір де уытты сөздері, тоқтамдары бүгінгі күнге дейін өшпейтін қазына. Дана да дара бабаларымыздан қалған үлкен мұралардың бірі - пікірталас мәдениеті.

Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда шешендік өнер, келіссөз жүргізу тәсілдері, пікірталас өнері сұранысқа ие, алға қарай дамуды қажет етіп тұр. Жас ұрпақты, білім ордасындағы шәкірттерді баулуымыз керек өнер, дағды ол – дебат, яғни, пікірсайыс.

Біріншіден, пікірсайыс жастарды көшбасшылыққа апаратын даңғыл жолдардың бірегейі. Ел ертеңі болатын оқушылардың өз ойын ашық білдіріп, еркін сөйлеуі өте маңызды. Оларға қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық маңызды мәселелерді талдап, түсіне алу қабілеті қажет. Пікірсайыс оқушыларымызды ұтқыр ойлы, саяси сауатты, нағыз интеллигент болуға баулиды. Жеке тұлға ретіндегі қарым-қабілеттерін кеңейтеді.

Екіншіден, оқушыларды оқытудың жаңа үлгісі - пікірталас әдісі. Пікірталас-дидактикалық ізденістің маңызды саласы. Коммуникативті пікір алмасу үлгісі жөніндегі негізгі қағидалар мен тұжырымдарды, әдістемелік нұсқалауларды басшылыққа алып, оны кез-келген пәнді оқытуда оқыту құралы ретінде пайдалану жақсы нәтижеге қол жеткіздіреді. Пікірталас оқушының жетекшілік позициясын нығайтып, сыныпта өзара ашық қатынастарды қамтамасыз етіп, бірлесіп білім алуда жауапты іс-әрекет жасауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлерді қатар қою, салыстыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірін дәлелдеу. Осы тұста әрбір оқушы пікірталас мәдениетін игеретін болса, болашақта өзінің жігерлі ой-пікірін, бағасын, дүниетанымын еш қиындықсыз аудитория алдында жеткізетініне куә бола аламыз.

Жоғарыда атап айтқанымыздай, бүгінгі күні мектеп оқушылары арасында дебаттық қозғалысты дамыту кейінге ысыруға болмайтын ерекше маңызға ие бірден-бір қозғалыс. Қазіргі сәтте оқушылар дебат өнері жайлы хабарда болуы үшін, игерулері үшін "білім және ғылым министрлігі" өз тараптарынан қажетті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Пікірсайыс немесе дебат грек тілінен «оқимын», ал француз тілінен «талқылау» деген мағынаны білдіреді. Дебат – аргумент арқылы жеңу. Онда қарсы тараптар қоғамды өз сөзіне сендіруі керек. Пікірсайыста маңыздысы – аргумент, бірақ әр түрлі риторикалық әдістер, аудиториямен жұмыс жасау қабілеті ескеріледі. Ол – шешендік өнердің бір түрі, риториканың бір бөлігі. Демократиялы елдерде Президент сайлауы пікірсайыс арқылы өтеді. Пікірсайыс – белгілі ереже бойынша қарсы тараптың өз позициясын қорғап, көпшілік алдында сөйлеуі. Ол ораторлық қабілет пен ойлау жүйесін дамытады.

Пікірталас мәдениетін игеру оқушының сөйлеу мәдениетін, өзіндік ой-пікірін ашық айта білу, баяндау шеберлігін, шығармашылығын арттыра отырып, пікірталас мәдениеті сырларын меңгеруге ықпал жасайды. Білімді, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, сөйлеу мәдениеті жоғары жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Алған білімдерін өз бетінше жұмыста қолдана алуға жағдай жасайды. Өмірдегі әр сәтке байыппен қарауға үйретеді.

Өзгермелі заман талабына білім ордалары да ілесе алуы тиіс деп санаймын. Координатор ретінде барша мұғалімдер қауымы шәкірттеріміздің пікірталас мәдениетіне оң баға беріп, оңтайлы пайдала алуларына атсалысу керек. Ұстаз - қоғам айнасы, шәкірттердің нағыз патриот, ұлтжанды, көсем болып ержетулеріне бірден-бір себепкер тұлға.

Адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі-қолбасшылық, екіншісі-шешендік» - деп ұлы шешен-ділмар М.Т. Цицерон айтып кеткендей, жеке пікірдің қалыптасып, жеткізе білудің өзі – үлкен өнер. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, көркемсөзді келістіре айту – кез келген жанның бойынан табыла бермейтін қасиет екені анық.

Бугінгі уақыт талабы әр адамның өз көзкарасын, пікірін қорғай білуін, өз ойын дұрыс дәлелдей алуын қажет етеді. Демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі - сөз еркіндігінің өріс айтқысы алуы. Бірақ бұл кім не келсе, соны айта берсін деген ұғымды білдірмейді. Керсінше, өзінің айтары бар, жеке ой-пікірлері ұтымды, қоғамдық көзқарасы қалыптасқан адамдарға, топтарға өзін танытуға мүмкіндік беру дегенді меңзейді.

Бүгінгі осындай мақсатта, яғни сөз саптауын, өз ойын тыңдармандар алдында еркін әрі ашық жеткізе білуді үйрету мақсатында көптеген орталықтар жұмыс жасайды. Ондай орталықтарды әдетте ораторлық клубтар деп атайды. Қазір елімізде одан бөлек жастар арасында білім мен интеллектуалдылықты сонымен қатар, ораторлық қабілеттілікті ұштастырып дамытатын "пікірсайыс" өнері де жедел дамып келеді. Пікірсайыс- белгілі тақырып көлемінде арнайы ережелермен шектелетін, сөз жарыстыру, білім таластыру өнері. Пікірсайыс тариxи бастауын көне антикалық дәуірден алады. Бұл шешендік өнер шаруашылық және саяси өмірде маңызды рөл атқарған. Бұл интеллектуалды сайыс көбінесе студенттер мен оқушылар арасында кеңінен таралған. Сондай-ақ оның бірнеше форматы да бар. Қазақстанға пікірсайыс ең алғаш 1995-1996 жылдары келді. Содан бері бұл сайыс түрі жастар арасында қызығушылыққа ие болып келеді.

Пікірталас – жастарды көшбасшылыққа баулудың бір жолы. Жеке тұлға болып қалыптасу үшін де жеке пікір болу керек. Ал жеке пікір айта білу мен ойыңды орынды жеткізу үшін пікірталас жарыстарына қатысқан абзал. Пікірталас жеке тұлғаның танымын кеңейтеді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді. Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін, мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады. Ал пікірталас жарыстарына қатысқанда ескерер жайттар болады.

1. Пікірталаста ой мен сөздің бірлігі – жеңіске жеткізетін құрал. Бәрінен бұрын пікірталастың тақырыбына қатысты ұғымдарды анықтап алып, қажетті сөздер мен терминдерді дәл тауып қолдану қажет. Әсіресе ғылыми терминдерді шектен тыс қолданбаған жөн. 2. Пікірталасқа түскендердің бәріне бірдей қолданылған сөздер түсінікті болуы қажет. Кейде көпмағыналы сөздердің әсерінен түсінбестіктер орын алуы мүмкін. Сондықтан көпмағыналы сөздерді дұрыс іріктеп қолданбау сөйлеудегі қателікке ұрындырады. Сондықтан кейбір жағдайларда сөзді қандай мағынада жұмсап тұрғаныңды айтып қойған да жөн. Сөз мағыналарымен жұмыс істеу мақсатында түсіндірмелі және этимологиялық сөздіктерді жиі қолдану қажет. 3. Пікірталаста барлық пікірге бірдей қарсы шыға беруге болмайды. Кейде қарсыласыңның келтірген дәлеліне келіскен де дұрыс. Бірақ келісе отырып, ол дәлелдердің пікірталас тақырыбына тікелей қатысы жоқ екендігін түсіндіре алу қажет. Сөйтіп, өз көзқарасыңның дұрыстығын қорғай алу қажет. Егер қарсы жақтың келтірген дәлелдері ақылға сыйымды, орынды болса, оған қарсы шығудың керегі жоқ. Қасарысқан қыңырлық еш уақытта пікірталасқа нәтиже бермейді. 4. Пікірталас мәдениетінде қарсыласыңды құрметтеу, пікірін сыйлау, оны сабырлықпен тыңдай білу керек. Оның дәлеліне нанымды дәлелдермен тойтарыс беруге болады, бірақ дөрекі сөздермен, мазақ күлкімен жәбірлеуге, дауыс көтеріп ұрысуға мүлдем болмайды. Өзгелердің көзқарасын құрметтей білу – ойлы, ақылды, білімді адамдардың ісі. 5. Пікірталаста қызбалыққа салыну орынсыз. Эмоцияға берілген адам қарсы жақтың пікірін түсінуге, тыңдауға құлықсыз болады. Керісінше, салқынқанды, сабырлы, өзін-өзі ұстай алатын адам әр уақытта жеңіске жетеді. Себебі ол анық, айқын, байыпты ойлай алады. Сондықтан сабырлылықты пікірталаста сақтай білу – сайысшы үшін маңызды қасиет. 6.  Көпшілік алдындағы сөз секілді, пікірталастағы сөздің күші – әсер ету мүмкіндігінде. Ол неғұрлым айқын, неғұрлым нақты болса әсер ету күші де соғұрлым күшті болады. Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы – ой айқындылығының басты шарттары. Сондықтан пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білу керек. 7. Пікірталаста ойды анық жеткізудің басты тәсілі – сөздің грамматикалық құрылысын меңгеру. Грамматиканың заңдылықтарын игеру сөйлемді мақсатына сай құру үшін керек. Ойды жеткізу тәсілдерін мәтінмен жұмыста үйренуге болады.

Ақиқат пен шындықтың аражігін ажыратып, өзекті мәселелердің басын ашумен қатар, олардың шешімін табуда дебат маңызды рөл атқарады. Толеранттылық, әдеп пен логикалық шеберлік, қырағылық іспеттес адам бойындағы асыл қасиеттердің қалыптасуына үлес қосатын жарыссөздің басқа да берер мүмкіндігі көп. Зияткерлік ойлау қабілетті арттырып, жағдайды сыни көзқараспен талдауды үйретеді. Елімізде 4 мыңнан астам дебат клубтары ашылып, бұл қозғалыс күшейді.Дебат – пікірсайыс ордасы. Әрбір білім беру мекемелерінде, колледждер мен ЖОО-да дебат клубтары белсенді жұмыс істейді. Әлемдік деңгейден қалыс қалмаған. Қазақстандағы дебат тек қазақ тілінде ғана емес, орыс және ағылшын тілінде де өтіп жүр. Бұл дебат ойындарының халықаралық дәрежеде бақ таластыруға дайын екенін дәлелдейді.

«WWW.AQ-QARA.KZ»

Оқылды 11 рет