Жұма, 23 Мамыр 2025 15:32

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУ ЖАЙЫН АЙТТЫ

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысы ұсынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы жөнінде мәлімдеме жасады. Министрдің айтуынша, бүгінде 105 жаңа мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта тағы 112 мектептің құрылысы жүргізілуде, оларды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Жайлы мектеп» жобасы – қазіргі заманғы оқыту стандарттарына сәйкес келетін бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру арқылы еліміздегі орта білім беру сапасын жүйелі түрде арттыруды көздейтін стратегиялық бастама. Жобаның негізгі мақсаты – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты жою және білім беру сапасын өңірлік деңгейде теңестіру.

Министр атап өткендей, бұл бастама элиталық оқу орындарын құруға емес, жалпы білім беру жүйесіне жоғары стандарттарды кеңінен енгізуге бағытталған. «Бұл әрбір балаға толыққанды дамуға, білім алуға және өзінің әлеуетін жүзеге асыруға тең мүмкіндіктер береді», – деді Ғани Бейсембаев.

Жобаның басты артықшылықтарының бірі – оқушылардың жас ерекшелігі мен қажеттіліктеріне толық бейімделген, эргономикалық әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру. Мектептер заманауи бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау жүйелерімен жабдықталып, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек оқу блоктары қарастырылған.

Сонымен қатар, елімізде алғаш рет мектеп ғимараттары барлық санаттағы білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жобалануда. Пандустар, лифтілер, инклюзивті санитарлық тораптар, ресурстық кабинеттер мен мамандандырылған қолдау сыныптары көзделген. Атап айтқанда, аутизм спектрі бұзылған балалар үшін 121 мектепте жеке кабинеттер ашылған.

Министр сондай-ақ жобаның инновациялық сипаттарына тоқталып, жаңа мектептерде білім беру үрдісі теория мен тәжірибені ұштастыруға бағытталғанын атап өтті. «Мектептердің техникалық жарақтандырылуы XXI ғасыр дағдыларын – IT-құзыреттер, аналитикалық ойлау, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерді дамытуға жағдай жасайды. Мұғалімдер оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту мақсатында интерактивті әдістер мен жобалық оқытуды кеңінен қолданады», – деді министр.

Бұдан бөлек, жоба аясында ерте кәсіби бағдар беру жүйесі енгізілуде. Бастауыш сыныптардан бастап оқушылар түрлі мамандықтармен танысып, жобалық іс-шараларға қатысады. Ал 7-сыныптан бастап терең кәсіби бағдарлау жұмыстары жүргізіледі: оқушыларға тәлімгерлер бекітіліп, жеке оқу жоспарлары әзірленеді.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы өңірлік экономиканың дамуына да елеулі үлес қосады. Жергілікті құрылыс компаниялары мен жұмысшылар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар жаңа мектептердің ашылуы педагог кадрларға деген сұранысты арттырады: 2026 жылға дейін елімізде 30 мыңнан астам мұғалім қажет болады деп күтілуде.

Мектептер салынған аудандарда инфрақұрылымның дамуы, жас мамандардың келуі, көші-қон үдерістерінің тұрақтануы – жобаның мультипликативті әсерінің нақты көрінісі. Бұл – адам капиталына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция.

Министрдің мәліметінше, енді бұл стратегиялық бастама «Келешек мектептері» деген атаумен жүзеге асырылады. Жаңа мектептерде тиімді басқару қағидаттары енгізіліп, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге директорлық лауазымдарға басымдық беріледі. Ал алдыңғы қатарлы білім беру тәжірибелері Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында жинақталып, республика көлемінде таратылады.

Министр сондай-ақ бұл жобаның тиімділігіне назар аударды: жеке секторда тұрғызылатын нысандармен салыстырғанда мектеп құрылысы 1,5–2 есе үнемді болмақ.

Сөз соңында Ғани Бейсембаев соңғы алты жыл ішінде Қазақстанда бір миллион оқушы орнына арналған мың мектептің салынуы – білім беру саласындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже екенін атап өтті. «Бұл тек жаңа мектеп ғимараттары емес, бұл – болашақ ұрпақтың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған инновациялық білім кеңістігі», – деді ол.

Мысалы, елордада «Жайлы мектеп» стандартына сәйкес 9 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды оқыту мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік туды. Ақмола облысында Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет жаңа мектеп салынса, Алматы облысы Қошмамбет ауылында 1200 орындық заманауи мектеп іске қосылды. Бұл – сапалы білімге қолжетімділіктің нақты көрсеткіші.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 18 рет