Сәрсенбі, 16 Қазан 2024 23:30

Шымкенттік жастар қаламы қарымды қаламгер Әкім Ысқақпен кездесті

Шығармашылығы көпшіліктің көңілінен орын алған, Әкім ағаны оқырмандары арнайы Жамбыл облысынан да іздеп келген.

Бұл жүздесу тек жастарға ғана емес, үлкен буынның да қатысумен өтті. Жиын «Алтыным, өмірді сүй, өзіңе сен!» тақырыбы аясында ұйымдастырылған. Әдеби кеште мектеп оқушылары ақынның шығармаларын жатқа оқып, әндерін әуелете шырқады.

Бала күнінен Әкім Ысқақтың өлеңдерін, эсселерін оқып өскен Қайсар Жұман бұл кешке ерекше дайындалған көрінеді.

– Мектепте оқитын кезде махаббат туралы өлеңдерді жатқа оқитынмын. Күш алатын едім. Қазірде дәл солай, оқудан немесе тұрмыстық тіршіліктен шаршағанда кітап беттерін парақтаймын. Сосын әрі қарай жақсы көңіл-күймен шабыттанамын. Осындай кездесулер жастарды ерекше әсерге бөлеп, бір сәт тынығуына жағдай жасайды,-дейді ол.

Кездесу барысында «Алтыным-2» кітапбы таныстырылды. Автор өз сөзінде өмірді сүюдің маңыздылығы мен әрбір адамның жеке күшіне сенудің қажеттілігін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз — айналаға шуақ шашу. Бүгінгі кездесудің де тақырыбы «Өмірді сүй, өзіңе сен!». Шынында өмірді сүйген адам ғана айналаға шуағын шаша алады. Ал өзіне сенген адам ғана арманына жете алады. Сенің үйің жоқ болсын, көйлегің жоқ болсын ол — сенің кедейлігің емес. Дүниедегі ең кедей адам — арманы жоқ адам,-дейді қоғам қайраткері, жазушы, ақын Әкім Ысқақ.

Рухани нәрге шөліркеген адам жаны үшін әдеби жиын өте әсерлі өтті.

Шара соңы Әкім Ысқақ пен жастар арасындағы ашық сұхбатқа ұласты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жазушының өмірлік тәжірибесі мен кеңестерін тыңдады.

Оқылды 21 рет