Бейсенбі, 12 Қазан 2023 18:35

«Ұлы дала жорығына» қатысушы шабандоздар Астанадан Түркістанға жолға шықты

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Астанада «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгесі басталды. Екінші рет ұйымдастырылып отырған сайысқа биыл 19 команда өте жақсы дайындалған.

Төзімділік пен шыдамдылықты, қайсарлықты талап ететін сайыс Астана маңындағы Қаражар ауылынан басталды. Жарыс жолының қашықтығы 1300 шақырымды құрайды және бағыт Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Марафон 19 қыркүйекте Түркістанда аяқталады.

Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің қашықтығы – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды шауып өтеді. Соңғы 14-кезеңде шабандоздар 50 шақырымды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті. Шабандоздар да дайындалған. Әр команда сапында 5 шабандоз бен 10 тұлпар бар. Марафонның жалпы жүлде қоры 65 млн. теңгені құрайды. Жеңімпаз команда 30 млн. теңге алса, екінші орынға – 20 млн. теңге, ал қола жүлдегерлерге 15 млн. теңге табысталады.

«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Жобаның басты серіктесі – Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры.

Былтыр «Ұлы дала жорығы» байқауының финалдық кезеңінде тұлпарлар Түркістан облысының Созақ, Сауран аудандарын басып өтіп, Түркістан төрінде мың шақырымнан астам жол жүріп, мәреге жеткен шабандоздарды сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, депутаттар мен қоғам қайраткерлері қарсы алған болатын. «Міне, баршамыз Ұлы даланы дүбірге бөлеген, 1 200 шақырымды бағындырған айтулы аламанның қорытынды сәтін тамашалап тұрмыз! Бұл – бұрын-соңды болмаған бәйге. Отандық спортымыз үшін де, төл руханиятымыз үшін де теңдессіз тарихи оқиға. Кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға жасаған іссапарында «Ұлы дала жорығы»  бәйгесінің мән-маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы ұлт жадын жаңғыртуда мұндай аламандардың айрықша қажет екенін баса айтты. Сондықтан бұл бәйгені кешегі батыр бабаларымыздың жорық жолын жаңғыртқан, елдің рухын оятқан жоба болды деуге толық негіз бар», деген еді сол кезде Дәурен Абаев. 

Он екі күнге созылған жарыс қорытындысында киелі шаһарға бірінші болып жеткен Маңғыстау облысының командасы «Ұлы дала сарбазы» атағымен марапатталды. Ал жүлделі 2-ші орынды Жетісу өңірінің шабандоздары қанжығаласа, 3-ші орынды Түркістан облысының командасы иеленді. 4-ші болып мәре сызығын Жамбыл облысының шабандоздары кесіп өтті. Барлық жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйақы табысталды. «Бүгін біз қазақ руханияты мен спорты үшін аса маңызды жиында бас қосып отырмыз. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны қасиетті қаламызда мәресіне жетті. Бұл – Түркістан өңірі үшін үлкен құрмет әрі мәртебе. Екі аптадай үздіксіз жортып, қиындықтарға мойымаған шабандоздарға айрықша алғыс айтамын. Өйткені біздің атбегілеріміз бен шабандоздарымыз 1200 шақырымды басып өтіп, ерлік жасап отыр. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақты ат спортына жетелейтін осындай жобалар жалғасын таба берсін», деді Дархан Сатыбалды жеңімпаздарды марапаттау рәсіміндегі сөзінде

Естеріңізге сала кетейік, былтыр тұңғыш рет өткен республикалық бәйге-додасы 18 қыркүйекте бастау алып, 19 команданың 100-ден астам шабандозы атқа қонған болатын. Яғни, еліміздің әр өңірінен додаға 1 командадан қатысты. Бәйге 100 шақырымдық 12 сатыға бөлініп, оған қатысушылар еліміздегі киелі жерлерге ат басын бұрып, тарихи орындарға зиярат етті. Алайда қатысушылардың басым бөлігі бәйгенің ауыр сынағына төтеп бере алмай, жарыс жолынан шығып қалды.  Бәйге барысында барлық қатысушылар демалыс орнымен, азық-түлікпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған ұлы дүбір Түркістан қаласында түйінделді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 122 рет