Жексенбі, 15 Қазан 2023 10:06

Түркістан облысы: Арыста «Әже – ұлт ұйтқысы» атты мерекелік шара өтті

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Арыста «Әже – ұлт ұйытқысы» тақырыбында қалалық мәдениет сарайында салтанатты шара өтті. Шара қалалық «Әжелер алқасының» 10 жылдығына орайластырылды. Мерекелік кешке шаһар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысынан келген қадірлі қонақтар қатысты.

Қала басшысы «Ұлттың ұлт болып қалуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Оның негізі отбасылық тәрбиеде жатыр. Осы ретте отбасыдағы ата мен әженің рөлі ерекше. Әжелер мектебі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін тәрбие құралы» деп ізгі тілегін жеткізді.

Игі шараға қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Түркістан облысының Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақытжан Раманқұлов пен қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл және қаламыздың ардақты ардагерлері қатысты. Шара барысында Арыс қаласының қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиелеуде үлгі болып жүрген ақжаулықты әжелерді қала әкімі арнайы алғысхаттармен марапаттады.

Мерекелік кеш ары қарай асыл әжелердің мерекелік концерті мен тағылымы мол сахналық көріністерге ұласты. Өнер мен өнегені серік еткен әжелер күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі саналған «Сірге мөлдірету» рәсімін өткізді. Одан ары қарай, ақ кимешегімен мерекеде сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған ардагерлердің концертіне ұласты.

Айта кетейік, мәдениет пен әдет-ғұрыпты жастардың бойына сіңіріп, оларға тарихымызды танытып, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды үйретіп, үлкен үлгі, өнеге көрсететін Арыс қаласының «Әжелер алқасы» 2013 жылы құрылған. Бүгінде олар ұмыт болып бара жатқан рухани мұраны жаңғырту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.

Қазақта ата-әжесінің тәрбиесін көрген бала басқаша болады, айналасының да көзқарасы оған ерекше-тұғын. Өйткені ауыл үлкендерінің жанында жүріп, олардың өнегелі әңгімесін тыңдап өскен баланың сана-сезімі басқалардан ерекше болып қалыптасады. Сондықтан әжелерді таптырмас тәрбие мектебі дейміз. Дүниеге келген сәбиді көзін ашқаннан құшағына алып, бесік жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің орны ойсырап, бейнесі көмескіленіп кетті. Көп қазақтың отбасында әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғасы үзіліп қалды.

– Баланың бойындағы асыл қасиеттерді отбасында ата-әжесі қалыптастырған. Сонымен қатар ұлттық тәрбиенің, ізгіліктің дәнін әжелер сепкен. Ата мен әженің тұңғыш немересін бауырына басып, өз баласынан артық бағып-қағуында үлкен мән бар. Бұл – әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың да бір белгісі. Ал көргенді қарт ата мен әже балаға өзінің әке-шешесін құрметтеуді міндеттеп отырған, Өмірден көргені мен түйгені мол қариялар тәрбиелеген баланың ең алдымен тілі тез шығады. Өйткені ата мен әже баламен үлкен адамша сөйлеседі. Сол себепті әже тәрбиелеген бала сөздің қадірін біледі. Бала үнемі үлкендермен бірге жүріп, олардың өнегелі әңгімелерін, тарихтан шерткен сырларын, ән-жырларын, шежірелерін тыңдап өседі– дейді этнограф Құралай Сәрсембина.

Иә, расында да бала тәрбиесіндегі қазақтың бір озық үлгісі – әжелер мектебі. Қазір ол жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті «әже» деген жаныңа жақын аяулы атаудың өзі де көп жағдайда жалпыға ортақ «апаға» ауысқан. Ал бірақ, әже тәрбиесін көрген азаматтарды анадайдан танисың. Ең басты ерекшелігі сол, ондай жан барын­ша бауырмал болады. Өйткені әжесі ондай баланы көбінесе құшағына алып, қашан көзі ілінгенше айналып-тол­ғанып, бойын­дағы бар жылуын беріп, бауы­рына басып жататын. Осын­­дай қамқорлық көрген соң өрен мей­і­­рімді болып өсетін. Қолындағы ойын­­шы­ғын, тәттісін біреуге беруге ты­рысатын. Өзіміз әже мектебін көргендерді дәл осы – бауырмал мінезінен танимыз. Қандай қызметте, қандай лауа­зымды атқарып жүрсе де әже мекте­бінен шыққандар бойындағы айрық­ша жы­лы­лығынан кімнен тәр­бие алғанын біл­діріп тұрады.

Баланың ерте дамып, есеюін қаз­ір ғылым да жетістікке санайды. Даму­дың жолына ерте бастан түсу керек­тігін де алғаш ұсынған халық­тар­дың бірі жапондар екен. Ұзақ жылдар орыстың ықпалында болып, солардың тәрбиелік салттарын бойымызға сіңірген біздің көптеген замандасымыз әже мектебінен кеміс­тік таппаққа тырысады. Баланы ерте есейтуді де ондайлар қателік санап, үлкендердің әңгімесін естіртпеуге, үйдегі үлкен-кішілі проблемалардан алыс ұстауға тырысады. Бұл жа­с­­­өс­­пірімді сол балалық қалпында қал­дырып, ештеңеден хабарсыз, тек ата-анасы айтқан әңгімелерге ғана малдануға үндейді. Бұдан баланың өмірге деген көзқарасы дами алмай қалады. Әрине қазіргі, интернет қолына еркін тиген бала өмірдің барлық қырларын өзі көреді. Бірақ соның бәрі әженің әңгімесі сияқты жұмсақтықпен, жылылықпен емес, дөрекілікпен, рақымсыздықпен жетіп, баланың санасын қатыгез, мейірімсіз қылып қалыптастырады. Ондай балалардан кейін не шығатынын көріп жүрміз. Тіпті қылмыстық жол­ға түс­пей, университетке түсіп оқы­ған болса да кейін маман болып шық­қанда, бастық болып отырғанда бо­йын­да жылылық, адамгершілік жоқ екені көрініп қалады. 

Қанша пайдалы болса да, қанша тиімді болса да әжелер мектебін қай­тадан қалпына келтіру оңай емес. Ол үшін аналардың өзі әже болуға тәр­биеленуі, тырысуы керек. Әрине, қазіргі әжелер Мұқағали айтқандай, ақ кимешек, мәсі кимей-ақ қойсын, бірақ әженің ұлағатын бойына сіңіріп, пайдалы қасиеттері мен тәрбиесін алуына болады. Арнайы зерттеп, әжелер мектебінің озық үлгілері мен тиімді тұстары теріліп кітаптар жазылса, ең­бектер жарық көрсе, сосын қазіргі апа­лар арасында курс­тар жүргізілсе, ондаймен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар пайда болса – әжелер мек­тебінің қайтадан ашыл­майтын несі бар? Ол біздің Рухани жаңғыруымызға да қосылған үлес болмас па еді?

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 141 рет Соңғы рет өзгертілді: Дүйсенбі, 23 Қазан 2023 15:08