Сәрсенбі, 18 Қазан 2023 15:46

Сауран ауданы: қыз балалардың мінез-құлқын тәрбиелеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Сауран ауданы, Шорнақ елді мекеніндегі А.Байтұрсынов атындағы атындағы жалпы орта мектебінде қыз балалардың мінез-құлқын тәрбиелеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шараның мақсаты оларды нәзіктікке баулу, отбасындағы алатын орны, ептілік пен шеберлік қалыптастыру, сондай-ақ қыздардың сұлулық, әсемдік, жақсы қарым-қатынас секілді ұғымдарды таныстыруға бағытталды.

Жиында қыз балаларға жыныстық жетілу кезеңінде өздерінде болып жатқан физиологиялық және психоэмоционалдық өзгерістер туралы айтып, пікір алмасты. Қоғамда қыз балаларға қамқорлық таныту, жан жылулығын сезіндіру, қыз баласына тән белгілі бір ұнату сезімін бастан кешіру кезінде түсініспеушілік болса, оған қыздардың мұңайып, өздеріне жамандық жасамауы туралы айтылды. Тек қана рухани тұрғыдан емес қыздарымызды таза, әсем, жарасымды киім киіп, өздерін күтуге, шаш өруге, шаштарын соңғы сән үлгісімен өздеріне жарасатындай етіп қиюға кеңес берді.

Сонымен бірге Сауран аудандық полиция бөлімінің Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты К.Калданова қыздардың өз құқықтырын біліп, мектепте қыз балалардың тәрбиесіне, заман талабына сай бойжеткен идеалын қалыптастыруға және мінез-құлық критерийлерін нақты айқындауға ерекше көңіл аудару қажеттігі туралы түсіндіріп өтті.

Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева "Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек" деген пікір айтқан. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс.

Қызды "жат жұрттық" деп қадірлеп, төрінен түсірмеген. Басқа үйдің отын жағып, түтінін түзу ұшыратын боласың, барған жеріңде шешесі үйретпепті демесін деп анасы қызына бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіруге тырысады. Әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан, одан соң мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз. Сондықтан да, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол − үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс.

Қыз бала үйден шыққанда тап-таза киініп, шашын таранып,әсем күлкісімен айналаға нұрын шашып жүруімен қатар сабағын да жақсы оқиды. Қыз баланы тәрбиелей отырып, отбасындағы ожан кейінгі ұлдарға үлгі етеміз, яғни бұл жерде ұлт тәрбиелеу − бұл қазақтың ежелден келе жатқан философиялық даналығы. Ұлтымыз қазақ деп ұрандағанда сол ұлтымыздың діні, тілі, тарихы, салт-санасы ойымызға оралады. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы баланы отбасынан бастап(бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолға қоюдан анық байқалады.

Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесінде ұл бала тәрбиесіне қарағанда біраз ерекшеліктердің бар екенін білеміз. Себебі, бүгін отбасында еркелеп өсіп отырған қыздар, күні ертең бойжетіп өскен соң, өзге шаңырақтың түтінін түтетіп, ошағының отын жағатын әйел, ана болатынын айтсақ та жеткілікті. Халқымыз ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Ана – барлық өмірдің бастауы.«Қыз» — қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.

Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамданатын болған. Қыз баланы құрметтеу, оның алдында дөрекі сөйлемей ізетті болу, ер тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына мінгізу, киімнің әсем сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау ежелгі дәстүр. Жиын тойларда қыз баланы әрдайым сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен келіндер де қайын сіңлілерін аттарымен атамай «еркежан», «шырайлым» деп еркелеткен.Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын еді. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, көрпе көктеу т.б. өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан дайындай бастаған.

Үлкенді сыйлау – біздің халқымыздың дәстүрі. Ол бойынша жастар үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, сыпайы болуға, үлкенмен сөз жарыстырмауға, тіпті үлкендердің алдында қатты күлмеуге тиіс болған. Осындай ата дәстүрімізді бүгінгі жастар жадында сақтап, жалғастыра білуі қажет. Тән сұлулығы деп қыздардың жан-жақты сұлулығын айтады. Яғни жан сұлулығы мен қоса тән сұлулығы бірдей болғаны қашан да жарасады емес пе?! Жастықтың өзі сұлулықтың, нәзіктіктің белгісі. «Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы» деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтіп өсіруді өнер деп санаған. Сонымен қатар, қыз балаларға қынама комзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрік, қос етек көйлек кигізген. Сырға, білезік, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған халқымыз қыздың көркіне ақыл-ойы, мінезі сай болуын қалаған. «Қыз қылығымен сүйкімді», «Қызым үйімде, қылығы түзде» деп қыз тәрбиесінің ерекшелігіне аса жоғары мән беріп отырған. Қыз ұзатылып барған жерінде өсірген ата-ананың, өскен ауылдың атына кір келтірмеуін, сағын сындырмауын тілеген. Әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырықтан аттаған босағаның игілігіне, қала берді бүкіл бір қалың елге сіңірген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті әжелер солардан шыққан.

Бүгінгі қызғалдақ қыздарымыз – ертеңгі ибалы да инабатты келін, болашақ ана, салиқалы әже болатыны табиғат жолынан белгілі. Әйел шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы тұрмыстың сәні мен салтанаты. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетсе, дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған дейді. Қазір біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ, тәуелсіз еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Сондықтан уақыт талабына сай өмір сүру үшін заман адамдардан жеке тұлғалық фактор талап ететін сияқты. Ұлттық сана сезімге сіңіп, тегімізден келе жатқан адами қасиеттерді жойып алмауымыз керек. Осы орайда сүйікті жар, ардақты ана, қыз баланың орны ерекше. Әйел қандай биік дәрежелі жұмыс істемесін, қайда болмасын оның ең басты міндеті – өмірге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу.

Қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана ғана емес, радио мен теледидар, газет-журналдар, кітаптар мен кинолар, кафелер мен дискотекалар әсер етуде. Бұл тәрбиенің жағымды және жағымсыз жақтары толып жатыр. Ата-аналар күнұзақ жұмыста болғандықтан бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.

Жалпы мектеп жасындағы қыз балалар тәрбесін үш кезеңге бөлуге болады.
1-кезең, бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуіне құштарлығын арттыру, кітап оқыту мәдениетін дамыту.

2-кезең, бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста жас ерекшелігіне қарай қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің барлығын айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керектік нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болуға, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру – басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.

3-кезең, тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, бауырларын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

Қазіргі қазақ қыздары бұзылу қаупін бастан кешіруде. Салт-дәстүрімізге жат қылықтарға бейімделіп барады. Олардың бірсыпырасының әрекеттері ұлттық психологиядан ауытқып бара жатқаны байқалады: ар сақтау, ұятты білу, үлкенді ардақтау, кішіні құрметтеу, адамды сыйлау ұмытылып барады. Сондықтан аналар қыздарымызға дұрыстап тәлім-тәрбие берейік, ұлттық болмысымызды сақтап қалайық!

Оқылды 128 рет