Сенбі, 24 Тамыз 2024 16:40

Түркістан облысы: Асықатада заманауи стандартқа сай спорт кешені салынуда

Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде заманауи стандарттарға сай спорт кешені бой көтеруде. Бүгінде тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесінде жер-жерлерде спорт нысандары бой салынып, спортты жанына серік етушілерде күн санап артып келеді.

Заманауи орталық негізінен қимыл-қозғалыстың тездігі, шабуылдың шапшаңдығымен ерекшеленетін спорттың түрі үстел теннисін ауданда дамыту мақсатында салынып жатыр. Аудан басшысы Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов және мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.

Асықата кентінде 1 гектар аумақта орналасатын спорт кешенінің құны 1 млрд теңгені құрайды. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен іске қосылатын 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, ерлер бөлмесінде 15 төсектен және әйелдер бөлмесінде 15 төсектен тұратын әкімшілік блок орналастырылатын болады. Спорт кешені бір мезетте 200-ге жуық адамды қабылдап, жаттықтыруға қауқарлы. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан көлемінде үстел теннисімен жалпы саны 210 жасөспірім тұрақты түрде шұғылданып келеді.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 6 жылда 50-ге жуық спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар. Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.

Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 37 рет