Тағылымды кездесуге Алыш күресінен Қазақстан Республикасының 7 дүркін жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы, Әлем кубогінің жеңімпазы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тұрмаханбет Қалмұханұлы арнайы қатысып, өзінің спорттағы жетістіктері мен өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Кездесу барысында спортшы жеңіске жету жолындағы табандылық, үздіксіз еңбек, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызына тоқталып, жас спортшыларға өз тәжірибесі негізінде ақыл-кеңестерін берді.
Сонымен қатар, кездесу барысында №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нышанбек Бексұлтанов пен басшының негізгі қызметі жөніндегі орынбасары Қалдыбай Жакипов сөз сөйлеп, мұндай тағылымды кездесулердің жас спортшылар үшін маңыздылығына тоқталды. Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыстарын білдіріп, жастарға спортта толағай табыстар тіледі. Іс-шара барысында Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің дін мәселелері жөніндегі сектор меңгерушісі Ғалымжан Сәрсеков жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, жат діни ағымдардың ықпалынан сақтану және нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жастарды заң талаптарын сақтауға, діни сауаттылықты арттыруға, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бұдан бөлек, жас спортшылар қонаққа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Ашық форматта өткен сұрақ-жауап барысында спорттағы алғашқы қадамдар, жарысқа дайындық, жеңіске жету жолындағы қиындықтар мен мақсатқа жетудің маңыздылығы талқыланды. Кездесудің тәрбиелік бөлімінде жастарға құқық бұзушылық, буллинг, нашақорлық және өзге де зиянды әдеттерден аулақ болу, бос уақытты тиімді пайдалану, спортпен тұрақты айналысу қажеттігі түсіндірілді. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар Тұрмаханбет Қалмұханұлына жас ұрпаққа өнеге боларлық өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастардың спортқа деген ынтасын арттыруға үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат