2023 ЖЫЛЫ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ 100% САПАЛЫ АУЫЗ МЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қалалық баспасөз орталығының мәліметі осындай. Олардың мәліметінше,  Республикалық маңызы бар қала – үшінші мегаполис атанған Шымкентте ауыз су мәселесі келесі жылы толық шешімін табады.

«Бүгінде қаладағы 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген.  3 елдімекен ауыз суды кестемен тұтынып келеді. Атап айтқанда, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ тұрғын алаптары. Қазіргі таңда қалада ауыз су бағыты бойынша барлығы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  2022 жылдың қорытындысымен Құрсай 1,2, Асар-2, Нұртас ВС, Текесу елдімекенінде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 мыңнан астам адам ауыз сумен қамтылады. Осылайша, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 %-дан 99%-ға жетеді»,- делінген хабарламада.

 Сондай-ақ, ауыз суды кестемен пайдаланатын Сайрам және Қайнарбұлақ елдімекендерін ауыз сумен қамту құрылысы және ағымдағы жөндеу жұмыстары биыл басталып, 2023 жылы пайдалануға берілетіні жазылған.

 

«Бүгінде халықты сапалы ауыз сумен қамту ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін қалада кешенді жұмыстардың атқарылып жатыр.  Қала тұрғындарының қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қала әкімі ауыз сумен қамту мәселесін жіті бақылауына алғанын да айта кету керек. Осылайша, 2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады» деп жазылған баспасөз мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, өткен 2021 жылы осы бағыттағы 13 жоба аяқталған. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 24,46 шақырымды құрайтын 3 маистралды су құбыры тартылды. Сонымен қатар 10 елдімекенде ішкі ауыз су жүйелерінің құрылысы аяқталған. Осылайша Тұран, Асар-2, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңа Тұрлан, Солтүстік саяжай, Ақтас, Жаңаталап, Сәуле және Нұртас елдімекендерінің тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізді. Қазір әрбір тұрғын суды өз үйіне кіргізіп жатыр. Бұл қала халқын ауыз сумен қамту көрсеткішін 95,6 пайыздан 98 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Шымкентте бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қарқынды түрде жүргізілмек. 2022 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін биыл тағы 1 магистралды су құбыры және 1 елді мекеннің ішкі су жүйелерінің құрылысы аяқталады.

 

ЖАРЫЛЫСТАН ЗАҚЫМДАНҒАН ҮЙ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

Шымкент қаласында өткен аптада орын алған жарылыстан зардап шеккен үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды. «Фарм Синтез» ЖШС мен BI Group құрылыс компаниясы арасындағы келісім бойынша әзірге А.Сасбуқаев бойында орналасқан №32А үйдің шатырына (400 м2) жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, жарылыстың салдарынан болған үйінділер тазартылып, құрылыс қалдықтары шығарылды. Газ беру жолы қалпына келтіріліп, барлық пәтерлер мен коммерциялық нысандарға көгілдір отын берілді. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимараттың ішінара құлауы орын алды. Сондай-ақ 5 қабатты тұрғын үйдегі 11 пәтердің терезесі мен сол пәтерлердің бірнешеуінде ішкі және сыртқы қабырғаларына, 1 гаражға зақым келген. Бұдан бөлек, 11 жеңіл автокөліктің терезелері сынған. Пәтерлерді тексеріп, залалды бағалау жұмыстары жүргізілді.Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада, яғни 21 мамырда сағат 12:06 шамасында Ғ.Ильяев көшесінің бойындағы «Межбольничная 138» дәріхананың қоймасында жарылыс орын алған еді.  Жарылыстың соққы толқынынан сол маңдағы 5 қабатты үйге және бірнеше жеңіл автокөлікке және перзентханаға зақым келген. Барлығы 100-ден астам эвакуацияланды..Өрт сөндірушілер оқиға орнында ер адамның мәйітін тапты.Ол 1979 жылы туған азамат жарылыс болған ғимарат жанында орналасқан перинаталды орталықта қарауыл болып жұмыс істеген екен. Одан бөлек тағы бір азамат қаза тауып, 1 бөпе шетінеді. 8 адам жарақат алды.  Зардап шеккен адамдарды Түркістан облыстық клиникалық ауруханаға, Шымкент қалалық клиникалық ауруханасына, №2 қалалық ауруханаға жеткізді. Айта кетейік, жарылыс болған ғимарат «Межбольничная 138 дәріхана» ЖШС-іне тиесілі екен. Шымкент ТЖД бастығы Мадияр Жақсыбаевтың айтуынша, ғимараттың перинаталды орталыққа қатысы жоқ.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ 11 МЫҢНАН АСТАМ ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРДІ

Шымкент қаласындағы 203 мектепте соңғы қоңырау соғылды. Осы білім ұйымдарындағы 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 11 189 бала оқуды бітіріп отыр.

Мектеп бітірушілер мен ұстаздарды құттықтау үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның соңғы қоңырау шарасына қатысты.Қала басшысы барша мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, өмір жолында табысты болуды айтты.Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде 453 оқушы Алтын белгіге үміткер. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.

Сандарды сөйлетсек, Шымкент  қаласында мектептер саны  – 202, оқушы саны –242 525.

Бүгінгі таңда, мектептердегі компьютер саны 11 691 дана болса,  оның ішінде жарамдысы 8237, жарамсыз техникалар саны 3198. Қала мектептерінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану бойынша 2017-2018 оқу жылынан бастап «BilimLand» білім беру платформасына 130 мектеп онлайн режимінде 100% қосылып жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күнде, цифрлық білім беру ресурстарына қосылу үшін мектептерге 6 481 аккаунт берілген.  «BilimLand» білім беру платформасы арқылы мектептер бастауыш сынып курстары,  гуманитарлық циклдегі курстар жене жаратылыстану бағытындағы пәндер бойныша цифрлық білім ресурстарын қолдануда. Сонымен қатар, «iTest» ҰБТ дайындау бағдарламасы бойынша виртуалды кешен, «iMektep» (аудиовизаулды туынды – анимациялық фильм) анимациялық сабақтар мен ойын түріндегі тапсырмалар,  «Twig»  мектеп бағдарламасына негізделген фильмдер, мультимедиялық материалдар және тапсырмалар жинағын қолдануда. Қаладағы 9 қосымша білім беру ұйымдарында 20 061 бала түрлі үйірмелер мен секцияларға қамтылған. Одан бөлек, қаладағы 21 спорт мектептерінде 15 561 бала, 5 спорттық клубтарында 2854 бала қамтылуда.  

Басқармаға қарасты 133 мектепте 131 903 оқушы (66%) мектеп жанындағы үйірмелерде және 82 044 оқушы (41,1%) мектеп жанындағы спорттық секциялармен  қамтылған.  

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ 11 МЕКТЕП ЖЕКЕ ИНВЕСТОР ЕСЕБІНЕН САЛЫНУДА

Биыл қалада 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11-і жеке инвестор есебінен салынуда.  «ALAN» халықаралық мектебі соның бірі.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «ALAN» халықаралық мектебінің құрылыс барысын көрді. Заманауи стандарттарға сай келетін білім мекемесі осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілмек.

 Қаратау ауданында орналасқан мектеп 840 оқушыға лайықталған. Мұнда 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілінде білім алады. Оқу ғимаратында 60 пән кабинетімен бірге ашық және жабық түрдегі спортзал, кітапхана және асхана бар. Оқушылардың ғылыми жұмыстарға бағыттау үшін ғылыми зертханалар жасақтау көзделіп отыр.

 Білім мекемесі толық күндік мектеп болғанымен ерекшеленеді. Оқушылар таңғы сағат 8:00-17:00-ге дейін қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған смарт мектебінде қосымша біліммен қамтылады.

 Мектеп іске қосылғаннан кейін барлығы 168 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Кадрлар халықаралық білім беру бағдарламасы негізінде іріктеліп, үш тілді жетік меңгеруі міндеттеледі. Одан бөлек, шетелден білікті мамандарды шақыру көзделіп отыр. Білім беру әдісі STEAM, PBL, TRIZ, CLIL және өзге де әлемнің озық бағдарламасына негізделген.

 Сонымен қатар, оқушылар спорт пен шығармашылық үйірмелері және сыныптан тыс ұйымдастырылатын іс-шараларға қатыса алады.

 Айта кетсек, биыл қалада 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 11-і жеке инвестор есебінен салынуда. Нәтижесінде үшауысымды мектеп саны 9-дан 5-ке азаяды деп жоспарлануда.

Сандарды сөйлетсек, Шымкент  қаласында мектептер саны  – 202.  Олардың 152-і мемлекеттік, 50-і жекеменшік. Оқушы саны –242 525. Кешкі мектеп – 4, оқушы – 736, мамандандырылған мектеп – 5, оқушы – 4 401,  арнаулы мектеп-интернат – 5, оқушы – 836, жекем. – 22, оқушы – 8 706); қосымша білім беру мекемелері – 11, бала саны – 22 515; арнайы мекемелер - 13 ,  бала саны – 725.

Бүгінгі таңда, басқармаға қарасты мектептердің 131-і типтік ғимаратта, 6-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан.

 

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

 

«ОҢТҮСТІК» АЙНАЛМА ЖОЛЫНДА ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҚОЛДАНСЫН

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» айналма жолының құрылысымен танысу барысында осылай деді.Аралау барысында әкім жұмыстың сапасына назар аударып, мердігер мекемеге жұмыста қолданылатын құрылыс материалдары қазақстандық өнім болуы керек екенін ескертті. 

 2021-2022 жылдарға жоспарланған жол құрылысының ұзындығы – 16 шақырым. Ал ені  - 15 метр. Айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейін жүргізіледі. Құрылысты «Корпорация Береке-А» мердігер мекемесі жүргізуде.

 Айналма жолдың Шымкент-Ташкент тасжолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жол жабынының жерді қысымдау жұмысы атқарылуда. Құрылыс нысанының 6 учаскесінде жолдың негізін дайындау, қазу жұмыстары қолға алынған. Кестеге сәйкес, биыл жолайрық құрылысы, байланыс, электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерінің орнын ауыстыру және жол құрылысы жұмысытары жүргізілуде.  Жобаға сәйкес 4 орыннан жауын суына арналған Д1000, Д1500 құбырлары орнатылып жатыр.

 

 Қазіргі кезде 6 учаскеде 14 экскаватор, 45 самосвал, 8 каток, 5 грейдер, 1 бульдозер, 4 водовоз, 3 погрузщик, 1 бензовоз, жалпы саны 81 техника қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов Республика даңғылының бойындағы тротуар салу және жаңа аялдамалар орнату жұмыстарының барысын да көрді.

 Айта кетейік, биыл шаһарда 348 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астамы пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Сонымен қатар, 150 орынға аялдама орнату және аудан әкімшілігі тарапынан бекітілген көшелерге шағал тас төсеу жоспарда бар.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КӨШЕ САНЫ 458-ге ЖЕТЕДІ

Шымкентте  биыл 102 көшені жарықтандыру жоспарда бар.  Қала әкімдігі бекіткен жобаға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орынау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген. Жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелерді атап көрсетуге болады.

Мұнан бөлек 2021 жылы 30 көшедегі ескі жарық шамдар, заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар.

Жарықтандыру жұмыстары 2022 жылы да жалғасын табады. Нақтырақ айтқанда, биыл 102 көше жарықтандырылады деп жоспарланған. 

Жалпы, өткен 2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құраған еді. Биыл атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде Шымкенттегі жарықтандырылған көшелердің саны 458-ге жетіп, қамту көрсеткіші 61,3 пайызға жетеді деп күтілуде. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы тағы 106 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 70 пайызға жетеді.

Айта кетейік, қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.

ШЫМКЕНТ ЖОЛДАРЫНЫҢ 67,4 ПАЙЫЗЫ ТАҚТАЙДАЙ ТЕГІС БОЛАДЫ

Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылыпты.

 Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

 Бүгінде Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Республика, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Он магистральды көшенің төртеуі жаңа, алтауы өткен жылдан өтпелі құрылыстар.

 

Айта кетейік, жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Қала әкімінің тұрғындарға жайлы және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру туралы берген тапсырмасы негізінде қаланың шалғай орналасқан шағын аудандардағы52,7 шақырымды құрайтын 144 көшеге шағал тас төселді. Басқарма мамандарының мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың 47,2 шақырымы яғни, 131 көше Абай ауданына тиесілі екен, ал, қалған 13 көше, 5,2 шақырым жол Әл-Фараби ауданына қарасты. Атап айтқанда Абай және Әл-Фараби аудандары бойынша Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ, Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Сәуле, 276 орам, Ақжар-2 тұрғын алаптарындағы көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды мердігер мекеме «Асфальт» ЖШС атқарды. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді.


 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ҚАЛАЛЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАДА ЖЫЛЫНА 11 МЫҢ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ

Бұл жайында қала әкімі М.Әйтеновтың қалалық перзентхананы аралау барысында белгілі болды. Шаһар басшысы перзентханаға арнайы барып, қазіргі жағдайымен танысты.

Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан.

Қазіргі таңда мекемеде 53 білікті дәрігер, 171 орта, 87 кіші медперсонал жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 153 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде.

Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Оған бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралған-ды. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. 2021 жылы 41 медициналық құрал-жабдық (22-і жергілікті бюджет есебінен) сатып алынды.

 Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалды.

 Қала әкімі шаһардағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртудың маңыздылығын, ана мен баланың денсаулығын жақсарту, демографиялық көрсеткішті одан әрі ұлғайту негізгі бағыттардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.

Ал, Шымкент қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның сөзінше, бүгінде отбасыларға қолайлы болу үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен,  балаға күтім жасау, перзентханадан шығару сияқты іс-шаралармен жүргенде, ата-ананың ХҚО-ға баруға уақыты тапшы болады. Осындайда қызметтерді проактивті тәсімен алу – ең қолайлы шешім. Бұл орайда айта кетейік, телефон хабарламасының көмегімен баланың туу туралы куәлігін, тууға байланысты жәрдемақыны және балабақшаға кезекті рәсімдеп қана қоймай, баланы тұрғылықты жеріне тіркеуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Шымкентте әр 15 минут сайын бір сәби дүниеге келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, демографиялық өсім жағынан Шымкент Қазақстанда алдыңғы орында тұр. Медицина мамандарының айтуынша, үшінші мегаполисте күніне орта есеппен 120 сәби туылады. Яғни, әр он бес минут сайын бір шымкенттік дүние есігін ашады деген сөз. Ал биыл жыл басынан бері 100 егіз өмірге келген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 балаға көп.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШТАБТЫҢ ТӨРАҒАСЫ ШЫМКЕНТТЕ

Референдумды қолдау жөніндегі Республикалық штабтың төрағасы Төлеубек Мұқашев пен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірдестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Шымқалаға арнайы жұмыс сапарымен келді.

Олар қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және еңбек ардагерлерімен кездесіп, 5 маусым күні өтетін референдумның мәні мен маңызы жайында әңгімеледі. Кездесуді Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды.

— Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Сол саяси реформаны жүзеге асыру бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындап отыр. Жалпы, 5 маусымда өтетін референдумның нәтижесінде Конституция жаңа, әділетті Қазақстанның жаңа сипатты негізгі Заңы ретінде танылады. Сондықтан барша азаматтарды аталған референдумға белсенді түрде қатысып, өз азаматтық позициясын білдіруге шақырамыз, — деді Т.Мұқашев.

Өз кезегінде ардагерлердің атынан сөз алған Б.Ізмұхамбетов Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көрсетілген және олардың сақталуы мен іске асырылуына кепілдік беретін құжат екенін атап өтті.

–Ата Заңымызға енгізілетін әрбір өзгеріс мемлекет пен қоғамға жалпылама түрде ғана емес, әрбір жеке азаматтың өміріне, оның тағдырына, тұрмыс деңгейіне, ұрпақтарының болашағына да тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті әрбір адам референдумға қатысып, өзінің таңдауын саналы түрде жасауы тиіс, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Айта кетейік, басқосу барысында еңбек ардагерлері мен мәслихат депутаттары Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы ойларын ортаға салып, қала тұрғындарын референдумға белсенді түрде қатысуға шақырды.

ШЫМКЕНТТЕ МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ АНЫҚТАЛМАҚ

Шымкент қаласы түрғындарының назарына! «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсына қатысу үшін өтінімдер кабылдау басталғандығын назарларыңызға жеткіземіз. Конкурс отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғыртуға, отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіруге және қоғамдағы отбасының мәртебесін арттыруға бағытталған. Конкурсқа қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктері бар отбасылардың мүшелері жіберіледі. Конкурсты өткізу қағидаларымен Шымкент қаласы әкімдігінің www.gov.kz сайтынан танысуға болады. Конкурсқа қатысу үшін құжаттар (өтінім, конкурстық материалдар) 2022 жылғы 23 мамырдан 23 маусымға дейін келесі мекен-жайларда қабылданады:

Абай ауданы әкімінің аппараты, Шымкент қаласы, Тәуке хан, № 3А. Байланыс: +7 (7252) 53-02-00;

Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты, Шымкент қаласы, Тыныбаев көшесі, № 49. Байланыс +7 (7252) 54-58-46;

Еңбекші ауданы әкімінің аппараты, Шымкент қаласы, Толстой көшесі, № 119. Байланыс +7 (7252) 53-27-42;

Қаратау ауданы әкімінің аппараты, Шымкент қаласы, Бәйдібек би даңғылы, № 60. Байланыс +7 (7252) 77-45-96.

Өз тіркелген ауданыңызға құжаттарды тапсырыңыз.  Толық ақпаратты келесі сілтеме арқылы біле аласыз: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2100000306

Ескеретін жайт, Қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар және бұрын сотты болған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.Конкурс үш кезеңде өткізіледі.

Бірінші кезең – аудандық (қалалық);

Екінші кезең – өңірлік;

Үшінші кезең – ұлттық.

Айта кетейік, 2021 жылы конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады.

«Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы Шымкент қаласы бойынша «Әлиевтер отбасы» болып анықталған еді.

Еске салсақ, 2021 жылы Шымкент қаласының тұрғындары арасынан барлығы 110 өтініш қабылданған болатын. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4 есе көп отбасы қатысқандығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, 2021 жылы байқауға көп балалы және жас отбасылар екі есе көп қатысқан.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат