Бейсенбі, 19 Қазан 2023 14:27

Түркістан: ескерткіштерге жауапкершілікпен қарау керек

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Түркістанда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының отырысы өтті. Осы саладағы өзекті мәселелер талқыланып, аудан, қалалардан келген ұсыныстар қаралды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ескерткіштерді орнатуда заң талаптары қатаң сақталуы керек екенін жеткізді.

– Тарихи маңызы бар ескерткіштерді қорғау өте маңызды. Бұл бағытта жауапты басқарма мен мекеме тарапынан тиісті жұмыстар жалғасуы керек. Аудан, қалаларда жер телімдерін пайдалануға бермес бұрын тарихи және археологиялық ескерткіштер бар-жоғын анықтап, мамандардың келісімін алу қажет. Тағы бір мәселе – жаңа ескерткіштер орнатуда заң талаптары, арнайы ережелер сақталсын. Бейберекетсіздікке жол берілмейді. Ескерткіштердің тарихи мәні болғаны жөн. Халық мойындаған, елге еңбегі сіңген тұлғаларға ғана ескерткіш орнатуға рұқсат етіледі. Екіншіден, осы комиссия құрамын қайтадан жүйелеп, тәжірибелі сәулетшілерді, мүсіншілерді де енгізу керек, – деді Бейсен Тәжібаев.

Комиссия отырысында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбеков «Түркістан облысы бойынша монументті өнер құрылыстары» туралы баяндама жасады. Ал Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының директоры Жандос Құрбан «Түркістан облысындағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің жай-күйі» тақырыбында есеп берді.

Қазіргі таңда облыс бойынша 1770 тарихи-мәдени мұра объектісі есепке алынған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 34 (8 археологиялық, 26 сәулеттік), жергілікті маңызы бар 403 (374 археологиялық, 49 сәулеттік), алдын ала есепке алу тізімінде 1332 (оның 108 сәулеттік, 1160 археологиялық, 64 киелі объект) бар. Монументті өнер туындылары мен мемориалдық тақталардың саны – 831.

Бүгінде өңірде монументтік өнер ескерткіштерінің саны жыл санап артуы және көркемдік жағынан сын көтермейтін ескерткіштердің орнатылуы алаңдаушылық тудырып отыр. Облыс көлемінде 2022 жылы 12 монументтік ескерткіш орнатылған. Оның бірқатары заңсыз орнатылып, аудан, қала әкімдіктеріне ескерту берілген.

Ескерткіш орнату үшін жергілікті атқарушы органдар монументті өнердің құрылыстарын орнату жөніндегі ұсыныстарын аса көрнекті тұлғаның үлесін немесе тарихи оқиғаның маңыздылығын растайтын құжаттармен қоса тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға жолдайды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде арнайы комиссия шешім қабылдайды.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңға 2019 жылы бірқатар өзгерістер енгізілген. Өңірде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескертіштерінің мемлекеттік тізімі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 2010 жылы (434 ескерткіш) алғаш рет бекітілген. Міне содан бергі уақытта бұл мақсатта қаржы бөлінбеген. Қаржы бөлінбеуі салдарынан мемлекеттік тізімге қосымша ескерткіш енгізуді жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Сонымен бірге мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау бағытында да мәселелер бар. Кейбір әкімдіктер тарихи және мәдени ескерткіштер, археологиялық қазбалары бар-жоғына сараптама жасамай, жер телімдерін пайдалануға беріп жіберген. Заң бойынша жер телімдері тарихи-мәдени сараптамадан өтуі тиіс. Мамандар осылай жалғаса берсе, тарихи мұралардлан айырылып қалу қаупі бар екенін айтады. Облыс әкімінің орынбасары осы мәселелерді зерделеп, нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

Жиында Жетісай, Төлеби, Шардара, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Түркістан және Кентау қалалары әкімдіктерінің ұсыныстары қаралды. Жетісай ауданындағы Х.Доспанова атындағы №28 жалпы орта мектебінің алдынан Кеңес одағының батыры Хиуаз Доспанованың бюстін орнату, Түркістан қаласында Түркияның көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің бюстін орнату, Желтоқсан оқиғасының қаһармандарына арналған монумент орнату және өзге де ұсыныстар талқыланды. Комиссиядан қолдау тапқандары республикалық комиссияға жолданатын болды.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңға сәйкес аудандардың жергiлiктi атқа­ру­шы органдары өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерт­кiш­терiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi. Алайда, аудан аумақ­тарында жергілікті тұрғындар үшін жерлеу тәртібін ұйымдастыру, жаңа қойы­лымдарға арналған арна­йы жер телімін бөлу, оны белгілі бір ұйым­ға заңдастырып рәсімдеу жұмыс­та­ры іс жүзінде орындалмай келеді. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақ­тап қалудағы негізгі шаралардың бірі – аумақтарды игеру кезінде жер учас­келері бөліп берілгенге дейін та­ри­хи-мәдени мұра объектілерін анық­тау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргі­з­ілуге тиіс. Тарихи-мәдени мұра объек­ті­лерінің сақталып тұруына қатер төн­дір­уі мүмкін жұмыстардың барлық түр­лерін жүргізуге тыйым салынады. Қа­зақ­стан Республикасының 2003 жыл­ғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 127-бабы бойынша тарихи-мәдени мақ­саттағы жер тарихи-мәдени мұра объек­тілері, оның ішінде тарих және мәде­ниет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.

Біздің алдымызда тұрған басты мін­дет­­­тердің бірі – барша қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құнды­лық­та­рын сақтау және болашақ ұрпақ­қа аманат ету болып табылады. Тәуелсіздік жылдарынан бастап қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, елі­міздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйым­дармен ескерткіштерді қорғау сала­­сында ынтымақтастық белсенді дамы­­ды. Елімізде мұны қамтамасыз ету бар­лық заңды ұйымдар мен нақты адам­дардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объек­тілерін қорғау және пайдалану тура­лы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады.

Заңнамада археология, ансамбль, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондай-ақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюстер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген.

Жергілікті тұрғындар арасындағы көп кезде­сетін сұрақ болғандықтан мону­ментті өнердің жаңа құрылыстары уәкі­лет­ті органның шешімі негізінде жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады.

Археологиялық зерттеулерді заң­сыз жүр­гізу жағ­дайларына келер болсақ, қа­зіргі таң­да далалық жерлерде белгі­сіз кен із­деу­шілер немесе «қара археолог­тар» ме­талл іздегіш радарлармен археологиялық ескерткіштерді қазып, талқан­дап кету жағдайлары көп кездеседі. Олар­дың әрекеті ескерткіштің мәдени қаба­тын жойып, сақталған құрылысын анық­тауға нұқсан келтіреді, құнды жәді­­гер­лердің қайтарымсыз жоғалуына әке­­ліп соғады.

Қылмыстық кодекстің 295-бабына сәйкес археологиялық жұмыстарды заңсыз жүр­гізу бойынша тарихи-мәдени мұра объек­тісінде археологиялық жұмыстарды заң­сыз жүргізу – іздестірудің арнайы техни­ка­лық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе он мың, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу­ға не сол мөлшерде түзеу жұмыс­та­ры­на не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халық­тың тарихы мен мәдениетінің күй­ре­уіне, жойылуына алып келетіні белгілі.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 123 рет