Түркістан облысының даму стратегиясы дайындалып жатыр

Түркістан облысының 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының кешенді жоспары әзірленуде. Өңірдің дамуының негізгі мақсаттары, алда қол жеткізетін көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі.

ШЫМКЕНТТЕ ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЗЕРТХАНАСЫ ЖАҢА АППАРАТПЕН ТОЛЫҚТЫ

Бүгін Шымкенттегі диагностикалық орталықтың зертханасында жаңа талдау аппараты іске қосылды. Орталықтағы зертхана халықаралық стандарт жүйесі бойынша жұмыс істейтін, CML медициналық зертханалардың сапасы мен құзыреттілігіне қойылатын талаптарды белгілейтін ISO 15189-2015 халықаралық стандарты бойынша аккредиттелген. Орталықта 350-ден астам зертханалық талдаулар жүргізіледі.

– Қазіргі таңда аутоиммундық аурулар көбейіп барады. Сондықтан да оны диагностикалауға арналған анализатор аппаратын алдық. Сыртқы және ішкі зертханалық сапаны бақылау, медициналық көмек көрсету сапа жүйесінің құрамдас бөлігі. Күн сайын зертханада зерттеудің барлық түрлеріне ішкі бақылау процедуралары жүргізіледі. Зертхана сапаны сыртқы бағалауға қатысады, яғни үлгілердің сапасы ай сайын «RigasRandox» және «Bio-Rad Laboratories» зертханаларында расталады. Сондай-ақ бізде сирек кездесететін талдау түрлері де жасалады. Атап айтсам, гематологиялық , биохимиялық, жалпы клиникалық , молекулярлық, генетикалық, аллергологиялық, гормоналды панель (IHL әдісі) онкологиялық панель (ICL әдісі) қант диабеті маркерлері (CLI әдісі), остеопороз маркерлері (CLI әдісі) жүрек маркерлері (ICL әдісі), гельминтозды инвазиялар (ИФА әдісі) инфекцияның диагностикасы сынды анализ түрлері бар(әдістері - ПТР, ICL, ELISA). Жалпы зертхана жаңа аппараттарыдың толығуымен қоса талдамаларды жедел жасап беру жағынан да ілгері тұр, – деді зертхана меңгерушісі Нұрсұлу Бердиярова.

Айта кетейік, Шымкенттегі Денсаулық сақтау басқармасына қарасты Диагностикалық орталықтың зертханасы елімізде үздіктердің бірі. Биыл қыркүйек айында Астана қаласында өткен республикалық форумда «Үздік зертхана» номинациясы бойынша марапатталды.

 

ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ІС ШАРАЛАР ӨТУДЕ

Шымкентте 25 қазан – Республика күніне орай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақ орамал» этнотанымды симпозиумында ұлттық киімнің шығу тарихы мен қыз баланың бас киіміне байланысты кең көлемде салиқалы әңгімелер айтылды.

Маңызды басқосуда орамалдың ескі мен жаңа үлгілерін үйлестіріп, жаһандану дәуірінде өзіне тән бейнесін насихаттау үшін елімізге еңбегі сіңген этнограф-зерттеушілер арнайы шақырылған. Олардың арасында белгілі этнограф, қылқалам шебері, бірнеше этнографиялық кітаптардың авторы Ералы Оспанов, бізкестеші шебер, зерлеу үйінің негізін қалаушы Айжан Абдубайтова, этнодизайнер Тілек Сұлтан және қолөнер шебері Эльмира Шермұхаметовалар бар.

–Соңғы кезде қоғамда, әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының орамал орауы жайында көп пікірталас туындады. Дін жолын ұстанғандар мақұлдаса, тағы бір топ оған қарсы шығып жатыр. Маман ретінде айтар болсам, заман ешқашан бір орында тұрған емес. Үнемі ауысып, адамдардың өмірілік ұстанымы мен көзқарасы өзгеріп отырады. Өзгерістер орын алмаса, жаңалықтар да болмайды. Десе де, заманына қарай жаңалықтарды да дұрыс қабылдап үйрену керек. Дін мәселесі көтерілген сәтте оқушы қыздардың орамалына қатысты пікірлер жиі айтылады. Тарихқа үңілсек, қазақ Қоқан хандығы мен Кеңес дәуірінің озбырлығын бастан өткерді. Тәуелсіздіктен кейін біз ұлт ретінде қалыптасып, қазір ұлттық құндылығымыз бір ізге келе бастады. Егемендіктен кейін мемлекеттің аяқтанып алуына көп көңіл бөлінді де, құндылық, салт-дәстүрде азғана бостық пайда болды. Сол орынды түрлі діни ұстанымдар мен ұлтымызға жат киімдер иеленді. Қазір жас қыздардың басына қара және ақ түстегі орамалды жиі көріп жүрміз. Негізінде, салтымызда қыздар анасына көмектесу үшін үй шаруасына араласқан сәтте қызыл, сары, жасыл секілді жарқын түсті бір байлам шыт орамал ораған. Өйткені ақ орамал – балалы болған аналар орайтын орамал болған, - деді этнограф Ералы Оспанов.

Ал, этнодизайнер Тілек Сұлтан қазақ қыздарының жасына қарай киім кию үлгісі жайында айтып берді.

–Қазақ халқының ең ардақтысы да, байлығы да әйелдері болған. Ер адамның бар байлығы – жүйрік аты мен беліндегі белдігі. Қыз бала шыр етіп өмір есігін ашқаннан, қартайып өмірден озғанға дейін киім-кешектерін алтын, күміс, асыл тастармен әшекейлеп, қадірлеген. Қыздар 5-6 жасқа дейін ұл баламен бірдей ойнап, өседі. Одан кейін кесек ұстамай, тазалыққа бет бұрып, қызға тән қасиеттер қалыптаса бастағанда анасы маңайындағы абысындарын шақырып, шағын той жасап, қыздың шашын өріп, алғашқы үкілі тақиясын, үстіне кестеленген қызыл комзол кигізген. Қазір кейбір адамдардың діни көзқарасқа байланысты 6-7 жастағы қыздарына орамал орағаны жиі кездеседі. Негізінде ата-салтымызда кішкентай қызды мұншалық еркінен тыс күйде орандырып қоймаған. Ежелден қазақ қызын қатты еркелетіп, құрметтеген. Бар жақсысын кигізіп, бар асылды қызға лайық көрген. Әке үйінен ұзатылып кеткенше қыздың басынан үкілі тақиясы түспеген. Бүгінде қазақтың қай ұлттық киімін алып қарасаңыз да, шариғатқа қайшы келмейді, – дейді этнодизайнер.

Симпозиум барысында Т.Сұлтан әр өңірдің, әр рудың кимешек үлгісін көрсетіп, осыған қарап әйелдердің жасы, тұрмыстағы жағдайы жөнінде баяндап берді. Осылайша басқосуға жиналған ақ жаулықты аналар, студент жастар, тігіншілер, зиялы қауым өкілдері ұлттық киімді насихаттаушылардан құнды мағлұматтар алып, ұлттық киімнің біз білмеген сырына қанықты.

 

РЕСПУБЛИКА КҮНІНДЕ ШЫМКЕНТТІКТЕР КӨПТЕГЕН МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАРДЫҢ КУӘСІНЕ АЙНАЛАДЫ

Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова мәлімдеді.

–Өздеріңізге белгілі 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Республика күніне «ұлттық мереке» мәртебесін қайтаруды ұсынаған болатын. Биыл міне, аталған мереке елімізде екінші рет аталып өткелі жатыр. Осыған орай Шымкент қаласында Республика күні мерекесін жоғарыда деңгейде ұйымдастыру және атап бойынша арнайы іс-шаралар жоспары жасалды. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бүігінгі таңда қала аумағында мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы жоспар аясында мерекелік және патриоттық-тәрбиелік маңызы бар көптеген іс-шаралар өткізілетін болады, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.

Атап айтар болсақ, ұлттық мереке қарсаңында «Ұрпаққа аманат» жобасы аясында «Патриотизм дауысы» атты патриоттық әндер челленджі; «Дебаттық қозғалыс» жобасы аясында «Мен өз елімнің азаматымын!» атты қалалық дебат турнирі және жастар арасында зияткерлік конкурстар ұйымдастырылады.

– Жалпы мерекеге орай қаланың барлық 5 ауданында арнайы мерекелік концерттік іс-шаралар, көрмелер мен ауыл шаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады, – деді М.Кеуенова.

Атап айтқанда, Абай ауданында – 25 қазан күні сағат 12:00-де «Асар» аллеясында; Әл-Фараби ауданында – 24 қазан күні сағат 11:00-де Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда; Еңбекші ауданында – 23 қазан күні сағат 12:00 Ш.Қалдаяқов атындағы Облыстық филармонияда, Қаратау ауданында – 25 қазан күні сағат 11:00-де Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында және Тұран ауданында – 24 қазан күні сағат 15:00-де «Жастар ресурстық орталығында» мерекелік іс-шара өтеді.

Сонымен қатар, қала бойынша бірнеше шағын аудандар мен тұрғын алаптарда 15 балалар ойын және спорт алаңшалары пайдалануға берілетін болады.

Ал, 25 қазан күні сағат 10:00-де «Тәуелсіздік» саябағындағы «Мемлекеттік рәміздер алаңында» Мемлекеттік салтанатты ту көтеру рәсімі өткізілетін болады.

Брифинг барысында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Алмас Керімбеков Республика күніне орай ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар жайлы айтып берді.

– Қалалық кітапханаларда «Байтақ далам, туған жерім, киелім!», «Ақын – елдің ардағы» мерекелік кеші, «Қыран далам – Қазақстан!» бейне ролик көрсетілімі, «Асқақтай бер – айбынды Қазақстан», «Мәңгі жаса қыран елім», «Жайна, жаса менің – Қазақстаным» атты мерекелік әдеби кештер өткізіледі. Бүгін ғана Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Ақ орамал» атты этно-танымдық симпозиумы өткізілді. Одан бөлек, Шымкенттегі 5 мәдениет үйінде «Менің Отаным – Қазақстан!» атты мерекелік концерттік бағдарламасы, Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігі және Сайрам мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Шымкент палау» халықаралық фестивалі өтеді, – деді Алмас Ерғалиұлы.

Оның айтуынша, Ж. Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында «Абылай ханның арманы» драмасы сахыналанады. Ал, 24 қазан күні сағат 16:00- де Түркістан сарайы концерттік залында «Менің Қазақстаным!» атты Республика күніне арналған салтанатты концертін ұйымдастырып өткізу жоспарлануда.

 

ШЫМКЕНТ: «АРМАНДА» ФОРУМЫНЫҢ СПИКЕРЛЕРІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Бүгін Шымкентте өтіп жатқан «Арманда» форумы аясында спикерлер қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Атап айтсақ, жоба жетекшісі Арман Дәулетияров «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында болып, ондағы келушілермен және орталықтың жұмысымен танысты.

— Орталыққа келудегі мақсатым осы жерге келуші мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, олардың өмірімен, шығармашылығымен танысып, бізде олармен бірге екендігімізді көрсету. Шымкентке бірінші рет келіп тұрмын, тұрғындардың жылулығы, қазақ тілін құрттеп, тек қазақша сөйлейтін ұлтжандылығы ұнады. Орталықтағы бірқатар өнерпаздардың өнерімен танысып, олардың талантына тамсанумен болдым. Өмірдің қиын сәттерінде сынбай, алға қарай ұмтылып жатқандығы маған ұнады, - деді А. Дәулетияров.

Одан кейін «Жастар ресурстық орталығында» форум спикері көпшілікке Нұрлан имам есімімен таныс Нұрлан Байжігітұлы жастармен кездесті. Онда отбасындағы адалдық, сыйластық, отбасы құндылығы тақырыбында әңгіме өрбіді.

— Қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғадым. Бүгін жиынға жастардың көптеп жиналып, орын болмаса да тік тұрып тыңдағанына риза болдым. Тек отбасы жайында емес, химиялық есірткінің зияны, діндегі күнәсі, ерте жүктілік, бозбала мен бойжеткеннің қарым-қатынасы, лудомания жайында да сұрақтар болып, оларға жауап бердім. Жастарға мұндай кездесулер өте қажет, - деді Н. Байжігітұлы.

Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, жастарарға мазмұнды жауап берумен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте «АРМАНДА» атты республикалық форум өтті. . Шараның негізін қалаушы әрі ұйымдастырушысы – психология ғылымдарының кандидаты, медиаменеджер, қоғам қайраткері Арман Давлетяров.

Шымкент қаласында өткен форумда көпшілікке Нұрлан имам ретінде танылған Нұрлан Байжігітұлы, белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы және продюсер Жан Мұқанов спикерлік етті.

Форумның іс-шаралары бұған дейін Астана, Қызылорда, Түркістан қалалрында өткен. Мұнан кейін де еліміздің бірқатар қалалары мен өңірлерінде өтеді деп жоспарланған.

 

Түркістан: қытайлық компания Арыста бірлескен жаңа зауыт салуға ниетті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық «Zhejiang Navas Industry and trade Co LTD» компаниясының басшыларымен кездесті. Олар Түркістан облысынан жылу жүйесіне арналған алюминий радиаторларын, еден аралық жылыту конвекторы (теплый пол), газ қазандықтарын шығаратын әлемдік стандартқа сай кәсіпорын салуға ниетті. Жобаның жалпы құны 10 млн. АҚШ долларын құрайды.

Түркістанда жалпыға бірдей сейсможаттығулар өткізілді

«Жер сілкінісі» бойынша сейсмикалық жаттығулар өткізу үшін Түркістан облысы аумағындағы 350 (319 «Марс-Арсенал», 31 «С-40») құлақтандыру жүйелері арқылы дабыл берілді. «Баршаның назарына!» құлақтандыру дабылы іске қосылып, облыс бойынша жалпыға бірдей сейсможаттығулар өткізілді.Мұндай оқу-жаттығу сауатты іс-әрекет жасау үшін тәжірибе жинауға септігін тигізбек. Сейсможаттығулар облыс әкімі аппаратының, басқармалар үйі және департаменттер үйі ғимаратында, Халықаралық қазақ-түрік университеті ғимаратында және де барлық мемлекеттік мекемелерде, білім ұяларында, көп қабатты тұрғын үйлерде ұйымдастырылды.

Түркістан: индустриалды аймақтары қараусыз қалған басшылардың жауапкершілігі қаралады

Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар бақылауға алынып, тағы да тексеруден өтеді. Оларға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен жұмыс орындарын ашу мәселесі қатаң бақыланады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне және индустриалды аймақтарға жауапты мекеме басшыларына соңғы рет ескерту жасады.

Түркістан облысын дамытудағы басты драйвер – ауыл шаруашылығы саласы

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды орындау жөнінде жоспар бекітіледі. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында арнайы қаралды. Жиында бірнеше басқарма басшысының есептері тыңдалып, жоспарлар жасалды.