Сейсенбі, 31 Қазан 2023 11:47

Түркістан облысында тұтынушы құқығын бұзған кәсіпкерлерге 155 мың теңгеден аса айыппұл салынды

Еліміздің сауда нарығы тауарлар мен қызмет көрсетудің жоғары сапасын талап етеді. Мұны тұтынушылардың шағымдары дәлелдейді. Олардың басым бөлігі бөлшек саудадағы, тұрмыстық қызмет көрсетудегі және онлайн сауда желісіндегі сапасы төмен тауарлар мен мардымсыз қызмет көрсету бойынша шағымданған.

2023 жылғы 1 қаңтар мен 30 қыркүйек аралығында Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 1187 өтінішті қарады. 1120 өтініш (94,3%) қанағаттандырылды, оның 207-сі – жазбаша өтініштер, басқа мемлекеттік органдарға қайта жолданғаны – 53 өтініш, басшылардың жеке қабылдауындағы өтініштер – 246, жедел желі – 403. Сондай-ақ 9 ай ішінде 26 сауда субъектісіне тексеріс ашылып, 33-іне бұзушылықтарды жоюға ұсыным берілді, кәсіпкерлерге 155250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Тұтынушыларға департаменттің көмегімен 30,8 млн. теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау келесі негізгі қағидаттарға сүйеніп жүзеге асырылады. Атап айтсақ, тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жәрдемдесу және осы мүдделерді қорғау, тұтынушылардың заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, электрондық коммерцияда тұтынушылардың заңды мүдделерінің басқа сауда нысандарында ұсынылатын қорғау деңгейінен кем емес қорғалуын қамтамасыз ету, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысуы, тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік органдардан кәсіпкерлерге тексеріс жасауға мораторий жарияланған. Сондықтан Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындардан белсенділік күтеді. Егерде дүкен сөрелерінде тауар бағасы жазылмаған фактілерді анықтасаңыз немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуі байқалса, я болмаса сапасыз қызметті қолдансаңыз аталған департаментке сол кәсіпкерге қатысты арыз-шағым білдірсеңіз болады.

Тұтынушылардың арыз-шағымы негізінде ғана жоспардан тыс тексеру жүргізуге болады. Департаменттің тиісті телефондары: +7771 322 8282, +7700 606 0071, +7775 224 5616, +7707 347 3876. Мекен-жайы –Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы, 32 көше, 16 ғимарат, А корпусы, 427 кабинет.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамымызда әлі де өзекті мәселе. Халықты алдау, сапасыз тауарды өткізіп жіберу немесе сатып алынған заттың кепілдік мерзімі аяқталмай бұзылып қалуы, ал оның ақшасын қайтармай тұтынушыны әуре-сарсаңға салу – Кеңес дәуірінен бері қалмай келе жатқан бір кесіріміз.

Дамыған шетелде сатушы фирма тұтынушы тарапынан ешқандай өкпе-наз естімеуге тырысады, ал алда-жалда ондай бола қалса, тұтынушының алдында кешірім сұрап, сапасыз тауарды өздері келіп ауыстырып береді. Ал ақшасын талап етсе, келтірген моралдық залалын үстіне қосып беріп, тұтынушымен ризаласып қоштасады. Оларда тұтынушы мен сатушы соттасыпты дегенді мүлде естімейсің. Сатушы өзінің атына кір келтірмес үшін тұтынушының барлық бабын табады. Өйткені біріншіден, бәсекелестік қатты. Алда-жалда бәсекелестері тұтынушының талабын қанағаттандырмағанын білсе, сол фирманың есін шығарады. Сондықтан фирма өзінің абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысады. Екіншіден, ондағы халықтың мәдениеті жоғары, сатушының халықты алдау дегені өркениетті елде мүлде болмайды.

Ал бізде кеңес кәсіпорынның тауарын сатып, тұтынушыны көзге ілмей жаман үйренген сатушылар өзінің немесе жұмыс істеп тұрған мемлекеттік дүкенінің беделі үшін ешқашан алаңдамаған. Сол әдет қазіргі жекеменшік дүкен иелерінде де жалғасып келеді. Олардың сатушылары тұтынушыға тіпті сапасыз тауарды немесе арзанды қымбатқа алдап өткізіп жіберуге бейім тұрады. Тіпті тауардың кемістігі кепілдік мерзімде білінсе де ауыстырып беруге немесе ақшасын қайтаруға құлқы жоқ, тұтынушыны әбден әуре-сарсаңға салып қояды.

Қоғамымызда «тұтынушының құқығын қорғау» деген арнайы қызмет бар. Мемлекет оған әжептеуір қаражат шығарып, Сауда және интеграция министрлігінде Тұтынушыларды қорғау комитетін ашқан және оның барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда департаменттері бар.

Қазіргі кезде тұтынушылар құқығының жиі бұзылатын себептерінің бірі – баға белгісінде және кассалық чекте көрсетілген тауар құны­ның сәйкес келмеуі. Сондай-ақ тауарды сатып алу кезінде шарт жа­са­суға мәжбүрлеу, мысалы, смартфонды сатып алу кезінде әртүрлі қосым­шаларды немесе кепілдік көрсету қызметін сатып алуға «зорлап міндет­теу». Тұтынушының өз құқын білмейтіндігін пайдаланып сатушы қо­сым­шаларды алдап өткізуге тырысады.

Тұтынушылардың сатып алынған тауарға кепілдік мерзімі ішінде қойылатын талаптарын қанағаттандыруды кемшіліктерімен байланыс­ты емес шарттармен байланыстыруға тыйым салынады. Бұл тәртіп те бізде жиі бұзылатын көрінеді.Бір кезде қазақстандық тұтынушылар да мұндай артық қызметтерден, керексіз проблемаларға ұшыраудан арылатын уақыт келетін шығар. Ал әзірге тұтынушының құқын қорғау қызметінің жұмысы қауырт. Мұндай қызмет болмаса тұтынушы арамза сатушылардан өз құқын қорғай алмай мүшкіл халде болар еді.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 95 рет