Сәрсенбі, 15 Қараша 2023 14:46

Түркістан облысында әскерге шақыру жұмыстары бойынша отырыс өтті

Түркістан облысында азаматтарды әскерге шақыру науқаны барысындағы мәселелерді талқылау бойынша мәжіліс өтті. Облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың қатысуымен өткен жиында облыс аумағындағы азаматтарды күзгі әскерге шақыру науқаны барысында туындаған мәселелер талқыланды. Мәжіліске бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты. 

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Манапов, Полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Асылхан Төреханов, аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. Жиынды қорытындылай келе облыс әкімінің бірінші орынбасары шақыру науқанын сапалы ұйымдастырып, шақырылушыларды сапалы зерделеп, берілген тапсырысқа сәйкес ҚР Қарулы Күштері мен басқа да әскери құралымдарының қатарына уақытылы жасақталып, жөнелтілуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Айта кетейік, биыл өңірде күзгі әскерге шақыру кезінде 900-ден астам азамат Отан қорғауға аттанды. Жалпы күзде 2 мыңнан астам адам әскерге шақырылады.

Әскер – өмір мектебі. Барып келгендердің пікірінше, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен  мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?! «Армия – мемлекет қуаты» десек, сол сапта жүріп, өз өмірін оң өзгерістермен ұштастырып, жетістікке жетіп жатқандары да жетерлік. Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы жер-жерде әскери бөлімшелерден басталады десек қателеспеспіз.

Әскери бөлімше деп отырғанымыз әрине қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер. Дәл қазіргі уақытта осы бөлімшелердегі жұмыс қарбалас. Себебі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5 ақпандағы №503 Жарлығына сәйкес, ел көлемінде мерзімді әскери қызметке сәйкес азаматтарды шақыру және аттандыру жұмыстары басталып та кетті. 2020 жылы еліміз бойынша әскер қатарына 34 мың азамат шақыртылса, биыл да осы көрсеткішті орындау көзделуде. Осы ретте салмақтың барлығы аймақтардағы облыстық және аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерге түскелі тұр. Әрине жұмыс сол болғандықтан тапсырма орындалады, сенім ақталуға тиіс.

Әлем әзірге әскерден бас тартып, қару-жарақты сылдырлатпай, ұрыс-керіссіз, соғыссыз өмір сүруге жеткен жоқ. Жер шарында өзіне де қатер төндірмейтін сенімділік те әлі пісіп-жетілмеді. Ол мүмкін емес те шығар. Әркімнің тиесілі жерін қорғаудың коды адам атанғалы генетикасына жазылып қойған болуы керек. Қанда бар ғадетті алып тастауға күшті дамыған медицинаның да шамасы келмейді. Әскер әуел баста қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі ретінде санаға берік орнаған. Оның ақиқаттығын уақыт та дәлелдеді. Сол себепті, бүгінде әлем елін мұздай құрсанған әскерсіз елестету мүлдем қиын. Бес қаруы сай әскері жоқ елді қазір мына әлем «әлеуеті жоқ» деп, кем көреді. Есігін теуіп кіріп, төріне озуды да ойына алмайды деп айта алмайды ешкім. Сол кезде әскер – сес, әскер – айбын, әскер – мәңгі қарауыл.

Одақ ыдырағанда оның құрамындағы республиканың бірде-бірінде өзінің дербес экономикасы тұрмақ, біреу әлімжеттік жасаса, «әй!» деп айбат көрсететін әскері де жоқ еді. Бәрі Одақтыкі-тін. Тәуелсіздігін жариялған мемлекеттер азаттығын сақтап қалатын сарбазының қандай күші, нендей қару-жарағы барынан да жетік біле қоймайды. Алып империя ыдырап ала жөнелгенде, оның алып әскери арсеналы да бөліне бастаған. Ал, әскерсіз мемлекеттің ен жатқан жеріне әркімнің көз алартуы мүмкін еді. Сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дереу 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның қарулы күштерін құрды.

Әскер үштіктен тұрды: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Сол уақытта, яғни, 90-жылдары әскери қызметкерлердің саны 200 мың адам шамасында екен. Бүгінде 167 мың ер-азамат елдің тыныштығын күзетеді. Сол дуалы ауыз халықаралық сараптама орталығының айтуынша, Қазақстан әскері мықты әлемдегі 100 елдің қатарында. Атақты Global Fire Power рейтингісінде әлемдегі әскери күш жөнінде 63 орынға ие. Бұл тізімде – әлемнің 140 елі тұр. Мұнда әскердің әлеуеті 50 көрсеткішпен өлшенеді. Сол көрсеткіштер жиналып, ел индексін шығарады. Ол индекс – 1,0286. Былай қарағанда, төмен көрсеткіш емес.

Десек те, әскердің қамал алдырмас қайратын білдіруі үшін рейтингтің мінсіз бағасы – «0,0000» болуы керек екен. Индекс мәні неғұрлым азайса, елдің жауынгерлік әлеуеті соғұрлым күшті есептеледі онда. Бұндай қаружарағымен тас түйін тұрған АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония дейді Global Fire Power. Көршілер арасында Ресей мен Қытай, Өзбекстан әскерінен соңғы орынды біздің әскер иеленепті. Қырғызстан мен Түрікменстан Қазақ-станға есе жібереді. Талдауда әскери жағынан ең әлсіз – Бутан, Косово және Либерия сияқты елдері. Бұлардың дерегінше, Қазақстан әскерінде 238 ұшақ (оның 80-і-истребитель), 75 тікұшақ (оның 22-сі-жауынгерлік тікұшақ), 96 әуежай 300 танк, 1200 бірлік бронетехника, 124 сауда флот, 5 порт және сауда терминалы бар. Рейтинг, жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда 167 мың әскери қызметші барын, бұл – ел халқының барлық санының 0,9%-ы екенін атап отыр.

Соның ішінде, Құрлық әскерлері – жеке құрам бойынша Қарулы күштердің ең ауқымдысы. Шамамен, Құрлық әскерінде 50 мыңға жуық адам қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын, оның егемендігін, мемлекеттік және әскери объектілерді, құрлық шекараларын қорғау, бітімгершілік миссияларға қатысу. Сондықтан да, елдің құрлық әскерінде үміт зор.

Әуе қорғанысы күштерінде авиациялық техника жетерлік. Ашық ресурстағы мәліметтерге сүйенсек, әуе қорғанысы күштері ұшқыштарының ұшу шеберлігінің деңгейі өте жоғары. Көрсеткіш жылына 100-150 ұшу сағатын қамтиды. Ол Ресей Федерациясының әуе күштеріндегі көрсеткішпен пара-пар деседі. Расында, құрлық пен әуе күштерінің одақтан қалған аздыкөпті тәжірибесі бар-тын

Ал, әскери-теңізге келгенде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз кеме-қайықтан құр алақан еді. Сол кезеңді көзімен көрген, Қарулы күштің құрылуының басы-қасында жүрген тұлғалар Елбасының әскери-теңіз күшін құрудағы көзсіз батылдығына әлі тамсанады. Бірде-бір кемесі, сүңгуір қайығы жоқ елдің ондай күш құруы жоқтан бар жасау еді сол сәтте. Мысалы, деректер ең алғашқы сүңгуір қайықтың елімізде теңізге 2001 жылы түскенін айтады. Арада 9 жылдан кейін. Осының өзі біраз жайтты аңғарса керек-ті.

Каспий бассейнінің ерекшелігіне, сондай-ақ геосаяси жағдайға байланысты Әскери-теңіз күштерінде шағын кемелер мен қайықтар бар. Мәлім ақпараттар «оның шамамен саны – 20-22» дейді. Әрине, бір шағын шолу елдегі әскердің қабілетін толық ашып бере алмайды. Режимдік нысан, әрі әскери құпия ретінде ақпараттың бәрі ашық жарияланбайтынын ескерсек, бұл – білетініміз де бізге аз азық емес. Ең негізгісі, әскеріміз бар. Ол әлемдегі мықтылардың 100- дің ортасында. Дұшпанның ел шетін баспауы үшін, басынып, қоқан-лоққы көрсетпеуі үшін әлемде бүгінде ең маңызды осы болып тұр емес пе?!

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 767 рет