Дүйсенбі, 29 Қазан 2018 11:08

Шымкент қалалық сотының жаңа төрағасы тағайындалды

ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Абай Рахметулин Шымкент қалалық сотының жаңа төрағасы Ербол Рахымбековты таныстырды. Кеңеске Шымкент қаласынң әкімі, судьялар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП және БАҚ өкілдері қатысты.

А.Рахметулин Ербол Рахымбековтың сот жүйесінде ұзақ жылғы еңбек өтіліне тоқтала келе оның еңбекқорлығы, кәсіпқойлығы мен принципшілдігін айрықша атап өтті. «Ербол Мұқажанұлы жаңа қызметте еліміздің сот жүйесін дамытуға, заң төрелігі мен әділдіктің сақталуына бар күш-жігерін салады деп сенемін», – деді қылмысты істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. Абай Жамбылұлы Елбасының Жолдауында сот жүйесін жетілдіру тұрғысында берілген тапсырмалардың іске асырулы барысын мәлімдеді. Ол «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының басым бағыттарын орындау, сот актілерін дұрыс түсіндіру және сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, кеңес барысында Шымкент қалалық сотына жаңадан тағайындалған соттың азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов пен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Жанғазин таныстырылды. Кеңес аяқталған соң А.Рахметулин Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотындағы жаңадан ұйымдастырылған фронт-офистің ашылу рәсіміне қатысты.

Рахымбеков Ербол Мұқажанұлы 1964 жылы дүниеге келген. 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1989-1991 жылдары – СҚО Жамбыл ауданының нотариаттық кеңсесінің нотариусы, осы аудандағы халық кеңесі депутаттары президиумының заңгері; 1991-1994 жылдары – СҚО Булаево ауданының судьясы; 1994-200 жылдары – Қарағанды облысы, Нұрын аудандық сотының судьясы, төрағасы; 2000-2002 жж – Қарағанды қаласы, №3 Октябрь ауданының аға судьясы, судьясы, төрағасы; 2002-2010 жж – Қарағанды қаласы, Теміртау қалалық сотының төрағасы, Қазыбек би аудандық сотының төрағасы; 2010-2012 жж – СҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасының төрағасы; 2014-2016 жж – Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы; 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін ҚР Жоғарғы сотының судьясы. 

Ербол Рахымбеков «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, Жоғарғы соттың құрмет грамотасымен және «Үш би» құрмет белгісімен, «Сот жүйесінің құрметті қызметкері», «Сот жүйесінің үздігі» ІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталған.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 1125 рет