Сенбі, 22 Қазан 2022 19:16

Қалтасына есірткі жасырып, шекарадан өтпек болған шетелдікті қамауға алды

Cарыағаш аудандық полиция бөліміне шекара бақылау бекетінен шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда «Наоми» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жатқан жолаушыны көріп үріп, полицейлерге белгі береді.

Полицейлер күмән тудырған азаматты тоқтатып, тексереді. Осы сәтте күдіктінің шалбарының қалтасынан есірткіге ұқсас зат табылады. Алынған зат сараптамаға жолданып, оның «гашиш» есірткісі екені расталды.

 Ұсталған орта жастағы азаматтың Өзбекстан елінің тұрғыны болып шықты. Күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 

ҚР Қылмыстық Кодекстің 286-бабында «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы»төмендегідей жазылған:

 

1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – 

мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) бірнеше рет; 

2) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып; 

4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

5) iрi мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге, прекурсорларға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

 

 

Оқылды 126 рет