Шымкент: Тәртіп сақшылары автокөліктің қосалқы бөлшектерін ұрлап кеткен азаматты ұстады

 

Үйінің ауласында тұрған «Ауди С4» маркалы автокөліктің бөлшек-аккумуляторынан айырылып қалды. Оқиға Шымкент қаласында орын алған.

2023 жылдың 14-наурызында, Еңбекші ауданы полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол арызында, үйінің ауласында тұрған жеке өзіне тиесілі «Ауди С4» маркалы автокөліктің 30 мың теңге тұратын қуаттағышы (аккумулятор) мен 20 мың теңгелік 4 (төрт) дана радиаторын белгісіз тұлға жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 50 000 (елу мың) теңге.

Аталған дерек ҚК-тің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері хабарды алған бойда, күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардан сұрастырылып, жауаптар алынды. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірді. Ол Атырау қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 40-та, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындап, бұл заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын жеткізді. Сондай-ақ, өзі қолды еткен аккумуляторды көлік бөлшектерін сататын дүңгіршектердің біріне апарып, сатып жібергені белгілі болды.

Тергеу әрекеттері жалғасуда.

 

Шымкентте бір жылда 300 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Мәселен, 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың 29-наурыз аралығында «Сергек Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала - Шымкентте 298 922 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 99, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 7 537, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 2239 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 754, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 2060, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 1508, мас халде көлік басқарған – 284, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 1379 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 77, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 282 995 хаттама толтырылып, 7100 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан 9840 жол қозғалысы ережесін бұзған 3052 жүргізуші ұсталды.

Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.

Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!

 

Шымкент: Жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 350-ге жуық жаяу жүргіншіге айыппұл салынды

 

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарып жатқаны жазылған. Азаматтардың арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан емес, жолдың кез келген бөлігінен кесіп өтіп, апат тудыруға себепкер болуы мүмкін жайттар аз емес.

"Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін бұзған 348 (үш жүз қырық сегіз) азаматты анықтап, тиісінше заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырды" делінген хабарламада.

Аталған жаяу жүргіншілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 2 АЕК (екі айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.

Осы ретте, тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілер мен көлік тізгіндеген жүргізушілерге жол үстінде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

 

Шымкентте ІІМ-нің бұйрығымен 10 үздік тергеушінің анасы марапатталды

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Тергеу құрылымының 60-жылдығына арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты шараға тергеу саласының майталмандары, ардагерлер, үздік тергеушілердің аналары, прокурорлар мен департаменттің басшылық және жеке құрамы қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тергеу саласының тарихына жеке тоқталып, оңтүстік өңірде елеулі еңбек еткен ардагер тергеушілерге айрықша алғыс білдірді.

Сондай-ақ, полициямен бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін Шымкент қалалық прокуратурасының қызметкерлерін де мерекемен құттықтады. Сөз соңында, қатардағы әріптестері мен тергеу басқармасының жұмысына қажымас қайрат пен толағай табыс тіледі.

«Баршаңызды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қызметте абыройларыңыз биік, мерейлеріңіз үстем болсын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін.» - деп, қорытындылады генерал Қайрат Дәлбеков.

Ізгі тілектің соңы марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, 10 үздік тергеушінің анасына ІІМ-нің атынан алғыс хат пен гүл шоқтары табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, зейнеттегі ардагерлер «Тергеу құрылымына - 60 жыл» медалімен марапатталды. Бұған қоса, қызметтік міндеттерін үздік атқарғаны үшін Ішкі істер минстрлігінің бұйрығымен полиция подполковниктері Ақмолда Ержан мен Тұрлыбаев Жәнібекке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Тағы 6 тергеушіге ІІМ-нің Алғыс хаты мен Грамотасы берілді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы прокурорының бұйрығымен жұмыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізген 7 тергеуші «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Оның ішінде, полиция майоры Мажимбеков Нұртас, Арипбаев Нұржан есімді тегеурінді тергеушілер бар.

Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бұйрығымен қызметтік міндетін адал атқарған 6 тергеуші алғыс хат иеленді. Ал, полиция департаменті бастығының атынан, «Үздік тергеуші» номинациясымен полиция капитаны Бердіқұлов Еркебұлан, Қуанышбек Рүстем есімді тағы 4 төрт тергеуші марапатталды. Бұған қоса, 52 қызметкерге алғыс жарияланды. Марапаттау рәсімінің соңы эстрада жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.

 

Шымкент: Тәртіп сақшылары балаларға жол қауіпсіздігін үйретуде

Ел аумағында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынып, қарқынды түрде жалғасып жатыр. Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушылардың мектепке барып- қайтатын, олар жиі баратын көпшілік және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Жолдағы қозғалыс бағыттарын арнайы іс-әрекетпен көрсету арқылы жол ережелерін жаттатты.

Акция аясында Қаратау АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы Б. Айкөзов бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді. Тақырыпқа сай, жол ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сұрақтар қойылды.

«Сабақ барысында оқушыларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді тәртіп сақшысы.

Өз кезегінде, оқушылар сабақта меңгерген жол белгілері мен ережелерін көрсетіп, бір-бірімен бөлісті. Полиция қызметкерлері дәрісті қорытындылай келіп, оқушыларға жолда абай болуға шақырды.

Шымкент: Жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 8 мыңнан аса жүргізуші жауапкершілікке тартылды

Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесі осындай.

Хабарламада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарып жатқаны жазылған. Жүргізушілер арасында көп кездесетін жол қозғалысы ережесін бұзудың бір түрі – қауіпсіздік белдігін тақпау болып табылады.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 8279 (сегіз мың екі жүз жетпіс тоғыз) жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.

Аталған жүргізушілер Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 5 АЕК (бес айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.

Осы ретте тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол үстінде көлік тізгіндегенде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.

Шымкент: Екі тәулікте ата-анасының бақылауынсыз жүрген 150-ге жуық жасөспірім анықталды

 

Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері қала аумағында кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз жүруінің алдын алу бойынша іс-шара өткізді.

Тәртіп сақшылары түнгі уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты немесе олар тарапынан жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында жастар көп шоғырланатын орындарға рейд жүргізді.

Шара барысында Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлерімен түнгі уақытта ата-анасының бақылауынсыз жүрген 140 жасөспірім анықталды.

Атап айтқанда: ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша 83 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, сағат 20:00 мен 23:00 аралығында дәмхана, мейрамхана аумақтарында және көше қиылыстарында жарамазан айтып жүрген 57 жасөспірімнің ата-анасы шақыртылып, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қадағалаусыз жүрген 9 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.

Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесу өткізіп, түнгі уақытта дәмхана, мейрамхана аумақтарында және көше қиылыстарында жарамазан айту баланың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіпті екендігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Шымкент: «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жобасы бойынша дәріс өтті

Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі осылай хабарлайды.

Қаратау аудандық полиция басқармасы Ювеналды полиция тобының инспекторлары «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» тақырыбында білім ұяларында сабақ өтіп, оқушылардың жол қауіпсіздігі бойынша сауаттарын арттыруға атсалысып жатыр.

Мәселен, Ювеналды полиция тобының инспекторы Н.Құрамысов №108 мектептің бастауыш сынып оқушыларына арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сабақ барысында көрнекіліктер пайдаланып, бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережесін егжей-тегжейлі таныстырылды.

«Әрбір баланың мектептен тыс жерде жүргенде жол ережесін сақтау өте маңызды. Осы ретте, балаларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді полиция майоры.

Айта өтетін ақпарат, «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жобасы ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес республика көлемінде қолға алынған. Аталған іс шара Шымкент қаласының аудан аумақтарындағы мектеп оқушыларын қатыстыра отырып, түрлі сабақтар өткізу арқылы жүзеге асады. Танымдық-тәрбиелік акция ағымдағы жылдың 10-сәуіріне дейін жалғасын таппақ.