Отырарда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған жиын өтті

Отырар ААӘДБ-не қарасты Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында "Қауіпсіз жол жүріс апталығы" акциясы барысында оқушылардың қауіпсіздігін және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша мектеп оқушылармен Отырар АПБ-нің бастығы полиция подполковнигі Е.Усербаевпен кездесу болды.

Отырарда қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған жиын өтті

Отырар ауданында ұстаздарға қаржылық қауіпсіздік негіздері және қаржы пирамидаларының алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қоғамда өзекті мәселеге айналған алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіріп, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған жиынды аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Дархан Ембай ашып, жүргізіп отырды.

Сарыағаш: Шекарадан шетелдікті заңсыз өткізген ер адам қамауға алынды

Сарыағаш ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен бірге жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған екі күдіктіні, яғни 1 шетелдіктің шекарадан заңсыз өтуіне көмектескен Қазақстан Республикасының тұрғынын ұстады.

Белгілі болғандай, ол Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына шекараны кесіп өтуге тырысқан Өзбекстан азаматы болып шықты. Құқық бұзушылар аудандық полиция бөліміне одан әрі тексеру үшін жеткізілді.

Белгілі болғандай күдікті ер адам осы қызметі үшін шетелдік азаматтан 300 000 теңгеден ақша алған.

Осыған орай тәртіп сақшылары заңды белшесінен басып, пайда тауып жүрген күдікті ұстап, оған ҚР ҚК-нің 394-бабы "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ шетел азаматының шекарадан заңсыз өткені үшін ҚР ҚК-нің 392-бабы "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" бойынша іс қозғалып, қос азамат қамауға алынды.

Түркістан: Алаяқтық қылмысының 7 жайтына қатысы бар әйел анықталды

Түркістан полицейлері алаяқтық жасаған жұмыссыз әйелді қамауға алды. Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес азаматша алдап кеткен. Яғни алаяқ, кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 200 мың теңге ақша алған. Алайда арадан жарты жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті орта жастағы әйел тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, орта жастағы әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 7 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Жетісай: Жол қауіпсіздігі мәселесі журналистермен талқыланды

«Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» акциясы бойынша Жетісай ауданының полицейлері ауқымды іс-шаралар атқаруда. Мысалы тәртіп сақшыларының күнделікті рейдік-профилактикалық іс-шараларынан бөлек, Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.

Келелі кездесуде жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша төртінші билік өкілдерімен бірлесіп, жұмыс атқару талқыланды. Яғни халық арасында, оның ішінде автокөлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, балалардың қауіпсіздігін басты орынға қоюды түсіндіруде жұмыла қызмет ету қажеттігі айтылды.

Өз кезегінде журналистер полицейлерге ұсыныс-пікірлері мен сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасу орнады. Сондай-ақ аудан тәртіп сақшыларының жұмысына оң бағаларын беріп, алдағы уақытта бірге қарқынды қызмет жасайтындықтарын жеткізді.

Одан басқа жетісайлық полиция қызметкерлері «Сіздің жолаушыңыз-бала!» тақырыбымен ата-аналар арасында жиналыс өткізді. Онда әрбір ата-анаға үйде ұл-қызына жол қозғалысы ережесін ұғындыру, жүргізушілерге жол ережесін қатаң сақтау керектігі бойынша сұхбат өрбіді.

Ақпарат ретінде айта кетсек, жалпы Жетісай ауданында 2022 жылдың 10-айында полицейлермен 47 744 оқушыға қауіпсіздік сабақтары өтті. Жасөспірімдер арасындағы түрлі келеңсіз оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында, «Жасөспірім және түнгі қаладағы балалар» профилактикалық шарасы ұйыымдастырылды.

Шымкент қаласында орналасқан кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 4 жасөспірім орналастырылды. Ата-ана құқығынан айыру дерегі бойынша аудандық әкімшілік жанынан құрылған комиссияға 12 іс құжат жолданды.

 

Түркістан облысының полицейлері кезекті мас жүргізушіні анықтады

Ордабасы ауданының патрульдік полиция қызметкерлері қызмет атқару барысында, жол ережесін бұзған "Шевролет" маркалы көлік жүргізушісін тоқтатты. Тексеру кезінде автокөлік жүргізушісінің ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабын «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бұзғаны үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.

Алайда жол қозғалысы ережелерін бұзғанына қарамастан, ер адам мас күйінде рульге қайта отырған. Медициналық куәландыруға оның мас болғанын растады. Бұл жайт ҚР ҚК 346-бабы бойынша «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» тіркелді.

Полицейлер жүргізушіге қатысты жинақталған материалдарды заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді. Нәтижесінде, сот үкімімен жергілікті тұрғынға бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға, ең бастысы – ішімдік ішіп көлік жүргізбеуге шақырады. Бұндай әрекеттің соңы орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін.