Шымкент қаласының әкімі үздік түлектерге диплом тапсырды

Таяуда Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы университеті бітіруші түлектерге арнап салтанатты кеш ұйымдастырды. Онда 444 түлек үздік дипломмен марапатталды. Мегаполистің қақ ортасындағы Әл-Фараби алаңында өткен аталмыш іс-шараға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, үздіктерге дипломды өзі табыстады.

Шымкентте аз қамтылған отбасының балаларына қамқорлық жасалды

«Нұр Отан» партиясы мұрындық болған аталмыш акция Астананың 20 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған болатын. Қайырымды жандар 9 жеткіншекке киім-кешек пен түрлі ойыншықтар жәнемектеп құрал-жабдықтарын сыйлап, балаларды қуанышқа бөледі.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шымкенттіктерді Астана күні мерекесімен құттықтады

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары!

Құрметті Шымкент тұрғындары мен қала қонақтары! Сіздерді еліміздің мақтанышы - Астана қаласының 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Тарих үшін жиырма жыл қас-қағым ғана сәт. Ал, ғаламат өзгерістер өлшемімен салыстырсақ, бұл аз уақыт емес.

 Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық шешімі мен ерен еңбегінің нәтижесінде бүгінде Астана әлем таныған әсем қалаға айналды. Мемлекет басшысының астананы көшіру туралы батыл қадамы стратегиялық, экономикалық және жалпыұлттық маңызға ие баламасыз бастама болды. Еліміздің елордасын ауыстыру арқылы біз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін қамтамасыз еттік.

 Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін орталық. Елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің өтуі толық дәлел бола алады. Өткен жылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтуі Астананың әлемдік аренадағы абыройын асқақтата түсті.

 Астана – Сарыарқа төсіндегі XXI ғасыр ғажайыбы. Астана – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Астана – Еуразия жүрегіндегі ару қала!

 Құрметті шымкенттіктер!

 Бүгінде Шымкент қаласы Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар қала статусын алып, мегаполис атанды. Шымкент қаласын дамытудың жаңа дәуірі басталды. Шырайлы Шымшаһар Астанаға қарап бой түзейтін болады. Алдымызда жауапты міндеттер мен жоспарлар тұр. Шымкенттіктердің еңбекқорлығы мен жаңашылдығы арқасында біз осы міндеттердің бәрін еңсереміз деп ойлаймын. Осындай тарихи шешім қабылдаған Елбасыға Шымкент халқы атынан алғысымызды білдіреміз.

 Астананың 20 жылдығы құтты болсын! Отанымыздың жүрегі – Астана мәңгі жасай берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын! 

Ғабидолла Әбдірахымов,                                               

Шымкент қаласының әкімі

 

Шымкенттің әкімі «ҚазТехникас» ЖШС-нің жұмысымен танысты

Таяуда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Тассай» индустриялды аймағында орналасқан «ҚазТехникас» ЖШС-нің жұмысымен танысып қайтты. Мұндағы өндіріс орнында жарықтандыруға арналған диодты көше және кеңсе шамдары дайындалады екен.

Шымкентте екі түлек ҰБТ-да 138 балл жинады

Биылғы оқу жылында Шымкент қаласында 7987 түлек мектепті тәмамдап, соның ішінде 5446 түлек ҰБТ тапсырды. Соның ішінде 5422 түлек тест тапсыру орнына келген. Биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша Шымкент түлектерінің орташа көрсеткіші 83,6 балды құраған. Қалалық білім бөлімінің мамандары осылай деп хабарлап отыр. Солардың арасында 138 балл жинаған екі түлек бар. Олар - Шымкенттегі №35 мектептің түлегі Гүлдана Мейірбек және №23 мектептің 11 сыныбын тәмамдаған Тұран Азым.

Ғабидолла Әбдірахымов пен Әсет Исекешов меморандумға қол қойды

Шымкент қаласының әкімдігі Астана қаласының тәжірибесін еліміздің үшінші мегаполисін дамыту мақсатында қолданады. Бұл жөніндегі меморандумға 1 шілде күні өткен Жібек жолы қалалары мэрлерінің Global Silk Road атты форумында екі қаланың әкімдері Әсет Исекешов пен Ғабидолла Әбдірахымов қол қойды. «100 нақты қадам Ұлт жоспарын» жүзеге асыру аясында қол қойылған құжат екі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық салалары, кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталып отыр.

Шымкентте алғаш рет барлық 124 мектеп жөндеуден өтті

Ғабидолла Әбдірахымов миллионер қала – Шымкентті Астана мен Алматының деңгейіне дейін көтеру туралы мақсат қойып отыр. Бұл туралы ол таяуда өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында айтты. Сонымен бірге, бұл сессияда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова 2017 жылғы қала бюджетінің орындалу барысы туралы айтып берді.