Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ 5-ШІ КЕЗЕҢІ ЖАЛҒАСУДА

Қазір қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолында жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысанға арнайы барып, жұмыс барысын қадағалады. Жоба бойынша нысан 6 кезеңнен тұрады. Қазір жалпы жұмыстардың 27 пайызы атқарылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 53 адам, 20 техника жұмылдырылған.
Қонаев даңғылы жалғасының 5-ші кезеңі Бадам өзенінен Әскери бөлімінің тұсына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл аралықтың ұзындығы – 4,7 шақырым, ені – 42 метр, 6 жолақты. Ал нысанының 6-шы кезеңі Әскери бөлімнің тұсынан ПК-132 дейінгі аралық, бұл кезеңнің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 15 метр, 4 жолақты.
Аталған кезеңде қазір автомобиль жолының жер төсемдері салынуда. Бригадалар жер асты суы өтетін темірбетонды құбырын орнату жұмыстарын жүргізуде.
М.Дүйсенбекұлының осыған дейінгі аралаудағы жауаптыларға жолды кесіп өтетін 110 кВ магистральді электр желісін қайта орнату бойынша берген тапсырмасы бүгінде орындалған. Сондай-ақ әкім тапсырмасына сәйкес, қазір Бадам өзенінен өтетін көпірді Саттарханов көшесімен қосу жұмыстары іске асырылуда.
Құрылыс барысын тексерген М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға қыркүйекте аталған аралықтағы жұмыстарды және 6- кезеңде Оңтүстік айналма жолы арақашықтығын толық аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Одан бөлек шаһарда Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Аталған жол 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бұл нысанда да болып, жұмыс барысын бақылады.
Шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасына сәйкес, жыл басында қала аумағындағы жолдардың сапасын арттыру мақсатында арнайы мониторинг жасалған болатын. Осыған сәйкес, талдау нәтижесінде жөндеуді қажет ететін көшелер анықталып, оларда биыл орташа, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
 

ШЫМКЕНТКЕ «АҢСАҒАН СӘБИ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 429 КВОТА БӨЛІНДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда. Жалпы, республика бойынша жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Ең көп квота Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қарастырылған.
Еліміздің 9 өңірінде 19 медициналық ұйым ЭКҰ қызметін ұсынады. Оның 18-і – жекеменшік ұйым. Қала аумағында бүгінде 4 репродукция орталығы жұмыс істейді. Қалада ЭКҰ-ға дайындық бойынша қалалық перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық блогы жетекші медициналық ұйым ретінде бекітілген. Онда 2018 жылдан бастап Бедеулік мәселелері жөніндегі кабинет жұмыс істейді. Түрлі ем шараларға қарамастан бір жыл бойы түрлі факторларға байланысты физиологиялық жүктілік болмаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ квотасына қатыса алады. Биыл мегаполиске бағдарлама шеңберінде 429 квота бөлінген. Қазіргі таңда қалада бедеулікпен есепте тұрған 600 жұп бар. Жыл басынан бері арнайы орталықтарға 261 жұп ЭКҰ квота арқылы жолданды. Бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді.

Олар: репродуктивті жас – 18-ден 49 жасқа дейін;

қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер;

  • жоғары фолликулярлық резерв.
Айта кетейік, 2021 жылы қалаға 403 квота бөлінген болса, соның ішінде жүкті болғандар саны – 202. Былтырғы жылы 413 квота бөлінген, соның ішінде жүкті болған саны – 220. Бағдарлама қолға алынған соңғы үш жыл ішінде квота арқылы 136 сәби дүниеге келген.
 

ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ САЛАЛАРЫНДА ТҰРАҚТЫ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

Биылғы 7 айда Шымкент қаласының экономикасының барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан хабарлады. Басқарма ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылғы қаңтар-шілде айларының аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен.
Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.
Инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталуға таяп қалған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.

ШЫМКЕНТТІҢ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

 
«3-Энергоорталық» АҚ-ның станция жабдықтарын жөндеу мақсатында бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы және қысқа дайындық жұмыстары бойынша арнайы баспасөз туры өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев, қала мәслихатының депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты.
«3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Қайрош Оңғарбаев атқарылған жұмыстарды баяндап, қазіргі таңда жылу орталығы қысқы маусымға толық дайын екенінін жеткізді. Орталық өткен жылыту маусымын жоспарға сай өткізген. Бүгінде №1 қазандық агрегатының 2, 4 сатысына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл жұмыстарды 2023 жылдың 24 қыркүйегіне аяқтау жоспарланып отыр.
– Инвестициялық бағдарламаны іске асыру алдағы жылыту маусымында қаланы сапалы және үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылға 2 қазандық, 1 турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған еді. 2 қазандықта жұмыстар толық аяқталды. Қысқы жылыту маусымына толық дайынбыз. Инвест бағдарлама бойынша бөлінген қажыға қажетті құрал-жабдықтар алып, жұмысшылардың жалақысын көбейтіп жатырмыз. Бөлінген қаржы мақсатты жұмсалуда, – деді бас директор.
Күрделі жөндеу жұмыстары мекеме жұмысшыларының өз күшімен және белгіленген мерзімдер аясында жүргізілуде. Инвестициялық бағдарламаны іске асыру жабдықтың тозуын 2,9 % төмендетуге мүмкіндік береді. 2023 жылы көрсеткіш 59,9 % құрады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін станцияның тозуы 57 % -ға дейін төмендетіледі.
Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев қазіргі таңда жылуорталықтың тарифі қаралып жатқанын мәлімдеді. Тариф жылу маусымында бекітіледі. Шымкент қаласының алдағы жылыту маусымына уақтылы дайындығын және тұрақты өтуін қамтамасыз ету басты назарда тұр.
Осы RSS каналға жазылу