2024 жылы грант екі лекте беріледі, 2024 жылдың сәуір айы (213 адам) және маусым (213 адам) айларында беріледі. Жалпы жоспар 426 адам. Бұл туралы «Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту және өтеусіз гранттар беру тәртібі туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.
Басқарма басшысы Жанат Утебаева бірінші лек 2024 жылдың 8 сәуірінен - 18 сәуірге дейін өтінімдер порталда қабылданатынын айтты.
«Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы 452 адамға қайтарымсыз грант берілген. Санаттарға бөлінісі бойынша 42 адам АӘК алушылар, 88 адам еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, 215 адам көпбалалы отбасылар, 71 адам мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, 36 адам асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар» - деді спикер.
Айта кетейік, 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Аталған грант мөлшері 400 АЕК мөлшерінде беріледі (2023 жылы 1350,0 мың теңге, 2024 жылы 3692х400=1476,0 мың теңге).
Грантқа үміткерлер, яғни халықты осал тобына жататын азаматтар:
Бірінші кезекте: «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы тиіс. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарайды;
Екіншіден: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік тарапынан әзірленген «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуы тиіс.
Сонымен қатар, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 273 жасқа 2,5% көлемінде жеңілдетілген шағын несие беріледі.
Несие 5 жылға 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға беріледі. Ал мал шаруашылығы бағытында алса, 7 жылға дейін. Сонымен қатар негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі.
Баспасөз конференциясында бұдан бөлек екі қолға бір күрек таба алмай жүрген шымкенттіктерді жұмыспен қамту шаралары да айтылды.