Жұма, 12 Сәуір 2024 14:04

ШЫМКЕНТ: ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ БАРШАҒА ОРТАҚ АКЦИЯҒА БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСУДА

Шымкентте республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы барлық жерлерде тазалық жұмыстары басталып кетті.
Бес аптаға созылаатын науқанға үшінші мегаполис тұрғындары барынша қолдау білдіріп, тазалық жұмыстарына белсенді қатысуда.
Ал бүгін Шымкентте #TazaShym атты жалпы қалалық тазалық іс-шарасы өткізілуде.
Бұл ауқымды іс-шара Қаратау ауданында да жүзеге асуда. Іс-шара барысында барлық ауданға қарасты елді-мекен аумақтарында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр
Аудан тұрғындары, белсенді жастар «Т.Назарбеков» аллеясының аумағын, Ж.Шаяхметов көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының, «Нұрсәт» шағын ауданы аумағын тазалап, қоқыстардан тазартты, ағаштарды әктеп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға тұрғындармен бірге танымал айтыскер ақын – Б.Байтуов, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы – А.Тоқмағамбетов, белсенді жастар және басқа да азаматтар қатысты.
Жалпы, еліміз бойынша өтіп жатқан акцияның мақсаты қаланы көркейту, абаттандыру, тұрғындар назарын айналасын таза ұстауға аудару.
Осы орайда қаратаулықтар «әр ай сайын тазалық акциясын өткізіп отыру керек. Сол кезде қаламыз да, ауданымыз да тазарып, жайнай түседі»-дейді.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады!

Биылғы көктемде Шымкентте сәндік және жеміс ағаштарының 120 мыңнан астам көшеттерін және орман алқаптарында тағы 20 ағаш отырғызу жоспарлануда.
Осылайша, Шымкентте жеміс ағаштарын отырғызу есебінен жыл сайын "жасыл белдеу" аумағы да ұлғаяды, ол өз ауқымы бойынша 8000 гектардан асады. Қазіргі уақытта қала үшін микроклиматтың қалыптасуы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Шымкент әкімдігінің және қала тұрғындарының басты мақсаты-Сүйікті Шымкентті тезірек "жасыл қала" ету. Сондықтан жыл сайын кешенді шаралар қолданылады және барлық суару жүйелері мен жасыл желектерге зерттеулер жүргізіледі.

 

 

Оқылды 264 рет