Сенбі, 13 Сәуір 2024 09:07

ШЫМКЕНТ: МӘДЕНИ-ТАРИХИ КЕШЕНДЕР ДЕ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛДІ

«Таза өлке» экологиялық апталығы барысында Қаратау ауданының аумағында орналасқан тарихи-мәдени орындардың тазалығы да назардан тыс қалмады. Қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, іргелес елді мекен тұрғындары аулаларды қоқыстан тазалауға, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына қатысты.

#TazaShym жалпықалалық тазалық шарасына қатысушылар Сайрам тұрғын алабында орналасқан, туристердің ең көп баратын аумағы – Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баб кесенелері мен Қызыр мұнарасы маңын тазартуға атсалысты. Аймақты тазалаумен қатар қураған ағаштарды кесу, талдарды әктеу, шөптерді тазалау, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына 450-дан астам адам қатысып, бірқатар арнайы техника жұмылдырылды.

Акцияға қоғам белсендісі М.Мирхалдаров, кәсіби гид-экскурсовод Г.Бекмуратова қатысып, тарихи орынның шығу тарихына қатысты мағлұматпен бөлісті. Олар өз сөзінде еліміздегі туристік аймақтарды дамыту, оларды күтіп ұстау тек мемлекеттің емес, барша азаматтардың міндеті екеніне тоқталды. Ал, белсенді жас А.Сматулла қала жастарын тазалық акциясына белсенді қатысуға және қаламызды таза ұстауға шақырды.

 

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасымжомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырды. Осы ретте Шымкенттіктер өз қаласын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кірісті.

Бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады!

Оқылды 267 рет