– Өздеріңіз білесіздер, елімізде ауыз су мәселесі өзекті. Облыс тұрғындарының 90 пайызға жуығы ауылдарда тұрады. Ауылдар мен шағын елді мекендерде ауыз су мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Созақ ауданына жасаған алғашқы сапарымда осы Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» шағын аудандарының тұрғындары ауыз су мәселесін көтерген. Бұл бойынша тиісті шаралар атқарылды. Тұрғындарды орталықтандырылған сапалы ауыз сумен тұрақты қамту үшін құрылыс жұмыстарын өткен жылы бастадық. Бұл жұмыстар аяқталып, жақын күнде Шолаққорған ауылы тұрғындары 24 сағат сапалы ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса өткен жылы Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендерін орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары басталды. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе біз үшін өте маңызды, – деді Дархан Сатыбалды.
Нысанның құрылыс жұмыстарын «QAZ STROY EVEREST» ЖШС жүргізді. Жоба құны – 1 547 373,0 мың теңге. Құбырдың жалпы ұзындығы – 93,917 шақырым. Құрылысы 2022 жылдың қараша айында басталған нысан, 2023 жылдың соңында аяқталды. Қазіргі таңда жеке тұрғын үйлерді ауыз суға қосу жұмыстары жүргізілуде.
Дархан Сатыбалды Шолаққорған ауылында орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылады. Жауапты басшыларға жүктеліп отырған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім саласының жандануына ерекше көңіл бөліп келеді. Өткен жылы Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осында Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жалпы орта мектебінің құрылысын бастадық. Жаңа мектептің техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғайтылып, оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады. Жауапты тұлғалардан құрылыс сапасына аса көңіл бөлуді талап етеміз, – деді облыс басшысы.
«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан білім ордасының құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Оқу ордасының жоба құны – 5950,000 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын «Қаратау ЛТД» ЖШС жүргізіп жатыр. Білім ұясы 900 орынға лайықталған.
Жалпы, Түркістан облысы тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Сондықтан ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағыттардың бірі. Түркістан облысында бір жылда мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ 10 елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысының халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын үнемі қадағалауында ұстап келеді. Облыста 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамту үшін жер асты су кен орындарын, су көздеріне іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан уәкілетті органдар тарапынан су қорлары бекітілуде. Бұл мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков баяндады.
Өңірде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы облыста 622 елді мекен (7 қала, 615 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. 5 жылда орталықтандырылған ауыз сумен елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетті (7 қала, 713 ауылдық елді мекен) немесе 86,4 %-ға артып, 2025,3 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылып отыр.
Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба бастау алған еді. Ұлттық жобаға сәйкес, іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 16 мың км салу және реконструкциялау), қалаларда сарқынды суларды 100 пайыз тазартуға қол жеткізіледі, инженерлік желілердің тозуы (жылумен, сумен жабдықтау, су бұру) 55 пайыздан 47 пайызға дейін қысқарады. Өз кезегінде, аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Түркістан облысының әкімдігі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ендігі жерде өңірдегі ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтсек.
Ең алдымен, биылғы жылдың басында облыстағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары күшейтіліп, жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алынатын болған. Мұны облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды айтып, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, бірінші кезекте ауыз су мәселесі толық шешуді және салаға қатысты жобаларды жеделдетуді тапсырған болатын. Облыс басшысының айтуынша, ауыз су мәселесін шешуге арналған жобалар сапалы болып, жұмыс тиянақты атқарылуы тиіс. Алдымен жер асты суын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірленеді. 2025 жылы елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында өңір басшысы қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырған-тұғын.
2023 жылдың басындағы жағдай бойынша өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы ауыз сумен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Бұған дейін облыстағы жүзден астам елді мекен ауыз суға жарымай отырған. Десе де, бұл түйткілді шешу бағытында біраз шаруа қолға алынып, атқарылып жатыр. Мәселен, биыл 57 ауыз су нысанының құрылысына бюджет есебінен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішіндегі 43 нысан биыл аяқталуы тиіс. Қалған 14 нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп су құбыры жүргізілмеген 17 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 11 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ.
2015-2021 жылдары аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс көлемінде жалпы 267 елді мекендегі жер асты су қоры бекітілген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, 22 елді мекендегі іздеу-барлау жұмыстарын бітіруге және 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға, сонымен бірге 15 шекара бөлімшесіндегі іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініпті.
Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқы түгел сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан облыс басшылары аталған саладағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, жуырда ғана жиын өтіп, Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орны арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде, өңір басшысы жауапты сала басшыларына Геология комитетімен бірлесіп, қысқа мерзімде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеп, ұсынуды тапсырды және ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты – тұрғындарды толықтай сапалы ауызсумен қамту болғандықтан, Түркістан облысында да ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Себебі бүгінде Түркістан өңіріндегі тұрғындарының 80 пайызы ауылда өмір сүріп жатыр. Осыған орай, биылғы жылдың басынан бері өңірдегі мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын сапалы ресурспен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, тағы он елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылған. Сәйкесінше, қазір облыстағы 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген болса, жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, тұрғындар тіршілік көзіне қол жеткізеді деп жоспарланған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат