Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 22:23

Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша республикада көш бастап тұр

Бұл туралы брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов мәлімдеді.

«2023 жылдың 1 желтоқсанындағы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы халқының саны 2 140 926 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы – 527 633 адам, ауыл халқы – 1 613 293 адам. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 51 145 бала туған. Оның 26 323-і – ұл бала, 24 822-сі – қыз бала. Бүгінде облыс туу бойынша республикада көш басында, оның үлесі 14,3% құрап отыр»,-деді Нұрқожа Ермекұлы.

Бұдан бөлек, спикер өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 10 826 неке тіркелгендігін айтты. Сондай-ақ, 2023 жылы тіркелген ажырасулар саны 2022 жылмен салыстырғанда 5,6%-ға кемігенін жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында көші-қонмен облысқа 35 953 адам келген. Оның ішінде 35 473 адам – Қазақстанның басқа облыстарынан, 473 адам – ынтымақтастық елдерінен, 7 адам - алыс шет елдерден келген. Жалпы облыс ішіндегі көші-қон 40 373 адамды құраған.

Қазақстанның демографиясы елдің әлеуметтік және экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Өткен жылдың 14 қараша күні елімізде халық саны 20 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы 30 жылда халық саны 22,3%-ға өскен. Мәселен 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адамды құраған еді. Халық санының көбеюі білім, еңбек нарығы және денсаулық сақтау секілді салаларға салмақ түсіретіні түсінікті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 14 қараша күні қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады. «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», - деп жазды Президент.

Қазақстандағы әйелдер саны ерлер санынан басым. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Пайызбен айтар болсақ, ерлер үлесі – 48,6% (9 324 840 адам), әйелдердікі – 51,4% (9 861 175 адам). Алдыңғы санақпен салыстырғанда ерлер саны 1,6 млн, әйелдер 1,5 млн артқан. Яғни елімізде 1000 әйелге 946 ерден келеді. Сарапшылардың сөзінше, демография ерекшеліктеріне байланысты 36 жасқа дейінгі ер адамдар саны әйелдерге қарағанда көп, содан кейін ғана олардың саны арақатынасқа салғанда азая бастайды (36 жастан асқан әйелдер саны 736 мың адамға көп). Бұл ретте ерлер әйелдерден тек екі өңірде – Қызылорда және Түркістан облыстарында көп, онда 1000 әйелге сәйкесінше 1006 және 1027 ер адамнан келеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, ұзақ мерзімді демографиялық болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай еңбекке қабілетті жастан асқан халық саны 25%-ға, ал 2050 жылға қарай 1,7 есе өседі. Еңбекке қабілетті жасқа дейінгі халық саны 2030 жылға қарай не бәрі 2%-ға, еңбекке қабілетті жастағы - 11% -ға өседі, бұл ретте 2050 жылға қарай өсім тиісінше 41% және 36% құрайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2050 жылға қарай демографиялық жүктеме коэффициенті Абай, Түркістан және Ұлытау облыстарында 100% - ға жақындайды.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам дайындады. Талдауға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,8 млн - нан (теріс сценарийде) 21,5 млн-ға дейін (оң сценарийде), ал 2050 жылға қарай 23,5 млн-нан 27,7 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 млн 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай – 27 млн 192 мың адамға жетеді.

ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтің айтуынша, 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Астана қаласында – 420 мың адамға немесе 33% - ға - 1,7 млн адамға дейін, Алматы қаласында – 414 мың адамға немесе 20% - ға - 2 млн 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында – 369 мың адамға немесе 32% - ға - 1,5 млн адамға дейін өседі.

Алдыңғы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың көші-қоны саласындағы саясат түбегейлі қайта қаралған болатын. Алдағы бес жылға (2023-2027 жылдар) арналған жаңа тұжырымдама қабылданды. Осы Тұжырымдама шеңберінде қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған оқиғалардың даму сценарийлерін ескере отырып, экономиканың қажетті жұмыс күшіне қажеттілігін қамтамасыз ету бөлігінде негізгі стратегиялық мақсаттар айқындалған. Соның нәтижесінде елдің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы демографиялық және еңбек теңгерімсіздігі тегістеледі деп күтіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, қазіргі таңда жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар, оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен қоныс аудару үшін Үкіметтің қаулысымен қоныстану өңірлері айқындалған. Бұл ретте шығатын өңірлер, яғни халық көп шоғырланған аймақтар - Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары. Осы өңірлердің тұрғындары солтүстікке көшсе, субсидия ала алады. Ол өз сөзінде ерікті қоныс аудару қағидаларына сәйкес субсидиялар түрінде қандай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетінін айтып берді.

Ерікті қоныс аудару қағидаларына сәйкес субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі:

- көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем);

- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін (ай сайын 12 ай ішінде қалаларда бір отбасына 20-дан 30 АЕК-ке дейін, аудандарда 15-тен 21 АЕК-ке дейін төленеді);

- қоныс аударуға жәрдемдесетін жұмыс берушілер үшін (400 АЕК мөлшерінде).

Қоныс аудару кезінде экономикалық ұтқырлық сертификаты берілетін болады.

«Жаңа құрал құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте мұндай тұрғын үйді қайталама нарықта немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит беру арқылы сатып алу құқығы беріледі. Сондай-ақ, қоныс аударушы сертификат қаражаты есебінен өз тұрғын үйін сала алады», - деді Ербол Оспанов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің мәліметінше, 2023 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы қоныс аударушы 8 602 адам (1 925 қандас және 6 727 қоныс аударушы) көлемінде бекітілген. Ал 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс күші көп өңірлерден солтүстік өңірлерге 7 992 адам (2 272 отбасы) немесе жоспардың 92%-ы қоныс аударған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 150 рет