Жұма, 12 Сәуір 2024 22:47

Түркістан облысында қоқыс полигондарының жағдайы сараланды

Түркістан облысындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы өзекті мәселелер бойынша арнайы жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, тиісті сала мамандары, аудан әкімдерінің орынбасарлары және аудандардағы қоқыс жинайтын мекеме басшылары қатысты.

Әлемдік деңгейдегі мәселелердің бірі – ол қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу. Қазіргі таңда облыста қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 151 полигон орны белгіленсе, оның 107-сі нормаға сәйкес келмейді. Оларға талдау жасалды. Нәтижесінде 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Облыс әкімінің орынбасары осыған орай, оңтайландыру жұмыстарын қолға алу қажеттігін атап өтті.

Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалса, ал биылғы жылы меже 26%-ға жоспарланып отыр.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның зерделеуі арқылы Түркістан облысы бойынша өткен жылы 414 бей-берекет қоқыс орны анықталып, тазаланған. Биыл бей-берекет қоқыс орындарын болдырмау мақсатында, тиісті жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы аудандардағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың қазіргі ахуалын баяндады. Оның айтуынша, облыста қоқыс шығарумен 58 мекеме айналысады, 247 дана техника қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, жиын барысында әр ауданнан келген қоқыс шығару мекемелерінің басшылары бұл саланы оңтайландыру бойынша облыс төңірегінде ассоциация құру жөнінде ұсыныс енгізді.

Былтыр мамыр айында осы тақырып бойынша өткен отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың жағдайы бойынша жасаған баяндамасында: «Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде», – деген болатын.

Сондай-ақ, былтыр бастапқыда 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарының талапқа сәйкес келмейтіні 60% пайыз болған еді. Соңғы анықтау, тексеру барысында 70% яғни 109 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталғаны айтылған.Түркістан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Қалмахан осы бағытта атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 29 тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 167 рет