Жексенбі, 14 Сәуір 2024 15:42

Түркістан: облыс басшысы аудан, қала әкімдеріне қатаң талап қойды

Түркістан облысына инвестиция тарту мақсатында аудан, қала әкімдерінің Қытай Халық Республикасына жасалған іссапар нәтижесінде өңірде өнеркәсіптік өндіріс жаңа қарқынмен дами бастады. Облыс әкімінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған шараға өңірдің 210 кәсіпкері әкімдермен бірге барды.

Сапар барысында делегация заманауи технологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобаларымен, сондай-ақ әлемдік нарықта дамып келе жатқан ноу-хау технологияларымен танысты. Облыс делегациясы шетелдің 10-нан астам провинциясы мен қалаларында болып, 70-ке жуық өндіріс орындарының жұмысын көрді. Сапар нәтижесі бойынша аудан, қала әкімдері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға есеп берді.

Қазақ-Қытай бірлескен компанияларында жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бүгінгі таңда 8 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағыттау көзделген.

Дархан Сатыбалды әкімдерге қатаң талап қойды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды айтқан облыс әкімі бұл бағытта белсенді әрекетке көшуді ескертті. Жұмыстарды ширату бойынша аудан, қала әкімдеріне бірқатар міндеттер қойды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды арттыруды тапсырды.

Атап айтқанда, Түркістан қаласында жиһаз шығару зауытына 2,3 млрд. теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынып, жұмысын бастап кетті. Түркістан қаласында шұлық өнімдерін шығаратын цех ашылды. Шардара және Келес аудандарында жалпы құны 45 млрд. теңгеге мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын өндіру, тамшылатып суару жабдықтарын өндіру және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауыты салынады.

Мақтааралда инвестор 2 мың тонна мақта сатып алып, аудандардан ірі қара мал терісін жинау жұмыстары қарастырылуда. Арыс қаласында жалпы құны 70 млрд. теңгеге 4 000 жаңа жұмыс орнын құратын текстиль кластері құрылады. Қазіргі таңда шетел компанияның өкілдері облыста зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ шетел инвесторлары Мақтаарал ауданындағы мақта өңдейтін зауытқа жалпы құны 2 млрд. теңгеге қуаттылығы 600 тонна құрайтын құрал-жабдықтырын сатып алды. Инвестициялық жоба толығымен іске қосылған. Сауран ауданында жиһаз шығару зауытына қытайлық құрал-жабдықтар сатып алынып, жиһазға қажетті 180 түрлі пластмасса және 4 түрлі металл бұйымдары өндіріледі. Одан бөлек тұрмыстық жиһаз, мектеп, кеңселік және аурухана жиһаздары шығарылады.

«Gezhouba group» компаниясы Созақ, Сауран, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында жаңартылған энергия көздері саласында жалпы құны 700 млрд. теңгеге қуаттылығы 1,3 ГВт құрайтын күн және жел электростанциялары инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Сауран ауданында жалпы құны 2 млрд. теңгеге жаңа технологияларды қолдана отырып, жаңбырлатып суару құрылғыларын шығару зауытын жүзеге асыруда. Бұдан бөлек компания қытайлық инвесторлармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығына арналған тракторларын құрастыру жобасын жүзеге асыруды көздеуде. Жобаға шамамен 8 млрд. теңге инвестиция тартылады.

Өңір кәсіпкерлері қытайдың озық технологиялармен танысу арқылы өңірдің өнеркәсіп салаларында жаңа бастамаларды енгізуді қарқынды түрде жүргізуде.

Орайы келгенде айта кетсек, Түркістан облысында 2023 жылы 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген болатын. Оның ішінде 72,4 мыңы – тұрақты, 37,4 мыңы уақытша жұмыс орындары болып табылады. «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасын» жүзеге асыруға жалпы 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды (99,9%). Оның ішінде 39,1 мың адам — тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды келелі мәжілістердің барлығында бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларына басымдық берілуі тиіс екенін ескертіп отыратынын байқап жүрміз.

– Мемлекет басшысы жыл сайын «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын» ашуды тапсырды. Жыл қорытындысына сәйкес бекітілген индикатордың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдеріне «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» көрсетілген межелерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудағы және мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында анықталған кемшіліктер жойылсын. Бюджеттік мекемелерге ғана емес, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына да тұрғындарды тартқан жөн. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу керек, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, республика көлемінде Ұлттық жобалар негізінде 47,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның ішінде Түркістан облысы бойынша 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмысқа орналасқандардың 82 пайызына зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мыңнан астам азаматпен электрондық еңбек келісімшарты түзілген. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірі елімізде бірінші орында тұр.

Былтыр 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. «Еңбек» бағыты аясында жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және субсидияланған жұмыспен қамту шараларына жолданды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 1688 тұрғынға мемлекеттік грант беру көзделді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырды. Бір орынға орташа көлемде 7 адамнан келіп түсті. Нәтижесінде 1688 адам грант алып, өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қол өнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бойынша өз кәсіптерін ашуда.

2023 жылы пилоттық жоба ретінде грант алушыларға бір бағытта кәсіп ашу ұсынылды. Атап айтқанда, Сайрам ауданында бір көшенің бойында орналасқан 20 азамат күрке тауық асыраумен, Сарыағаш ауданында 40 азамат тамшылатып суғару әдісімен құлпынай өнімдерін өндірумен, Шардара ауданында 20 азамат тігіншілікпен, Түркістан қаласында 11 азамат қолөнер бұйымдарын өндірумен айналысуда.

Былтыр ҚР Президентінің сайлауалды тапсырмасы негізінде 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайыздық өсіммен 5 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жоспарланды. Осы мақсатта 2,9 миллиард теңге қаржы қаралды. 933 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 583 адамның жобасы 2772,7 миллион теңгеге мақұлданды. 490 адамға 2236,7 миллион теңгеге қаржысы аударылған. Осы және өзге де жұмыстар арқылы былтыр өңірде АӘК алушылардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеген.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 31 рет