Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 17:53

Түркістан облысында экоакцияның «Киелі мекен» апталығында 170 іс-шара өткізіледі

Түркістан облысында 1 780 тарихи-мәдени ескерткіш, 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ орналасқан. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығында облыс бойынша 170 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Бұл жайында Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Апталық басталғалы бері біршама жұмыстар атқарылып үлгерді. Мәселен, «Фараб» кітапханасының ұжымы қала маңындағы «Гаухар ана» кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. «Ұлы Дала Елі» орталығының қызметкерлері «Әлқожа ата» тарихи ескерткішінің аумағын тазартты. Сонымен қатар, «Арыстан баб» кесенесі мен «Отырар» қалашығының аумағында тазалық жұмыстары жүргізілген болатын. Оған облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттері қатысты»- деді басқарма басшысы.

Тазалық жұмыстары апта бойы жалғасатын болады. Мәселен, «Оңтүстікфильм» мекемесі «Шахан ата» кесенесіне барады. 50 жылға жуық тарихы бар Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының қызметкерлері де өздері қызмет етітін мәдени ошақтың аумағын тазалайды. 17 сәуір күні «Үкаша-Ата» кесенесінде облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен «Open Turkistan» туристік-ақпараттық орталығының қызметкерлері ерікті жастармен бірге абаттандыру және тазалық жұмыстарын жүргізеді. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің екі филиалы да экоакцияға атсалысады. Сондай-ақ, С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейі мен Шаммат Ишан музейінің қызметкерлері өз аумағында тиісті жұмыстарды атқарады. «Мәдени мұра» мекемесі 19 сәуір күні «Гаухар ана» кесенесіне барады деп жоспарлануда.

«6-13 сәуір алағында өткен «Таза өлке» акциясы аясында 267 көлемді іс-шаралар өткізіліп, 2 839 көшенің бойлары, 58 407 шаршы метр аяқ жолдар тазартылған. Сонымен қатар, 346 саябақ және скверлер, 298 балалар және спорт алаңшалары және 272 шақырым көпір, өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары қоқыстан тазарды. Бұдан бөлек, 517 көпқабатты тұрғын үй аулаларын, жертөлелерін, кіре берістері тазартылған. Сондай-ақ, 139 250 дана ағаш отырғызылып, 144 431 дана ағаш әктелді»- деді Жанәділ Нұрғалиұлы.

Айта кетейік, өңірде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, тазарту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тиімді жүргізу үшін облыстың аудан-қалаларының аумақтары секторларға бөлініп, әкімдердің өкімдерімен бекітілген.

 Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.

«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.

«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.

«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.

«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.

«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Туған жерімізді, туған ауылымызды, қаламызды аялау, оны көздің қарашығындай қадірлеу ортақ іс. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жер-жерлерде сантиарлық жұмыстар жүргізіліп, оған жергілікті тұрғындар да, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де атсалысып, тиісті тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 116 рет