Сейсенбі, 16 Сәуір 2024 17:32

Түркістандықтар су басқан аймақтарға барынша көмек көрсетіп жатыр

Түркістан облысынан 10 жүк көлігіне тиеліп жіберілген 200 тонна гуманитарлық көмек Батыс Қазақстан облысына жеткізілді. Сонымен бірге өңірден аттанған 50 ерікті де сол аймақта гуманитарлық көмекті үйлестіру, тасқын судың алдын алу жұмыстарын атқарып жатыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы Түркістан облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті су басқан аймақтарға жөнелткен болатын. Жалпы, бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен су басқан өңірлерге жалпы 88 миллион теңгеден астам қаржының гуманитарлық көмек жіберілді.

Сонымен бірге сол күні Сарыағаш, Отырар, Келес, Сайрам, Сауран ауданы мен Кентау қаласы тұрғындары атынан қажетті заттар тиелген жүк көліктері де жолға шығып, Батыс Қазақстан облысына жеткізілді. Түркістан қаласынан да бірнеше жүк көлігі Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберілді. Жалпы көмек көлемі шамамен 700 тоннадан асты. Әлі де гумантарлық көмек жинау жалғасып жатыр.

Облыс әкімдігінің үйлестіруімен 100-ден астам ауры техника БҚО-ға жіберілді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жұмыстар тоқтамайды.

Бүгінде су басқан өңірлерге жұмыс күші де қажет. Осы мақсатта облыстан 150-ден астам кәсіби құтқарушы СҚО және БҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Облыстық Жастар ресурстық орталығы жасақтаған 50 ерікті БҚО-да суды бөгеу, тосқауыл қою жұмыстарына күндіз-түні көмектесіп жатыр. Бұдан бөлек, Түркістан облысынан арнайы БҚО, Қостанай, Атырау облыстарына барып, көмектесіп жатқан азаматтар да бар. Осы арқылы елімізде азаматтық қоғам, еріктілер қозғалысы, тұтас елдің отаншылдық сезімінің жоғары деңгейге көтерілгені аңғарылды. Ұйымдастыру, ұйымдасу жұмыстары жақсарған. Бұл – ел бірлігінің жемісі! Түркістан облысында гуманитарлық көмек жинау, су басқан аймақтарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады.

Ал, ел Үкіметі болса, Қазақстанның батыс және солтүстік өңірлеріндегі ауқымды су тасқынын болдырмау және оның салдарын жою үшін қажетті күштер мен құралдарды жұмылдырды.

Бүгінгі таңда апатты-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК, МКҚ, әкімдіктер мен ұйымдардан тәулік бойы 34 мыңнан астам адам, 4 мыңнан астам техника, 890 сорғы және 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі тартылды. Су тасқыны басталғалы бері Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Түркістан және басқа облыстардан 1 мыңнан астам арнайы техника мен жеке құрам жіберілді.

Бүгінде зардап шеккен өңірлерге қосымша 500-ден астам арнайы техника жолға шықты. Олар 2 тәулік ішінде жетуге тиіс.Осы орайда жергілікті жерлерде өзендер мен су айдындарының жанында орналасқан елді мекендерді қызыл судан қорғау бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Қорғаныс құрылыстары мен бөгеттер салынып, еріген қар суын шығару қолға алынып, инертті материал толтырылған қапшықтар төселуде. Аэровизуалды тексеру мен дрондардың көмегімен өзендердегі және су қоймаларындағы жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

Су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мемлекеттен қандай көмек түрлеріне қол жеткізе алады?

1.   Материалдық көмек:

100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу (әкімдікке хабарласу қажет);

жоғалған және/немесе бүлінген мүліктің өтемақысы (әкімдікке хабарласу қажет);

су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматқа кредиттер бойынша төлемдер 3 айға, яғни  2024 жылдың 1 сәуірінен бастап 30 маусымға дейін автоматты түрде кейінге қалдырылады (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет. Банктер онлайн өтінім беру мүмкіндігін іске қосты );

зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқынының салдарына байланысты төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет);

су тасқынының салдарынан кәсіптері шығынға ұшыраған барлық зардап шеккен жеке кәсіпкерге, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредиттер бойынша төлемдер олар берген өтініштің негізінде кейінге қалдырылады (әкімдікке немесе банкке тікелей хабарласу қажет);

кредиттік ұйымдардың ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарында тиісті өтініштерді берудің нақты алгоритмдері және кредиттерді қайта құрылымдаудың тәртібі жарияланады. Қарыз алушылардың банктермен және МҚҰ-мен өзара іс-қимыл процесін жеңілдету үшін қашықтан өтініш беру сервисі іске асырылады.

2.   Тұрғын үймен қамтамасыз ету:

су тасқынынан зардап шеккендер қираған баспананың орнына дайын үй сатып алуға немесе жаңа тұрғын үй салуға қол жеткізе алады (әкімдікке хабарласу қажет);

Егер мүлік қалпына келтіруге жарамды болса, онда ЖАО-ның мердігерлік ұйымдарымен немесе мүлік иесінің өз күшімен жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көзделген (әкімдікке хабарласу қажет).

3.     Ауыл шаруашылығы: 

Су тасқыны салдарынан мал басын жоғалтқан азаматтарға шығынды өтеу. Өтемақы мөлшерін нарықтық деректер негізінде залалды анықтау жөніндегі өңірлік комиссия айқындайтын болады; 

Үкімет шаруалар мен мал иелеріне кредиттер мен лизингтік міндеттемелерді өтеуді кейінге қалдыру арқылы қосымша жәрдем көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда оларға айыппұлдар салынбайды;

Төлемді кейінге қалдыру шартымен мал иелерінің өтінімдеріне сәйкес «Азық-түлік корпорациясынан» жемшөпті жеткізу жөнінде. Тиісті өтінімдерді ресми түрде «Азық-түлік корпорациясына» немесе әкімдіктер арқылы жолдауға болады.

4. Шағын және орта бизнеске келтірілген зиянды өтеу:

Су тасқынынан зардап шеккен ШОБ субъектілеріне келтірілген зиянды өтеу тәртібі әзірленді,(жақын арада қабылданады);

Шығындарды өтеуге жоғалған мүліктің (ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар), тауарлық-материалдық құндылықтар,, зақымданған ғимараттар мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарының құны кіреді;

Төлемдер мемлекеттік бюджет және өңірлердегі бюджеттен тыс қорлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

Қазіргі уақытта облыстардың әкімдіктері мен «Атамекен» өңірлік палаталары зардап шеккен ШОБ субъектілерінің тізімін қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, бағалаушы компаниялардың, ШОБ-қа қызмет көрсету үшін адвокаттардың тізбесін айқындайды, залалдың алдын ала сомасын жасайды;

Зардап шеккен нысандар негізінен дүкендер, наубайханалар, шаштараздар, тігін цехтары, кафелер, жылыжайлар, қойма ғимараттары, шаруа қожалықтары және басқа да нысандар;

«Атамекен» ҚР ҰКП-да 1432 «жедел желі» жұмыс істейді.

5. Әлеуметтік сала:

Денсаулық сақтау:

барлық жұқпалы аурулар ауруханасы мен медициналық қызметкерлер дайын тұр. Жүкті әйелдер мен диспансерлік есептегі адамдар ерекше бақылауда. Дезинфекциялық және дәрілік заттардың екі айлық қоры жасақталуда. Оларды медициналық ұйымдардың базаларында және «СК-Фармацияның» өңірлік қоймаларында шоғырландыру жоспарланған;

16 курортты-санаториялық ұйым анықталып, онда су тасқынынан зардап шеккендер тегін қабылданады. Тұтастай алғанда, бұл нысандар бір уақытта 190 адамды қабылдай алады, оңалту курсы 10-нан 14 күнге дейін созылады, бұл мүмкіндігінше зардап шеккендерді емдеу-оңалту шараларымен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясы республиканың 7 санаторийінде әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарды сауықтыру үшін 164 орын бөлді;

1 мамырдан бастап тұрғындарды тегін кәсіби медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылады. Су тасқыны жағдайын ескере отырып, зардап шеккен ауылдық елді мекендердің тұрғындары медициналық пойыз қызметтерімен қамтылатын болады.

Әлеуметтік қорғау:

Төтенше жағдай жарияланған қалалар мен аудандарда 5 мың отбасына мемлекеттік органдарға хабарласпай-ақ атаулы әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалды;

Төтенше жағдай режимі кезеңінде 4 мыңға жуық адамды, оның ішінде балаларды қоса алғанда мүгедектікке қайта қарау мерзімі автоматты түрде ұзартылды. Мүгедектік бойынша жәрдемақы бұрын белгіленген топтар бойынша төленеді;

Төтенше жағдай кезеңінде жұмыссыздардың және субсидияланатын жұмыс орындарында жұмыс істейтіндердің еңбекақысын жұмыс берушілерден ақпарат талап етпей еңбек ұтқырлығы орталығы төлейді;

Су тасқынынан зардап шеккен жастарды шағын несиелендіру бағдарламасы бойынша қарыз алушыларға шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қамтамасыз етіледі, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады. 2024 жылға арналған кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру кезеңінің соңына дейін келесі төлемдерге тең үлестермен бөлінеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 104 рет