Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024 12:19

БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ 30 ШАҚЫРЫМ ЖЫЛУ ЖЕЛІСІ МЕН 2 ҚАЗАНДЫҚ ЖАҢАРАДЫ

Шымкент қаласында жылу құбырларының жалпы ұзындығы 838,6 шақырым, ал тозу деңгейі 37 пайызды құрайды. Жалпы мегаполисті 23 қазандық пен 17 сорғы стансасы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтардың орташа тозуы 30,5%, сорғы станцияларының тозуы 41%.

Өткен жылы 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар Нұрсәт нысанында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді.

Нәтижесінде 2076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекеменің тұрғындары тұрақты жылумен қамтамасыз етілді.

Ал биыл қала әкімінің тапсырмасы бойынша 30 шақырым жылу жүйесінде ағымдағы жөндеу, 4 нысанда құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның екеуінде жылу қазандықтарын жаңғырту, екеуінде 7,2 шақырым жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда тұрғындарды жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көктемгі-жазғы маусымда жоспарлы жөндеу және қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.

Тілге тиек етейік, 2023 жылы 6 185 метр жылу құбырын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған-ды. Мәселен алдыңғы кезекте қала бойынша «ОНС-2» сорғы станциясынан «ТК-4-ке» дейін, «ТК-4-тен» «ОНС-3» сорғы станциясына дейінгі магистралдық жылу жүйесіне қайта құру жұмыстары жүргізілді. Бұл сорғы станциялары мен жылу жүйелері 1980 жылдары қолданысқа берілген. Сондықтан жылу құбырларын толық ауыстыру және сорғы станцияларына қайта құру кестеге сай кезеңімен іске асуда. Жоспар бойынша қайта құру биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Құбырдың жалпы ұзындығы 4 057 метрді құрайды және жоба құны 1 938 миллион теңге. Түркістан көшесіндегі А.Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысындағы «ТК-24» пен «ТК-26» станциясы аралығындағы құбырларын ауыстыру жұмыстарының жалпы ұзындығы 667 метрді құрайды және жобаның құны 341 миллион теңге болып отыр. Қазір жұмыстардың 40% орындалған, аяқталу мерзімі 2023 жылдың шілде айы деп күтілуде. Сонымен қатар А.Байтұрсынов көшесіндегі «ТК-42» және Ғ.Іляев көшесінде орналасқан «ТК-39» станциясына дейінгі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстарының жалпы ұзындығы 605 метр, сметалық құны 215 миллион теңге. Бүгінде жұмыстардың 60% орындалды. Аяқталу мерзімі 2023 жылдың шілде айы деп бекітілген. Ал Асқаров көшесі «ТК-23-тен» «ТК-3-ке» дейінгі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары 45% орындалды. Құбырдың ұзындығы 856 метр болса, сметалық құны 156 миллион теңге, шілде айында бітуі тиіс. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы барлық жұмыстарды кестеден кешікпей атқаруды тапсырды және сапа жағына жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.

Оқылды 135 рет