Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024 17:34

Түркістан: облыс әкімі қоқыс полигондарына қатысты әкімдерге қатаң талап қойды

3 жылдың ішінде Түркістан облысындағы барлық қоқыс полигондары бекітілген талапқа сәйкетендірілу тиіс. Бұл салаға инвесторлар тартылып, сенімгерлік басқаруға беру арқылы ретке келтірілуі керек. Елді мекендердегі заңсыз күлтөкпелерді жоюға, бұл саланы оңтайландыруға байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сала басшыларының басын қосып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Басты жауапты – әкімдер.

- Бұл мәселеге қатысты бірнеше түйткіл бар. Алайда мәселені 3 жылда түбегейлі шешу керек. Аудандарды аралап, халықпен кездесулер өткізген кезде ретсіз қоқыс туралы шағымды жиі естиміз. Бұл жағдайды күрделендіріп отырған мына өздеріңіз. Қолмен істеуге болатын тірлікті ұйымдастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы тазалықты сақтауға болады. Білмесеңіздер, үйреніңіздер. Айналаларыңызға қарап, сұрастырыңыздар. Тазалыққа әр әкім жеке жауапты, - деді Дархан Сатыбалды.

ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес, аудан, қала әкімдіктерінің сондай-ақ ауыл округтері әкімдерінің коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құзыреті берілген. Коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуді ұйымдастыруға бекіту және орындалуын қамтамасыз ету аудан, қала әкімдерінің құзырына жүктелген.

Еліміздегі шешімін таппай келе жатқан басты экологиялық проблемалардың бірі — қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс мәселесі. Қазіргі уақытта мұндай қалдықтардың басым бөлігі алдын ала сұрыпталмай, санитарлық стандарттар талаптарына сай емес, бейімделмеген қоқыс алаңдарына шығарылады. Дамыған елдерде қоқыстардың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде пайдаланылып, табыс көзіне айналғандығын атап өту керек.

Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, халық саны 2 миллионнан асатын 800-ден астам елді мекеннің 43 % -ы ғана қоқыс шығарумен қамтылған. Аудандарда қоқыс шығарудың қамтылу үлесі төмен. Облыста қоқыс шығарумен 58 мекеме, 247 дана техника қызмет көрсетеді. Министрліктің тапсырмасына сәйкес, техникаға GPS жүйесін орнатып, қоқыс көліктерінің қозғалысы туралы ақпарат «Табиғи ресурстар және қоршаған ортаның жағдайы туралы ұлттық банк» қорына түсуін қамтамасыз ету тапсырылған. Облыс аумағында тек, Түркістан, Кентау қалаларындағы мекемелерде орнатылған. Ал басқа аудандарда жұмыстар әлі күнге дейін жүргізілмеген, – деді ол.

Аудан, қала аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген. Оның 32-і аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 76-ы ауыл әкімдерінің және 43-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жалпы 151 қатты тұрмыстық қалдықтар полигон орындары белгіленсе, оның 107 санитарлық-экологиялық нормаға сәйкес келмейді.

Жалпы полигондар үшін талаптар қарастырылып, қажеттілігі бойынша талдау жасалды. Нәтижесінде, облыстың 151 полигонының 71 % талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.

2024-2026 жылдар аралығында 57 полигон орнына ЖСҚ әзірленсе, оның 71 құрылыс жұмыстары жүргізілуі қажет. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі артып келеді. Өткен жылы меже 23 % -ға жоспарланып, жоспар толығымен орындалды.

Басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2024-2026 жылдар аралығында қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу мекемелерін ашу жоспарын әзірленіп, ұсынылатын болады.

Былтыр мамыр айында осы тақырып бойынша өткен отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын полигондардың жағдайы бойынша жасаған баяндамасында: «Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде», – деген болатын.

Сондай-ақ, былтыр бастапқыда 159 қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарының талапқа сәйкес келмейтіні 60% пайыз болған еді. Соңғы анықтау, тексеру барысында 70% яғни 109 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталғаны айтылған.Түркістан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Қалмахан осы бағытта атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, биыл қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында 29 тексеру жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталған. 41 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12 млн. теңгеден астам айыппұл салынған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 22 рет