Жұма, 19 Сәуір 2024 13:21

ШЫМКЕНТ: «МІРӘЛІ БАБА» КЕСЕНЕСІН ТАЗАЛАУҒА ЖАСТАР ЖҰМЫЛА КІРІСТІ

Республикалық "Киелі мекен" тазалық акциясы Шымкент қаласының әр елдімекенін қамтып, ескерткіштер мен саябақтар абаттандырылып жатыр. Бүгінгі күні «Алтынтөбе», «Абай» саябағы, «Қабанбай батыр», «Қапал батыр» ескерткіштерін және «Мірәлі баба» кесенесінде тазарту жұмыстары жүргізілді.
«Мірәлі баба» кесенесінің тазалық жұмыстарын жүргізуге 50 жұмысшы және 2 техника жұмылдырылған.
- «Мірәлі баба»аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Кесене аумағының тазалық жұмыстарына ауданның ақсақалдары, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері белсенді атсалысып қатысты. Жалпы бұл аудан тұрғындары әр апта сайын ерікті түрде жиналып, кесенеге тазалық жұмыстарын жүргізіп отырады. Арнайы техникалар мен мамандарда алдағы уақытта келіп жұмыстар жасайтын болады, - дейді Қаратау аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекарыс Бахадыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырған болатын. Шымкенттіктер өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кіріскенін атап өткен дұрыс. Қала әкімдігінің жұмысында қаланы көгалдандыру әрқашан бірінші орында тұр.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

Оқылды 37 рет