Дүйсенбі, 26 Мамыр 2025 11:38

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯЛАРЫ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы кезекті тазалық іс-шаралары өтті. Қаланың барлық аудандарында ұйымдастырылған іс-шараларға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар белсенді түрде қатысты.

Мәселен, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мен жастар ресурстық орталығы бірлесе отырып «Шымкент — жасыл қала» атты акция өткізді. Акция аясында Бадам өзенінің жағалауы күл-қоқыстан тазартылып, ағаштар бұталып, түптері әктелді.

—Шымкент жастары қаланың тазалығын сақтауға, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты аялауға ерекше назар аударып, «Таза Қазақстан» бағдарламасына лайықты үлес қосып келеді. Бүгінгі Бадам өзенінің бойында өткізіліп жатқан ауқымды тазалық акциясы — сөзіміздің айғағы. Бұл жастар арасында экологиялық мәдениеттің нық орнығып келе жатқанын көрсетеді, — деді жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Аружан Әлжан.

Айта кетейік, Қайтпас-1, Асар-2, Теріскей және 4-ші шағын аудан мен Қаратөбе тас жолының бойында да «Таза аула» атты тазалық акциялары ұйымдастырылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 87 рет