Жұма, 19 Сәуір 2024 12:07

Түркістан облысында елді мекендерді көгалдандыруға арналған семинар-кеңес өтті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне елді мекендерді көгалдандыру, егілген ағаштарды күтіп-баптау, өсіру ісін сапалы атқаруды, көгалдандыруға қатысты жұмысты күшейте түсуді тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен барды. Ең алдымен «Жасыл желек» КММ қарасты тұқымбақта атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда мекеме тұқымбақтарында бозарша, жайарша, қарағаш, айлант, үйеңкі, шаған, катальпа, терек, каштан, акация және тағы басққа түрлерінен жалпы 3 миллионнан астам көшет өсіріледі. Оның 600 мың данасы үлкен көшеттер, қалғаны енді жетіліп келе жатқан жас өскіндер. Жалпы «Жасыл желек» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 тұқымбақ бар. Оның 20 гектары Қазығұрт ауылында, 2 питомник, яғни 40 гектары Қақпақ ауылында орналасқан.

Былтыр «Жасыл желек» КММ қарасты тұқымбақтан облыстағы елді мекендерді көгалдандыруға 150 мыңнан аса түп көшет тегін берілген болатын. Соның ішінде басқармаға қарасты мекемелерге 230 мың түп көшет босатылды. Жалпы 400 мыңға жуық әртүрлі көшет тегін үлестірілген. Биылғы жылдың көктем айында 250 мың көшет тегін берілетін болады.

Одан соң облыс әкімінің орынбасары бастаған топ аудандағы жасыл желектің артуына атсалысты. Қазығұрт ауылындағы ағаш отырғызу шарасында 20 түп арша мен 20 түп туя көшеттері отырғызылды.

Өңірді көгалдандыру және көркейту мақсатында Қазығұрт ауданында «Елді мекендерді көгалдандыру» тақырыбына арналған семинар-кеңес өтті. Оған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан, қала әкім орынбасарлары мен мамандары, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының «Ясауи білім» тарату орталығының ғалымдары, орман шаруашылығы мекеме директорлары мен салаға жауапты мамандар қатысты.

Онда тұқымбақтардың бүгінгі ахуалы, елді мекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстары мен ағаш өсірудің проблемалары сарапталды. Сондай-ақ бейімделген ағаштарды дұрыс отырғызуы қажеттілігі айтылды. Жауаптылар өңірдегі елді мекендерді көгалдандыру, ағаш көшеттерінің өмір сүру деңгейін арттыруға байланысты және Қазығұрт ауданында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Облыста экологиялық ахуал қашан да өзекті екені сөзсіз. Сол себепті де бұндай шаралардың маңызы зор болмақ.

Көгалдандыру жобасына сәйкес, биыл көктемде 500 мыңнан аса түп көшет егу жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыста көшет егу жұмыстары басталды. Елді мекендерді көркейту жұмыстары ары қарай да жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, алғаш боп Түркістан, Кентау қалалары мен Қазығұрт, Ордабасы, Отырар ауданында көктемгі ағаш егу науқаны басталды.

Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара» жоспары бекітілген болатын. Үйлестіру жұмыстарының тиісті дәрежеде атқарылмауы да назарға алынды. Сондықтан Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйытқы болуымен Қазығұрт ауданында семинар-кеңес ұйымдастырылып отыр. Кемшіліктер ашық айтылып, нақты жоспарлар жасалып, тиісті тапсырмалар берілді.

Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі аудан, қаланы, ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру бойынша тапсырма берген болатын. Аталған тапсырмаларды уақытында орындамай кемшіліктерге жол берген осы салаларға жауапты тұлғаларына тәртіптік шара көру бойынша ұсыныс беріліп, жалпы 93 шара көрілген. Абаттандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады.

Бүгінгі таңда орман қоры алқаптарына кешенді жоспарға сәйкес 2021-2023 жылдары 51,5 мың гектар жерге, 78,2 млн дана көшет егілді. Оның ішінде 2023 жылғы 20300 гектар жерге 32 214 мың дана ағаш көшеттерін егу жоспары толығымен атқарылды.

«Жасыл белдеу» құру жобасына тоқталды. Бүгінде «Жасыл аймақ» КММ-мен Түркістан қаласы айналасынан 28 358 гектар орман қоры жері санатына өткізіліп, оның 19020,0 гектар аумағына мәдени орман екпелері отырғызылды. Қазіргі таңда жоспарлы межені 42,0 мың гектарға жеткізу қолға алынып отыр.

Облыстың елді мекендерін көгалдандыру саласы бойынша да жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарлануда.

Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет егілді. Оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаш егілген болатын. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522 935 дана көшет отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі бар. Ал 2024 жылдың күз айларында аудан, қала әкімдіктеріне аумақтарды гүлдендіру мақсатында 50 мың дана, 2025 жылы 150 мың дана раушан гүлінің көшеттері егілмек.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.

2024 жылы наурыз айынан бастап 3 рет сенбілік ұйымдастырылды. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерге жалпы 19 мыңнан астам азамат қатысып, 279 дана техника тартылды, 2 710 тонна қоқыс шығарылды. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.

Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 13 рет