– Сарыағаш ауданының мүмкіндікі өте жоғары. Экономиканы, өндірісті, ауыл шаруашылығын дамытуға болады. Біз ауданды дамытуға назар аударып отырмыз. Мысалы «Жайлы мектеп» жобасы арқылы Сарыағаш ауданында 10 мектеп салынады. Бұл – үлкен қолдау. Білім сапасын көтеру, осы саладағы жемқорлықты жою күш салып жатырмыз. Инвестиция тарту, яғни, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да назарымызда тұр. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сарыағаш ауданында 2023 жылы 13 елді мекенде 30 жобаны іске асыруға 2,8 млрд. теңге бөлінді. Әлеуметтік нысандар Мәдениет үйлері, мектептер жөнделіп және салынып, инфрақұрылым жақсарды. 2024 жылы 8 елді мекенде 21 жобаны іске асыру үшін 3,8 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 283 жоба қаржыландырылды. Сарыағаш ауданында 21 мектептің интернет жүйесі толық іске қосылды, – деген Дархан Сатыбалды ауданда орындалмаған идикаторларды да ашық айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді.
Ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 43 пайызға өсіп, 2023 жылы 277 млн. теңгеге жеткен. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 48 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға өскен. 2023 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35 млрд. теңгені құрап, жоспар 9 млрд.теңгеге артығымен орындалды. 2024 жылға негізгі капиталға салынған инвестиция тарту жоспары 37 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 47 пайызға өсіп, 2023 жылы 23 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі былтыр 136 млрд. теңгені құрап, артығымен орындалды.
Кездесуде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың есебінен кейін тұрғындардың өтініштері, сұрақтары тыңдалды. Сарыағаштықтар білім саласындағы жемқорлық, газбен қамту, ауыз су, пәтер, денсаулық сақтау, тазалық және өзге де салаларға қатысты мәселелерді көтерді.
Одан кейін облыс әкімінің жеке қабылдауы өтті. Оған басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының бастықтары қатысты. Мұнда да түйткілдер тарқатылып, арыз-шағымдар, өтініштер тыңдалды. Әрбір мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі.
Қазақ-өзбек шекарасының маңындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан «жабайы» саудаға тосқауыл қойылуы тиіс. Маңызды мәселеге нүкте қою үшін Сарығаш ауданынағы «Жібек жолы» кеден бекетінің айналасы толық реттеледі. Жаңа полиция бекеті ашылады. Бұл жерде заманауи терминал салу жолдары қарастырылуда. Осы аумақтағы барлық сауда нүктелері сонда орналастырылады. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарығаш ауданына іссапары барысында кеден бекеті маңындағы жағдайды бақылады. Сауда орталықтарының иелерімен жүздесіп, оларға мәселені кеңесе отырып, заңды шешу жолдарын көрсетті.
– Сарыағаш ауданының әлеуеті жоғары. Шекараның мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Қызмет көрсету орындарын жүйелеп, ретке келтіру керек. Кәсіпкерлікті заңдастыру маңызды, – деген Дархан Сатыбалды барлық құзырлы орган басшыларының қатысуымен өңірлік жедел штабының көшпелі отырысын өткізді. Онда заңсыз сауданы тоқтатып, шекара аймағын тәртіпке келтіруді күшейту мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Штаб отырысында шекара маңын бірнеше ірі кәсіпкер меншіктеп алғаны ашық айтылды. Маңызды мәселенің түйінін тарқатпақ болғандар бұл күресті жан-жақты жүргізуге келісті.
Жедел штаб отырысында заңсыз құрылыстың жолын кесіп, шекара аймағындағы шетел валютасын заңсыз айырбастауды реттеу, контрабанда мен өзге де қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ құзырлы орган басшылары мұндағы заңсыз тауар айналымы мен заңсыз құмар ойындарына қарсы күрес жайлы да мәлімдеді. Бұл аймақта 4 айда 1700 қылмыс тіркелген.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті сақтау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді.
– Шекараның өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал, құрылыс саны артып, толассыз кептеліс кедергі келтіруде. Маңызды аймақта заңсыз кәсіпкерлік нысандары қаптап кеткен. Біздің басты мақсатымыз – шекара аймағында тәртіп орнату. Заңсыздыққа жол бермеу. Қауіпсіздікті, тазалықты сақтау. Әрине кәсіпкерлерді қолдап, оларға жұмыс істеуге жағдай жасау керек. Тек заңды жолмен. Жаппай заңсыздықтың жолын кесу жолында талай тосқауыл болары сөзсіз. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаймыз. Заңсыз құрылыстар бұзылады. Ақша айырбастайтындар лицензия алып, тек заңға сәйкес жұмыс істесін. Көше базарында санитария талаптары сақталмайтыны тағы бар. Жаңадан жаңалық ашып отырған жоқпыз. Бұл аумақтағы қирағалы тұрған сауда ошақтары мен заңсыз, рұқсатсыз құрылыстан қарапайым халық жапа шегуі мүмкін. Екі ел арасындағы қақпаның аумағын толық ретке келтіруге күш саламыз. Сол жерді абаттандырып, ретке келтіреміз. Заманауи терминал салу жолдарын қарастырып, ол үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Онда сауда нүктелері болады. Отандық өнімге басымдық беріледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатта арнайы комиссия құрылады, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
«Жібек жолы» кеден бекетінің жанында пайдаланудағы және салынып жатқан ретсіз, заңсыз құрылыстарды анықтап, құқық бұзушылықты жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық бақылау жөнінде басқармасымен 17 құрылыс нысандарында анықталған заң бұзушылықтар негізінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, 4 млн теңгеден аса айыппұлдар салынды. Заңсыз құрылыс нысандарын бұзу жөнінде сотқа арыздар жолдануда. Алайда сот айыппұл салумен шектелген. Басқарма сот қаулысымен келіспей, прокуратураға қарсы пікір білдіруге хат жолдап жатыр. Заңсыздықты жою жұмыстары тоқтамайды.
Облыс әкімі шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді. Өңірлік жедел штаб отырысы енді ай сайын өтеді.