Күн тәртібіне сәйкес кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Әзімбердиев өнеркәсіп саласының дамуына қатысты баяндама жасады. Айтуынша, жыл басынан бері кәсіпорындар 913,9 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Бұдан бөлек жыл соңына дейін 78,2 млрд. теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 1 693 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Биыл 1 шілдеде ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңына қол қойды. Жиында Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқарма басшысы А.Абаев аталған заңдағы өзгерістер туралы баяндады. Қазіргі таңда жаңа Заңға сәйкес жұмыс жүргізу үшін басқарманың құрылымына өзгерістер енгізілген. Шағымдарды қарау мақсатында жаңа бөлім ашылды және 1 штаттық бірлікте басшы орынбасары лауазымымен толықтырылды. Өйткені, басқармаға жыл басынан бері 2430 шағым келіп түскен.
«Мемлекеттік сатып алу саласында бірқатар заңсыздықтар бар екенін рас. Мұны тоқтату керек. Біз мемлекеттің ақшасын жымқыратындар үшін емес, халық үшін жұмыс істейміз. Сондықтан, барлық басқармаларды қатаң тексеріп, тиісті шара қолданыңыздар. Өнім берушілерден келіп түскен шағымдарды да ескеру керек. Қабылданған заң ашықтықты қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған»,-деді қала әкімі.