Сейсенбі, 16 Шілде 2024 11:30

Шымкентте заманауи қонақ үйлердің артуы туризмнің дамуына септігін тигізуде

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылдың І жартыжылдығында Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар саласында атқарылған жұмыстары туралы» тақырыбында  өткен баспасөз конференциясында айтылды.  

Биыл темір жол вокзалының реконструкциялау жұмысы аяқталып қолданысқа берілсе, жаңа әуежай терминалы ағымдағы жылдың соңына дейін ашылады. 

Заманауи қонақ үйлердің артуы туризмнің дамуына айрықша серпін беретіні анық.  

Осы тұрғыда 2024 жылға 8 туристік инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін іске қосылуы жоспарлануда («Makhambet», «Kazakh Hotel», «Алтай», «Керемет», «Zeinnur-Tau», Dara Garden Hotel, Mardan, «Diamond Hotel»). 

Сонымен қатар маусым айында Шымкентте бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы басталды. Әлемге әйгілі «Hilton» қонақ үйі «Шымкент Сити» шағынауданында бой көтеріп, 2026 жылы ашу жоспарлануда. Жалпы қонақ үйде 167 бөлме, 1-ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц – залдар бар. Құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Шымкент қаласында туристерді ең көп қызықтыратын нысандар «Ибрагим ата», «Қарашаш ана» кесенелері, «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы, «Shymqala» тарихи-мәдени кешені, Бәйдібек би ескерткіші, Зообақ, Сейітжан Қари мешіті, Қошқар ата өзені. Бұдан бөлек, Қазақстандағы алғашқы Дендрологиялық саябақтың да туристер үшін алар орны ерекше. 

Сонымен қатар, қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени нысандар орналасқан (Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбдел Әзіз баба, Қожа салық, Мірәлі баба, Қызыр мұнарасы, Сайрам қалашығы). 

Аталған нысандардың ішінде Хызыр, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелерін жылдың соңына дейін, жеке инвесторлардың есебінен абаттандыру жоспарланған.

2023 жылдың қорытындысымен жалпы қалаға келген туристер саны 449 098-ге жетті (ішкі туристер саны 420 398, шетелдік туристер саны 28 700 адам). Статистика департаментінің ақпаратына сәйкес, 2024 жылдың 3 айында қалаға 111 733 турист келген.

Оның ішіндегі үздік үштікке: Өзбекстан – 9 844 адам, Ресей Федерациясы – 3 659 адам және Қытай Халық Республикасынан 2 633 адам келген. 2024 жылы орналастыру орындарының саны 148 жетсе,   бөлме қорының саны 6 409 бірлікке артып отыр. 

Қала аумағында 20 туристік оператор мен 120 аса туристік агенттіктер тұрақты жұмыс жасауда.

 

Оқылды 150 рет