Сәрсенбі, 17 Шілде 2024 12:07

Шымкент әкімі тұрғындардың өтінішіне жіті назар аударуды тапсырды

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков  сала мамандарымен  бірге қаладағы бірқатар нысандарды аралады. Қаратау ауданындағы өрт сөндіру депосы кешені мен Оқушылар сарайының құрылысында болып,  салалық басқарма басшысы мен аудан әкіміне құрылыс сапасына бақылауды күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ, Алматы мен Ташкенттен қалаға кіре берісте «Shymkent» жазуы бар стела орнату орындарын тексерді.

Бұдан бөлек, Абай ауданы, “Ынтымақ” шағынауданына қарасты Жидебай көшесінің тұрғындарымен кездесті. Табиғи газбен қамту, кәріз, көше мен тротуарларды асфальттау мәселелері талқылады.   Тұрғындар жылдар бойы шешілмей келе жатқан жақын маңдағы қоғамдық көлік аялдамасына жаяу жүргіншілер жолын ұйымдастыру мәселесін көтерді.

Екі жақты әңгімелесе келе айтылған проблеманың оң шешімі табылып, учаске иесі тұрғындар үшін жолды ашып беретін болды. Сол жерде  аудан әкіміне уақытша өту жолын ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Сондай-ақ,  қала басшысы алдағы уақытта заң талаптарын сақтай отырып, жер телімін мемлекетке қайтару мәселесін қарастыратынын жеткізді.

Әкім мен оның әріптестері Әл-Фараби ауданы, Әлімқұлов көшесінде тұратын тұрғындардың өтінішін де назардан тыс қалдырмады. Кездесу барысында халық көшені жарықтандыру, пандустың жоқтығы және балалар алаңын жаңғырту қажеттілігі сынды бірқатар өзекті мәселелерді қозғап, шешу жолдарын қарастыруды айтты.  Осы мәселеге орай әкім аудан әкімдігіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, азаматтардың өтінішіне жіті назар аударуды тапсырды.

Аралау соңында Еңбекші ауданы, “Қаратөбе” шағынауданының тұрғындарымен де кездесу болды. Онда суару жүйесі мен спорт нысандарының жұмысы, кәріз желілерін жаңғырту мен гүлзар салу мәселелері талқыланды.

 

Оқылды 220 рет