Делегация қатарында Павлодар облысынан «Еңбек мобильділігі орталығ» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы, «Успен аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Макатаев Серік Қайргелдіұлы, Ақтоғай ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы Неғметулла Қолқанат Ерланұлы, Ефремов ауылдық округінің әкімі Гапу Сапаржан Гапуовна және Солтүстік Қазақстан облысынан «Мамлют аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Самарханұлы Еркін, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысының орынбасары Шегебаев Баян қатысып, түлкібастықтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырды.
Іс шараға 250 адам қатысып, оның ішінде қоныс аударуға кеңес алғандар саны 30 болса, көшуге ниет білдіргендер саны 8 отбасы болды. Павлодар облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы Солтүстікке қажетті жұмыс күш қатарын толықтыру бойынша үгіт-насихат жүргізді. Мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыруы және жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі. Кездесу соңында тұрғындар қоныс аудару бойынша кеңестер алып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.
Осы тұста мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасы туралы да айта кетсек. Аталмыш бағдарлама халқы көп өңірлердің жастарын солтүстік облыстарда білім алып, сол жақта жұмыс істеуіне жәрдемдесетін бағдарлама болып табылады. 2014 жылы іске қосылған «Серпін-2050» бағдарламасы он жыл ішінде талай жастың жоғарғы оқу орнына түсуіне септігін тигізген ауқымды жоба болды. Биылғы жылы да еліміздің халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен солтүстіктегі облыстарға білім аламын деушілерге 4 мың грант бөлінгенін айта кеткен жөн.
Биыл бағдарламаны түсіндіру мақсатында Түркістан облысында «Жоғары білім» атты көрме өткізілді. Шараға мектеп түлектері қатысып, еліміздің теріскейіндегі 23 жоғарғы оқу орнының бірінде студент атануына мүмкіндігі бар екенінен хабрдар болды. Оқу гранттарының 2 500-ден астамы - педагогика бағытында болса, 700-ге жуығы - инженерлік өңдеу және құрылыс саласы. Сонымен қатар, 300 грант - IT саласына бөлінсе, 70-ке жуық грант - ауылшаруашылығы және биоресурстар бағытында. Айта кетейік, 2023 жылы «Серпін - 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикаға бөлінген 3 653 гранттың 983-не Түркістан облысының талапкерлері ие болған. Сонымен қатар, серпіндіктердің 70-90 пайызы тұрақты жұмыс орнына орналасқан.
Жалпы, «Серпін» бағдарламасына мына аймақтардың түлектері қатыса алады: Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары. Еске сала кетейік, бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған.Гранттар мынадай облыстарда орналасқан ЖОО-ларға бөлінді: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай облыстары. Гранттар тек педагогикалық, IT және техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына беріледі. Биыл "Серпін" бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлініп отыр. Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта, 700-ге жуығы инженерия, өңдеу және құрылыс саласына, ал 300-ге жуығы IT-ге, 70-ке жуық грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына бөлінген. Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі. «Серпін» бағдарламасы түлектері үшін оқу аяқтаған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.
«Мәңгілік ел жастары индустрияға» — «Серпін — 2050» жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Негізі бұл жобаның екі маңызды тұсы бар. Біріншісі- экономикалық. Қазіргі таңда еліміздің 9 өңірінде бала туу деңгейі төмен және сыртқы жаққа көші-қоны басым болғандықтан, кадр тапшылығы сезіле бастады. Бұл мәселенің өзектілігі жылдан-жылға ушығып барады. Алдағы жылдарда индустриялы инновациялық бағдарлама аясында іске қосылатын өндірістерде жұмыс күшінің тапшылығы айырықша байқалады. «Серпін-2050» жобасы арқылы сол өңірлерге халық саны көп облыстардан жастарды әкеліп, жергілікті оқу орындарында қажет мамандықтар бойынша білім беріп, сол жерде жұмысқа қалдыру арқылы кадр мәселесін шешу. Екінші маңызы - әлеуметтік проблемаларды шешу. Республикамыздың 5 облысында бала туу деңгейі өте жоғары, тұрғындар саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Аталмыш өңірлерде мектеп бітіруші түлектердің жергілікті жерде оқуға түсуі қиын және мамандық алғаннан кейін басым көпшілігі жұмыссыздар қатарын көбейтеді. Жоба арқылы осы 5 облыста мектеп бітірген жастарға жоғарыда аталған 9 өңірдегі оқу орындарына «Серпінің» арнайы гранты бөлінеді. Сонымен қатар, қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп, оқыған өңірлерде қоныстап қалған жағдайда 100 пайыз жұмысқа орналасуға мүмкіншілік жасалады.
«Серпін-2050» жобасы бойынша оқитындар мен жалпы білім беру гранттарын иеленгендердің арасындағы ұқсастық пен айырмашылық неде? Ұқсастық – жоғары білім грантын иеленгендердің шәкіртақымен, темір жол арқылы барып-қайтатын жол шығындарының өтелуінде. Ал айырмашылығы – «Серпінмен» оқуға түскен жағдайда қосымша екі үлкен кепілдік бар. Біріншісі, жатақханамен оқуды бітіргенге дейін толық қамтамасыз етіледі. Жалпы грантпен оқуға түскендерде ондай кепілдік жоқ. Екіншісі, егер оқу бітірген соң сол өңірде қоныстанып қалған жағдайда, жұмыспен толық қамтамасыз етіледі. Яғни, алдағы күндерде қиналмай-ақ жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндік бар.
Жоғар оқу орыны болсын, колледж болсын жоба бойынша жастарға дуальді білім беру, болашақ жұмыс берушімен тікелей байланыс орнатып, тәжірибелерді сол мекемелерде өту арқылы келешекте жұмыс таңдау мүмкіншіліктерін беру талабы қойылған. Нәтижесінде оқып жүріп болашақ жұмыс беруші мекемелерде тәжірибе жинаған жастар, оқу бітірген соң сол жерге оңай жұмысқа орналасып, ортаға тез сіңісіп кетеді. Сонымен қатар, «Серпін-2050» жобасы бойынша жоғары оқу орыны мен колледждерге түскен жастарға арнайы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша оқып жүрген барлық жастар арнайы құрылған «Серпін» әлеуметтік ұлттық қорының белсенділері болып табылады. Басты мақсты оларды біріктіру, жеке қасиеттерін дамыту, дәстүрлі ұлттық тәрбиемен қатар нарықтық заман талаптарына сай келетін қасиеттерін қалыптастыру.
Бұл бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген жастар шәкіртақымен, жатақханамен толық қамтамасыз етіледі, олардың барып-қайту темір жол шығындары төленеді. Жастардың оқу бітірген соң қиналмай жұмыс тауып, өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуына толық мүмкіндігі бар. Республикадағы көптеген білім ордаларында жоғары курс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өзекті болса, «Серпін» жобасы бойынша оқуға түскен қыз-жігіттер оқуды бітіргенге дейін орын-жаймен қамтамасыз етіледі.
Ал «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша колледждерге оқуға түскен жастарға жасалатын жағдай тіпті жақсы. Оларға жылына екі рет жол шығындары төленіп, қыстық киімдер алуға қаражат бөлінеді, күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Колледж студенттерінің білім ала жүріп, өндіріс орындарында жұмыс істеп, табыс табуына мүмкіндік бар. Жоғары оқу орындарының қатарында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті және басқа да жоғары оқу орындары бар. Қажеттілік болып жатса, білім ордаларында жастар орыс тілі курстарында білімін жетілдіре алады. Өйткені, қазақы орта мен қазақ мектептерін бітірген жастар үшін алғашқы уақытта тілдік курстардың қажет екені байқалды. Сондықтан оқу орындары осындай мүмкіндіктерді де қарастырып келеді.
Сонымен бірге «Серпін» жобасына орай мамандар даярлап жатқан жоғары оқу орындары мен ауыл шаруашылығы және өндірістік ұжымдары арасында өзара тығыз байланыс қалыптасқан. Түлектердің оқу бітірген соң жұмысқа орналасуына толық мүмкіндік бар. Мәселен, Қостанай облысында қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына 1 326 маман қажет. Ал осы саладағы мамандықтар бойынша «Серпін» жобасымен облыстың білім ордаларында оқып жатқан жастар – 585. Демек, олар үшін таңдау еркі жоғары. Бұдан басқа, Қостанай облысының өндіріс орындарына 2 628 инженер қажет болып отыр. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті мен Рудный индустриялық институтының ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтарға байланысты сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндігі толық жетеді. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы шеңберінде мамандар даярлап отырған басқа да жоғары оқу орындарының да жұмыс жоспары осындай.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат