Сейсенбі, 27 Тамыз 2024 16:53

Түркістан облысы: 2026 жылы мақтааралдықтар табиғи газды толығымен пайдаланатын болады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында 6 млрд теңгенің ауқымды жұмыстары жүргізілуде.

Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекенге жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 4,5 млрд қаржының есебінен көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша 2026 жылы мақтааралдықтар табиғи газды толығымен пайдаланатын болады.

Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының мәліметінше аудандағы елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. 19 елді мекеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса 95%-ға жететін болады.

Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр. Өйткені, 556 шақырым ішкі көшелері бар аудан жолдарының 30 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдардамасы аясында 80 дана ішкі көшелерге бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржыға орта жөндеу жүргізілген ауданда 54 елді мекенде тәулік бойы, 13 елді мекенде кестемен ауыз су беріледі. Кестемен берілетін 13 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, оның 4-не мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа жол елді мекені мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Азаттық елді мекенінің ауыз су құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетсек, былтыр Түркістан облысында 57 елді мекенге газ құбыры тартылды. Жыл соңына дейін 68 нысанның құрылысы аяқталып, 122 мың абонент көгілдір отынға қосылды. Былтыр жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 78%-н газбен қамту жоспарланған еді. Былтыр 103 нысанның құрылысы жүргізілген болса, соның қалған 35-і биылғы жылға өтпелі болды. Сонымен қатар, бүгінде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын қайта іске қосу жұмыстары қоса атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Яғни өңірдегі 833 елді мекеннің 465-і көгілдір отынға қосылған. Алдағы 3 жылда 200 елді мекенді табиғи газға қосып, облысты газбен қамту деңгейін 87%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, өткен жылы облыс әкім Дархан Сатыбалды «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездескен болатын. «2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында қазіргі уақытта газға қатысты бірнеше қордаланған өзекті мәселе бар. Әсіресе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды газға қосуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ қаражат сұрауда. Нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасында газ толтыруға қаржы қарастырылмайды. Өздеріңізбен бірлескен түрде шешуді көздеп отырмыз. Оң шешімінің табылғаны облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына әсерін тигізеді» - деген болатын облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Кездесу барысында Түркістан облысында газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады. Кездесу барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілген 2008-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған 267 нысанның бүгінгі жай-күйімен таныс екенін, осы нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне қабылдауға ықпал жасайтынын жеткізді. – 298 нысанға қатысты қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 7 нысан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгерімінде. Ал 267 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілді. 20 нысанға аудан, қала әкімдіктері техникалық құжаттарын толықтырып «ҚазТрансГаз Аймақ» ТӨФ АҚ келісім алу жұмыстары жүргізілуде. 4 нысанды теңгерімге 2023 жылдың соңында өткізу жоспарлануда, – деді басқарма төрағасы.

Бүгінгі таңға Түркістан қаласындағы АГТС 70% жүктемемен жұмыс істеп тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ тарапынан бұл жүктемеге 100% техникалық шарттар берілді. Қосымша газға қосылуға техникалық шарт беру мүмкіндігі болмай тұр. Түркістан АГТС-нің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгерімінде болуына байланысты қуаттылығын арттыру қарастырылып жатыр. Одан бөлек, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласындағы «Қызыләскер» АГТС-нен (172 000 м3/сағат) жеткізуші газ құбырын, Түркістан қаласындағы диаметрі 500 жеткізуші газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.

Ал Ғ. Мұратбаев ГТС-не байланысты «Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде ауданы 51,26 га жабық топырақты жеміс-көкөніс өнімін өндіретін жылыжай кешені» нысанын газдандыруға 2020 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан техникалық шарт (15 120 м3/сағ.) берілген. Алайда, «Интергаз Орталық Азия» АҚ ГТС-ның қуаттылығы жоғарыда айтылған нысанға жетпеуі мүмкін екенін туралы мәселе көтеруде. Қазіргі таңда облыстық басқарма тарапынан берілген техникалық шартқа сәйкес, нысанды газдандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Осыған байланысты, нысанды берілген техникалық шартқа сәйкес газға қосылу үшін қуаттылығын 50 000 м3/сағат арттыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Өткен жылы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы өкілдері Түркістан облысында 2023 жылы 76 елдімекен табиғи газға қосылады деп мәлімдеген. Сондай-ақ, брифингте өңірді газбен қамту жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды.  - Түркістан облысы бойынша 833 елді мекен бар. Оның 470-і газдандырылған, бұл 56%-ды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 газ тарату станциясы бар болса, оның 9-ы биылғы жылы қайта жаңғыртудан өтті. Жылдың басынан бері 19 елді мекен газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 57 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарлануда. Сонда жалпы биыл 76 елді мекен газға қосылады -деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы Ғани Бақытжанұлы.  Сонымен қатар, мекеменің бөлім басшысы Бекнұр Қайратұлы Түркістан облысы бойынша газ тарату станцияларына қысқы дайындық жұмыстары толықтай жүргізіліп, өңір жылыту маусымына 100% дайын екендігін жеткізді. 

Былтыр наурыз айының аяғында Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өткені белгілі. Сол жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеген-ді.

– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 20 рет