Жұма, 30 Тамыз 2024 19:22

Түркістан облысы: екі жылда 144 мың халық тұратын 54 елді мекен газбен қамтылды

Түркістан облысында соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 46 табиғи газ нысаны бар болатын. Оның ішінде 40 елді мекен, 2 көше, 2 автоматты газ тарату станциясы бар. Өткен жылдың қорытындысымен оның 44-і іске қосылды.

Тиісті жұмыстарды жүргізу есебінен екі жылда 144 мың халық тұратын 54 елді мекен газбен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл 54 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 47 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде «көгілдір отынмен» қамтылған елді мекендер саны 557-ге жетіп, қамту деңгейі 67,2 пайызды құрайды. 2018 жылдан бері республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 5 аудандағы 800 мың халықты сапалы электр қуатымен қамтитын «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысы жүргізіліп, аяқталған. Сонымен қатар, осы қосалқы станциядан қуат алатын 110 киловольттық, 91 шақырым электр желісінің құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда.

Кентау қаласындағы №5 жылу орталығы 2012 жылдан бері жөндеу көрмей, 85 пайызға тозған. 6 қазандықты реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар бюджет есебінен 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры қайта жаңартылуда. Созақ ауданы «Шолаққорған су» МКК кәсіпорны жылыту маусымына қазандықтарды сапалы дайындау мақсатында жергілікті бюджеттен Мазут қазандығы мен жылу желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, қазандықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-қа жуық газ нысандарының мәселесі шешілді. 1,5 жылдың ішінде саладағы сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мың тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. АГРС проблемасы жақын уақытта толық шешілмек. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен жүзеге асуда.Түркістан облысында былтыр 111 мыңнан астам халық газбен қамтылды. Бұл еліміздегі ең үлкен көрсеткіш. Яғни газбен қамтылған әрбір 3-ші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Одан бөлек, соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған нысандарды қосу бойынша жұмыстар қарқын алды. Халық санымен есептегенде, 1 млн 650 мыңға жуық халық не облыс тұрғындарының 77,8 пайызы табиғи газбен қамтылған. Биыл газдандыру жұмыстарына 10,1 млрд теңге қаржы бөлінген. 71 нысан құрылысы жүргізіледі.Жалпы Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Яғни өңірдегі 833 елді мекеннің 465-і көгілдір отынға қосылған. Алдағы 3 жылда 200 елді мекенді табиғи газға қосып, облысты газбен қамту деңгейін 87%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, биыл көктемде облыс әкім Дархан Сатыбалды «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездескені белгілі. Сол кездесуде облыс әкімі «2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында қазіргі уақытта газға қатысты бірнеше қордаланған өзекті мәселе бар. Әсіресе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды газға қосуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ қаражат сұрауда. Нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасында газ толтыруға қаржы қарастырылмайды. Өздеріңізбен бірлескен түрде шешуді көздеп отырмыз. Оң шешімінің табылғаны облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына әсерін тигізеді», – деген болатын.

Кездесу барысында Түркістан облысында газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады. Кездесу барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілген 2008-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған 267 нысанның бүгінгі жай-күйімен таныс екенін, осы нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне қабылдауға ықпал жасайтынын жеткізді.

Бүгінгі таңға Түркістан қаласындағы АГТС 70% жүктемемен жұмыс істеп тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ тарапынан бұл жүктемеге 100% техникалық шарттар берілді. Қосымша газға қосылуға техникалық шарт беру мүмкіндігі болмай тұр. Түркістан АГТС-нің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгерімінде болуына байланысты қуаттылығын арттыру қарастырылып жатыр. Одан бөлек, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласындағы «Қызыләскер» АГТС-нен (172 000 м3/сағат) жеткізуші газ құбырын, Түркістан қаласындағы диаметрі 500 жеткізуші газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.

Таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы өкілдері Түркістан облысында биыл 76 елдімекен табиғи газға қосылады деп мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте өңірді газбен қамту жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды. - Түркістан облысы бойынша 833 елді мекен бар. Оның 470-і газдандырылған, бұл 56%-ды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 газ тарату станциясы бар болса, оның 9-ы биылғы жылы қайта жаңғыртудан өтті. Жылдың басынан бері 19 елді мекен газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 57 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарлануда. Сонда жалпы биыл 76 елді мекен газға қосылады -деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы Ғани Бақытжанұлы. 

– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – дейді Дархан Сатыбалды. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.

Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу ірі инфрақұрылымды қажет етеді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 18 рет