Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы – 3912,29 шаршы метр. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша 150 орындық ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылмақ.
Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түркістан облысында мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде 11 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Осылайша бейбітшілік пен келісімнің тұрақты мекеніне айналып, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрудың жаһандық үлгісін қалыптастырды.
Сондай-ақ, тағы бір айта кетерлігі, өңірде туристерге оңтайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен «Қолөнер орталығы» жобасы қолға алынды. Бұдан бөлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы «Күлтөбе» ескі қалашығы абаттандырылады. Облыс орталығында аумағы 11,8 гектар жерге аквапарк, вилла аймақтары қамтылған бес жұлдызды қонақүй салу жөнінде келіссөз жүргізілді. Сондай-ақ шетелдіктер қызығушылығын ескеріп, ұлттық ойындарымызды және туризмді дамыту мақсатында 99,3 гектар аумаққа ипподром нысаны салынады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысы қадаң қадағалауда болатынын ескертті. Заңбұзушылыққа барған компаниялар лицензиясын айрылады. «Құрылысты мойнына алған компаниялардың қаражаты тек сол жоспарланған құрылысқа ғана жұмсалуы тиіс. Әр мердігердің бұл бағыттағы жұмысы қатаң қадағалануы керек. Ол үшін екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргізу қажет. Мемлекеттік тапсырысты алып, алдымен ақшаны жеке бастарына жұмсайтындардың әрекетінен халық жапа шегеді. Құрылысты қадағалауға жауапты мекемелер жұмыстарын адал әрі әділ атқарсын. Әрбір нысанның артында ел үміті, мемлекет бюджеті тұр. Ғимараттар жобалық-сметалық құжатқа сай болып, жұмыстар қатаң қадағалансын. Егер қадғалаушы мекемелер мен құрылысқа жауапты басшылардың өзі бұған жол берсе, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Былтырдан бастап Түркістанда 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй салына бастағаны белгілі. Түркістан облысында құрылыс қарқыны артқан. Былтырғы жылдың қорытындысымен 100-ден астам нысан пайдалануға тапсырылды. Алдыңғы жылы өңірде білім беру саласында 20,9 млрд. теңгеге 51 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 22-і пайдалануға берілді. Ал, денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд. теңгеге 20 нысан іске асырылды. Оның ішінде Шардарада 150 келушіге арналған емхана, Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясы, Ордабасы ауданында 2 ФАП пайдалануға тапсырылды. Мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд. теңге бөлінген болатын. Нысандардың құрылысы 2023 жылы толық аяқталды. Спорт саласында 13,8 млрд. теңгеге 12 нысан бой көтеруде. Тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірде 129 үй салынады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүре бастады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.
Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ.
Жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үйлерге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, былтыр жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Алдыңғы жылы әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғимараттары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-рухани орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм университеті бой көтерді. Құрылыс қарқыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат