Сәрсенбі, 04 Қыркүйек 2024 12:07

Түркістан облысының қала, аудандарында арендалық үйлер салынып жатыр

Республика бойынша тұрғын үй кезегінде 650 мыңға жуық азамат тіркелсе, оның 65 мыңнан астамы Түркістан облысының азаматтары. Бұл елдегі ең үлкен көрсеткіш. Баспана кезегінде тұрғандардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтағылар. Биыл тұрғындарды баспанамен қамту үшін 2 469 пәтер сатып алуға республикалық және облыс қазынасынан 44,8 млрд. теңге бөлінген.

Оның ішінде «Тұрғын үй-моммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 500-ден астам пәтер сатып алуға қаражат бағытталады. Пәтерлер аудан, қалаларда кезекте тұрғандар санына теңдей бөлінуде. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің 1 шаршы метрін сатып алу құны 300 мың теңгеден асады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте халықты баспанамен қамту, арендалық тұрғын үй сатып алу туралы жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттардағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндады.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы 20 көпқабатты тұрғын үйден 1628 пәтер сатып алынған. Аудан, қалалардан 1000-ға жуық баспана сатып алынады. Тағы 2469 пәтер республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа сатып алу көзделген. Аудан, қала тарапынан 3037 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.Салынып жатқан үйлердің сапасы қатаң бақылауда. Облыс басшылығы тарапынан құрылыс алаңдарын аралау барысында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасына баса мән беріп, жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

– Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, ауыл, қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстарын ширату керек. Құрылыс сапасын басты назарда ұстаңыздар. Әсіресе, республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойына инфрақұрылымды жетілдіріп, көпқабатты үйлер салған жөн. Сыртқы көріністері де бір үлгіде жасақталғаны жөн, – деді Дархан Сатыбалды. Бекітілген ережеге сәйкес, тұрғын үй құрылысына бөлінетін жер учаскелері аукцион арқылы тұрғын үй мақсатында бөлінеді. Құрылысшы тиісті құжаттар әзірлеп, тұрғын үйді салады. Дайын үйлерді әкімдік мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға ұсынады.

Сондай-ақ, осы жиында кіші жедел басқару орталығының жобасы таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен шарада Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, цифрландыру басқармасының басшы құрамы мен әкім орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты. Жаңа жобаны «Алтау смарт» ЖШС-нің коммерциялық директоры Исатай Жүнісов таныстырып өтті.

Жиын барысында цифрландыру, қауіпсіздік үшін қажетті соңғы үлгідегі цифрлық құрал-жабдықтармен жабдықтау мәселелері қаралды. Сонымен қатар аудандарға кіші жедел басқару орталығын құру бойынша ұсыныстар көтерілді. Шара соңында облыс әкімі құрылым басшыларына тапсырмалар жүктеп, жаңа жобаны зерделеуді жүктеді. Сондай-ақ тұрғындар қауіпсіздігін сақтау, қорғау бағытындағы бастамаларды қолдайтындығын айтты.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 22 рет